Олар күре жолдың бойында орналасқан ауылдың кіре берісіне әп-әдемі қылып аялдама салып берді. Қызыл кірпішпен қапталған аялдама павильоны бейнебақылау камерасымен және жарықтандыру жүйесімен жабдықталған.
Осы игі істің басы-қасында жүрген белсенді азаматтың бірі Ақылзат Жүнісов сыныптастарының ауыл үшін аянбағандарын айтады.
– Автобус күткен адамдар суықта тоңбасын, жаңбырда су болмасын деп осындай аялдама тұрғызуды жөн көрдік. Бұл іске атсалысқан сыныптастарыма айтар алғысым зор. Туған ауылымыздың өсіп-өркендегеніне бәріміз де мүдделіміз және оған барынша үлес қосқымыз келеді, – дейді ол.
Жалпы, 650-ге жуық адам тұратын Жұмыскер ауылында түлектердің туған жерге сыйлық жасауы дәстүрге айналыпты. Ауыл әкімі Нұркен Арынов мұны елді, жерді сүйген патриотизмнің жарқын үлгісі деп санайды.
Ал Жұмыскердегі Абай Құнанбаев атындағы орта мектепті 1972 жылы бітірген түлектер бұдан бұрын да туған мекенге толымды тарту жасаған екен. Олар ауылға «Жан жүрегім Жұмыскер» деген жазуы бар құрылым сыйлапты.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Жұмыскер ауылы