Өнер • 14 Маусым, 2022

Ажалдан құтқарған ән

1086 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Дос-Мұқасан» десе «Той жыры», «Той жыры» десе «Дос-Мұқасан»... Әрине, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасанның» көкжиегін жалғыз әнге байлап қоюға болмайды. Қаншама халық әні мен ұлт композиторларының шығармаларын шырқаған әйгілі қазақ эстрадалық вокалды аспаптар ансамблінің атын шығарған әндер жетеді. Олар орындаған халық әндері арасынан «Он алты қызды» атаса да жеткілікті шығар. Ал авторлық әндері дегенде әуелі «Той жырына» тоқталмай кете алмаймыз.

Ажалдан құтқарған ән

Әрбір әншінің, әрбір топ, ан­самбль­дің төлқұжатына айналған туындылар бола береді. Аты шыққан қай әншіні қарамаңыз, әйтеуір бір әнмен жарқ ете қалады. Оған дейін де қаншама ән орындаған болуы мүмкін өнерпаз. Алайда халықтың көкейіне қона кеткен әлгі дүниесінен кейін не айтса да «өте береді». Ал сол туынды орындаушының автор­лық дүниесі болса, ол тіпті керемет. Айтуға келмейтін құбылыс емес пе? Біз атақты, атақты ғана емес, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі алғаш қай әнмен жарқ ете қалғанын тап басып айта алмаймыз, алайда халықтың көңілінен шыққан, көкейі­не орныққан туындыларының бірі – «Той жыры» ансамбльдің авторлық шығармасы, өз дүниесі екенін білеміз. Өнер тарихында бұл көп кездесе бермейтін құбылыс. Әні де, сөзі де сол ансамбль мүшелерінікі және сол ансамбль өкілінің үйлену тойының құрметіне шығарған дүние күллі халықтың рухани қазынасына айналып шыға келгені қандай ғаламат. Жетпісінші жылдардың басынан бері бұл ән мыңдаған десе аз болар, миллиондаған жастың үйлену тойында шырқалып, күні бүгінге дейін шаңырақ көтерген жас жұбайлар шаттығын шалқытуда. Баяғы сөз, баяғы мақам, баяғы музыкалық мә­нер мен аспаптық сүйемел әлі сол қалпында өзгермеген. Заманына қа­рай музыкалық сүйемелі (оранжиров­ка) өзгеруші еді ғой. Мұнда сәл-пәл ғана демесеңіз, ол бастағы нұсқа бұзылмаған. Халық­тың көкейіндегісін тап басып, тіпті көкейіне орнығып қалғаны осыдан да білінеді.

Онсыз да қазақ аспанында қа­лық­тап, онсызда елдің көңілін көтеріп жүрген әннің шығу тарихы­нан бұрын мына жағдайға тоқталғымыз келеді. Заманында бұл әнді білге­нінің арқасында өлім жазасынан құтылғандар да бар екен-ау. Ән халықтың көңілін көтереді, жанын тербейді, рухын шынықтырады, тіпті Абайша айтқанда «ұйықтап жатқан жүректі оятады». Ал ажалдан құтқарды дегенді естігенде...

Оқиғаны осы «Той жырының» сөзін жазған Ұлықпан Сыдықов былай әңгімелейді: «Досым Сүлеев («Дос-Мұқасанды» құрушылардың бірі) алпысқа толғанда ансамбль мүшелері ресторанда бас қосып отыр едік. Досым Сүлеев, Мейірбек Мол­дабеков, Ұлықпан Сыдықов бар. Шағын дастарқанда отырғанда зор де­нелі, үлкен орыс жігіті рұқ­сат сұ­рап кіріп келді. Әлгі орыс Мәс­кеу­ден келіпті. Алматыда жү­ріп «Дос-Мұқасанның» жігіттері бас қосып жат­қанын естіп, тауып алған беті екен. Сол орыс жігіті: «мен офицер ретінде орыс-чешен соғысына қатысқан адаммын. Соғы­сып жүріп қасымдағы жолдасым екеуіміз тұтқынға түсіп қалдық. Жа­ным­дағы жігіт: «мен Қазақстанда Петропавлда туып-өскенмін», дейтін. Бірақ мен ол әңгімесіне мән бермегенмін. Тұтқындағы екеуі­мізге қарата чешендердің коман­дирі өз тілдерінде айтса да біз түсініп жатырмыз: «Мына екеуіне оқ шығындамай-ақ бастарын ке­сіп лақтырып жіберіңдер», деп бұйыр­ды. Чешен басшысы солай бұйырып, бұрылып кете барғанда қасымдағы жігіт шыр ете қалды: «мен Қазақстаннанмын», деп. Ол кезде қатардағы екі чешен пышақтарын жалаңдатып бізге тақала берген. Тағы да қаттырақ айқайлап еді, әл­гі чешеннің командирі бұрылып келіп: «Қазақстаннан екеніңді қа­лай дәлелдейсің?», деді. Сол кезде байлаудағы серігім қазақ тілінде «Той жырын» аңыратты да жіберді. Бірінші шумағын қайыра бергенде, сол жерде тұрған чешендердің барлығы әнді қосыла шырқай жөнелді. Сонда командир тұрып: «ана ән айтқан қазақстандық орысты босат» деп бұйырды. Оны естіген серігім: «оны өлтіретін болсаңдар, мені де қоса өлтіре салыңдар», деді. «Олай болса екеуің де босатыңдар. Бірақ екеуің бұдан былай чешендерге қарсы қару көтермейсіңдер, оқ атпайсыңдар» деп уәдемізді алып мені де босатты. Жейтін тамақ, қал­тамызға ақша салып берді де: «бұл жерден тайып тұрыңдар. Бұдан былай бізге жоламаңдар», деді. Осы­лайша осы ән арқасында біз бір ажалдан аман қалдық, сіздерге алғыс айтып, соны жеткізгелі келдім», деген.

«Махаббаттың құдірет күшінен» туған әннің әсері осындай болса керек. 70-жылдары АҚШ-та өткен халықаралық жастар фестивалінде америкалықтарды түрегеп тұрып қол соқтырған халық әні «Назқоңыр» мен «Би-Би-Си» радиосының алтын қорында сақталған «Той жыры» қазақ өнерінің інжу-маржаны деуге хақылымыз. 

1970 жылдың 10 қазанында «досмұқасандық» Мұрат Құсайы­нов үйленетін болады. Ансамбль мүшелері бірауыздан «ән шыға­райық» дейді. Содан әрқайсысының сабақтан қолы тимей кетеді де, той болатын күні сағат 13:00-де Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықов жатақханада кездесіп, не қыламыз деп бастарын қасып аз отырады. Амалы құрыған ақын Ұлықпан сол жерде аяқ астынан өлеңін жазып, Досымға береді. Гитарасын ала салып ол да ыңылдап отырып, әнін шығарады. Осылайша жарты сағаттың ішінде дүниеге «Той жыры» келеді. Сол күні «Ромашка» кафесінде кешкі сағат 5-те той бас­талып, ансамбль жігіттеріне сөз бер­генде, Мұрат пен Сәбираның үйлену тойына арналған әнді алғаш рет Мейірбек Молдабеков шырқап шығады. Содан бастап бір жылдың ішінде бұл ән қазіргі тілмен айтқанда хит болады.

Шартарапқа тараған шаттық әні о баста шашу ретінде шыққанын кім білген?! «Махаббаттың құдірет күші» деген осы!