Аймақтар • 15 Маусым, 2022

Ассамблеяға жаңа міндеттер жүктелді

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде зиялы қауым өкілдері бас қосып, жаңа міндеттер мен бастамаларға жол ашқан Жаңа Қазақстанның болашағы жайлы пікір алмасты.

Ассамблеяға жаңа міндеттер жүктелді

Іс-шара өткен Достық үйінің ғима­раты осыдан 50 жыл бұрын іргетасын қалаған. Осы мерейлі күнтізбеге орайлас­тырған жиында қазақ және өзге ұлт өкілдерінен шыққан ақын-жазушы­лар­дың қазақ және өзге тілдерге аударыл­ған шығармаларынан көрме ұйымдас­тырылды. Алматыдағы зиялы қауым, шығар­машылық өкілдері бас қосқан алқалы жиынға ҚХА Төрағасының орын­ба­сары Марат Әзілханов, Мемлекет бас­шы­сының кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты.

Жиын барысында ұлт ұлылығының қайта жаңғырып, мемлекеттің нығайып, күш алуына Қазақстанның әрбір жас азаматы мүдделі деген мәселелер қозғалды. Ассамблеяға елдің жаңа имиджін және ұлттың жаңа бірегейлігін қалыптастыруға үлес қосу, қоғамдық дипломатияны дамыту мен достық елшілерінің корпусын кеңейту сияқты міндеттер жүктеліп отыр. Сондай-ақ кездесу шеңберінде этно­мәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл­дың өзекті тұстары да айтылды. ҚХА тарапынан кез келген уақытта іс-қимыл кезеңдеріне дайын екендігі айтылды.

Жиын барысында сөз тізгінін алған Мәлік Отарбаев референдум нәти­жесі қазақстандықтардың ішкі мәдение­тінің, саяси мәдениетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін, саяси өзгеріс­терді қалайтынын, сонымен бірге ел бо­лашағына деген алаң көңілін де көрсеткенін айтты. «Қоғамдағы өзгерістерді ел көріп-біліп отыр. Билік пен қоғам арасындағы сенімсіздік синдромы сейіле түсті. Халықтың саяси мәдениеті мен көзқарасы да өзгерістерге қарай бейімделіп, жоғарылап келеді. Демек бұл қоғамдағы саяси мәдениеттің қалыптаса бастағандығының белгісі болса керек. Бірлігімізді сақтай отырып, саяси мәдениетімізді дамыту маңызды», деп атап өтті М.Отарбаев.

«Вайнах» чешен-ингуш орталығының мәдениетті дамыту қауымдастығының тең төрағасы Мурад Ахмедов өз сөзінде референдум нәтижесі тек мемлекеттік құрылымды, билік жүйе­­сін ғана емес, қоғамдық санадағы өзге­рістерге де себеп болуы тиіс екенін айтты.

«Тәуелсіздіктен бергі уақыттағы саясат Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдеріне қысым көрсетті деп ешкім айта алмайды. Керісінше егемендік жекелеген ұлттардың мәдениетті дамыту қауымдастығы арқылы ұлттық мәдениетін дамытуға мүмкіндік берді. Ендігі жерде ҚХА мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамытуды басты бағдарға алуы тиіс. Тіл мәселесінің айтылып келе жатқанына 30 жыл болды. Осы уақыт аралығында өмірге келген бала 30 жастағы ат жалын тартып мінген азамат болды. Тілдің саясат шеңберіне сыймайтын нәзік құбылыс екеніне бәріміз куә болдық. Ендігі жерде Қазақстанның мемлекеттік тілі осы елде тұратын барлық ұлт пен ұлысты біріктіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын тіл екенін дәлелдейік» деп сөзін түйіндеді М.Ахмедов.

 

Алматы