«Биыл 23 мыңға жуық халқы бар 11 ауылды орталықтандырылған ауыз сумен және 39 ауылды кешенді блок-модульдермен қамту жоспарланған. Алдымызда Мемлекет басшысының 2025 жылы халықтың 100 %-ын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Дегенмен қабылданып жатқан шаралар арқылы бұл көрсеткішті 2023 жылы орындауды мақсат етіп отырмыз. Осы жылдың соңына дейін облыс тұрғындарының 93,4%-ы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі», деді облыс басшысы.
Былтыр Ақтөбе облысында 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй беріледі деп жоспарланған.
Осы жылы 580 шақырым жол жөнделіп жатыр. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен 34 млрд теңге қарастырылса, оның 20 млрд теңгесі жергілікті жолдарды жөндеуге, ал 14 млрд теңгесі ауыл-қала көшелерін жөндеуге бөлінген.
Өткен жылдан бастап мал азығын субсидиялау жобасы қолға алынды. Соның нәтижесінде былтырғы қуаңшылықта мал басын сақтап қалуға мүмкіндік болды. Қазіргі кезде шаруалар жем-шөп қорын дайындауға ірі қара басына 30 мың, әр жылқы басына 20 мың теңге қаржы алып отыр. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына, соның ішінде шаруа қожалықтарына газ, су құбырларын тарту жүйелі түрде қолға алынды. Биыл майлы дақылдар егістігі және көлтабанды суармалы шаруашылықтар саны көбейтіліп, мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарын салу жоспарланып отыр.
Брифингте журналистер Ақтөбе темірқорытпа зауытының ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарын азайту, Алға химия зауытындағы «тарихи химиялық» қалдықтарды көму, Көкжиде тұщы су қорын сақтау, Ақтөбе қаласындағы жағымсыз иісті жою, қаладағы кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары, тоқтап қалған өзен арналарын кеңейту жобасы туралы сұрады.
2017 жылы Ақтөбе қаласының төңірегіндегі 8 өзеннің арнасын кеңейту жұмыстары басталып, 2019 жылы жергілікті экобелсенділердің талабымен тоқтатылған болатын. Олар тазалау жұмыстары сапасыз жүргізілгендіктен, өзен арналары тартылып, жағалаудағы бұлақ көздері көміліп қалды деген талаппен облыстық прокуратураға шағым түсірген. Мердігерлерді Елек, Қарғалы өзендерінің жағасында өсіп тұрған Қызыл кітапқа енген ағаштарды заңсыз кесіп тастады деп айыптады. Өңір басшысының айтуынша, қазір осы жобаға түзету енгізіліп жатыр. Кешегі сәуірдегі су тасқыны кезінде арналары кеңейтілген жерлерде бұрынғыдай жағалаудағы үйлерді су басу қаупі төнген жоқ. Өңір басшысы кезінде жағалауды кеңейту жобасына үзілді-кесілді қарсы шыққан белсенділерді су басу қаупі бар жерлерде тұратын жұртшылықпен сөйлесуге шақырды.
Брифингте қаңғыбас иттердің 12 жастағы баланы талап жазым етуіне байланысты қабылданған шешімдер туралы сұрады. Жас баланың өміріне балта шапқан осы оқиғада үлкендердің жауапсыздығы мен заңның солқылдақтығы, мамандардың өз жұмысын дұрыс атқармауы да себепші болды. Мұндай оқиғаның енді қайталанбауы үшін қазір барлық жерде қаңғыбас иттер мен мысықтардан тазарту жұмыстары басталды.
Ақтөбе облысы