Ал Даңқ залында, Ұлы Отан соғысының батыры Ақәділ Суханбаевқа панорама жасалса, Мәдениет және өнер залында Байзақ ауданынан шыққан қазақтың маңдайалды азаматтары, ғылым, білім, спорт, өнер саласына еңбегі сіңген, мемлекеттік мәртебеге ие болған қайраткерлердің өмір тарихы, фотосуреттері, шығармалары орналасқан.
Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында музей тарапынан ұйымдастырылған экскурсия саны 13-ке жетсе, лекциялар саны 9-ды құрады. 8 көрме өткізіліп, оған қатысушылар 370 адамды құраса, музей қорына есепке алынатын экспонаттар саны 15-ке жетті.
«Мұражайы мен мұрағаты бар ел – келешегін ойлаған ел», – дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде бастау алған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 млн 372 мың теңгеге музей ғимаратына қосымша екі бөлме салынып берілді. Мекеме алды абаттандырылып, арба мен диірмен тастар, балбалтастар қойылды. Көрнекілік құралдары – «лайтбокс», стела ілініп, аудан орталығының ажарын аша түсті. Сонымен қатар музейдегі жәдігерлерге QR-код орнатылған.
Бұл дегеніміз, музейге келушілер бұдан былай планшет, смартфон, айфон секілді гаджеттердегі арнайы бағдарламаны сканерлеп, қазақ, орыс тілдерінде жәдігерлер жайлы толық мағлұмат ала алады. Ал жуырда музейімізде жағымды жаңалық болды. Бізде енді «аудиогид» қызметі жұмыс істейді. Яғни келушілер өз қалауы бойынша аудиогид қызметіне жүгіне отырып, музей ішін аралауларына болады. Мұнымен қоса «Байзақ баба», «Айша бибі», «Қарахан баба», «Тектұрмас» кесенелерінің шағын макеттерін жасаттық.
Сонымен қатар осы салада тәжірибелері бар ардагер аға-апаларымыз Әбутәліп Көшбаев, Тамара Мирамова, Д.Төлепбергенов және өкінішке қарай жақында ғана арамыздан кеткен, жақсы азамат Сапар Қалмұратовтың еңбегі зор. Міне, сол кісілердің ізін жалғай музейімізде білікті мамандар Төле Наржанов, Сания Мекемтасқызы, Айдана Шотбасова, Айнагүл Мамытбекова, Жамал Абдрахманова елеулі еңбек етіп келеді. Сонымен қатар жыл сайын «Музейге сый» акциясын ұйымдастырып, осының негізінде тұрғындар өздері келіп, жәдігерлерін тапсырып жатыр. Осы ретте, акцияға қолдау көрсеткен, атап айтқанда, Зәтекүл Молдабаева, Серік Балабеков, Маратбай Өскенбайұлы, Аят Әбілдаев, Гүлназ Әлімқұлова, Төлжан Рахманов сынды музей жанашырларына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Өсер НҰРБАЕВ,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры
Жамбыл облысы