Технология • 14 Маусым, 2022

Цифрлы өндіріс – озық өндіріс

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Цифрлы Теңізшевройл-2022» форумы өтті. Форумның мақсаты – цифрландыруды дамыту және одан әрі ынтымақтастық орнату үшін жаңа қазақстандық ІТ-компаниялардың мүмкіндігін қарастыру.

Цифрлы өндіріс – озық өндіріс

Форум жұмысына Энер­гетика вице-министрі Жанат Жахметова қатысып, Қазақстан Үкіметі тарапынан энергетика саласын цифрландыруға жә­не қазақстандық қамтуды дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді. Ол өз сөзінде ТШО-ның цифр­ландыруға деген сындарлы көзқарасының табысты болуы ІТ мамандары жұмысының бизнес-міндеттерді шешуге бағытталуында болып отырға­нын, бұл форум отандық ІТ компаниялар мен жер қой­науын пайдаланушылардың ара­сындағы ынтымақтастықты жолға қоюға септігін тигізетініне үміттенетінін жеткізді.

Компания мамандары форум қатысушыларына Теңіз кен орнында сәтті енгізілген инновациялық технологиялар туралы айтып берді. Мәселен, ТШО-ның барлық ав­токөлік паркі көлік қауіп­сіздігі интеллектуалды жүйе­сімен қамтылған. Ол дыбыс­тық сигнал беру арқылы жүр­гізушінің шаршау деңгейін ба­қылауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жазатайым оқиғаларды азайтуға және қызметкерлер қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

2020 жылы Кешенді технологиялар желіде (КТЖ) вир­­туалды зауыт (Virtual Plant) шешімі көмегімен нақ­ты уақыт режімінде бүкіл зауыттағы бақылау-өлшеу жаб­дықтарынының деректері біріктірілді. Нәтижесінде, сұйы­тылған көмірсутекті газ (СКГ) өндірісі көлемі ұлғайтылды. Цифрлы технологияларды қолдану арқылы Теңізде СКГ өндірісін ұлғайту ОРЕС+ шек­теулерінің орнын толтыруға көмектесті. Сонымен қатар қиындықтарды мүмкіндіктерге айналдыруға, цифрлы шешім­дер арқылы құндылықты құру тізбегін оңтайландыруға және өзгерістерге жылдам әрекет етуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ кәсіпорын қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі мамандары ТШО қамтушысы болу үшін ІТ компаниялар қандай қадамдар жасау керектігіне тоқталды. Фо­румда кәсіпорынның тех­ни­калық (техникалық менед­жер, NET әзірлеу­шілері, DevOps инженерлері, QA тес­терлері) және техникалық емес (өзгерістерді басқару ма­ман­­­дары, бизнес-аналитиктер (Business Analyst, Proxy Product Owners), әрі Low Code әзір­леушілері (PowerApps, PowerBI) рөлдерін орындауға қабілетті ІТ мамандарды қа­был­дауға мүдделі екендігі айтылды.

«Қазақстандық қамтуды арттыру – ТШО-ның басым бағыттарының бірі. Біз үшін отандық компанияларымен бірге жұмыс істеп, олардың дамуына күш-жігер жұмсау маңызды. Біздің мақсатымыз – ІT мамандарының үлесін барынша арттыру. Сол себепті форум қарсаңында «Цифрлы Теңізшевройл – 2022» атты Хакатон шарасын өткіздік. Берілген мәселенің оңтайлы ше­шімін тапқан командалар ТШО-мен келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие болды», деп атап өтті ТШО-ның цифр­ландыру бойынша чемпионы Марат Қуатов

Айта кететін жайт, Хакатонға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 30-ға жуық команда қатысты. Қазылар алқа­сы мүшелерінің бірі, ТШО-ның цифрландыру жөніндегі кеңесшісі Азидолла Қисметовтың айтуынша, шешім ғана емес, сонымен қатар компанияның жалпы даярлығы мен құзыреттілігінің деңгейі бағаланды.