Бұған дейін де облыс орталығындағы шешімін таппай келген өткір тақырып қала маңындағы елді мекендерге қатысты еді. Шынымен, Талдықорғанның іргесіндегі саяжайларда проблема шаш-етектен. Соның ішінде ауыз су, газ, электр желісі, жол инфрақұрылымдарының болмауы, мектеп пен дәрігерлік амбулатория жетіспеушілігі тұрғындарды жиі мазалайды. Жалпы, саяжайларды қойып, қаланың өзінде сумен жабдықтау жүйесінің 62 пайызы, кәріз жүйелерінің 64 пайызының тозығы жеткен. Мемлекет бұл мәселемен айналысуда. Мысалы, былтыр қалаға қарайтын «3-бөлімше» аталатын аймақта ауыз сумен қамту жүйесі салынса, биыл «Ұлан» әскери қалашығына, Еркін ауылдарына ауыз су тарту жұмыстарының құрылысы басталмақ. Саяжай аумақтарын газдандыру жайы да сын көтермейді. Қазір қаланың өзінде 30 мыңдай абонент қана көгілдір отын желісіне қосылған. Енді коттедж қалашығын, басқа да бірнеше елді мекен мен саяжай массивтерін газдандыру ісі күн тәртібінде тұр.
Күн тәртібі демекші, қала маңындағы 20 мың адам тұрып жатқан 12 саяжайды инфрақұрылыммен қамтып, абаттандыру жұмыстарын жалғастыру кезек күттірмейді. Қазір «Ключи», «Алмалы», «Қаратал» саяжай бірлестіктеріне ұзындығы 29,7 шақырым болатын ауыз су жүйесі тартылған. Ал «Үйтас» саяжайының 4,4 шақырым жолы жөнделіп, «Шайқорған», «Агропромышленник», «Мерекелік» саяжайларының 39 көшесіне қиыршықтас төселді. «Үйтас» пен «Қызыл тас» бірлестігінің негізгі көшелері жарықтандырылды. Биыл «Ащыбұлақ» саяжайына ауыз су жүйесін тартуға 206,4 млн теңге қаржы бөлінді. Енді «Қызыл тасқа» су құбырын жүргізу бастамасы қарастырылып жатыр.
Соған қарамастан тұрғындар облыс әкімдігіне саяжайларға қатысты көптеген сауал қойып отыр. Мәселен, үйтастықтар электр жарығын тарту, жол жөндеу, мектеп салу қажеттігіне, суармалы судың жетіспеушілігіне, орнатылған камералардың жұмыс істемейтініне шағымданса, Пригородный ауылының тұрғындары 2020 жылы тартылған газ құбыры әлі күнге іске қосылмағанын, ауылға жүретін №16 автобустың қатынау жиілігін ұлғайту және үлкен автобус шығару керегін айтады. «Қызылтас», «Мерекелік» саяжайларының азаматтары да осы мазмұндағы мәселелерді жиі көтереді. Демек Жетісу облысының әкімі болып жаңадан тағайындалған Бейбіт Исабаев мырзаның алдағы жұмысына сын болатын мәселе жеткілікті.
– Қала маңындағы саяжайларда 6 269 тұрғын үй бар. Онда барлығы 20 мың адам тұрады. «Алматы», «Ащыбұлақ», «Қызылтас», «Мерекелік», «Үйтас» саяжай қоғамдары бойынша жоспарлау жобалары әзірленіп, бекітілді. Шайқорған, «Сарыарқа» және «Қаратал» саяжайларына инфрақұрылым тарту бойынша шаралар жүргізілуде. Ал қала мен қала маңындағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табады. Бүгінгі таңда газға 28,5 мың абонент қосылған. Қаланы газдандыру жобасы 4 кезеңге және 22 іске қосу кешеніне бөлінген. Бірінші кезең бойынша 5 327 абонент, екінші кезең бойынша 15 792, үшінші кезең бойынша 4 260, төртінші кезең бойынша 2 897 абонент көгілдір отынға қосылады. Газға қосылу құны 300 мың теңгеден 920 мың теңге мөлшерінде, – дейді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.
Жалпы, бұған дейін облыста 215 мыңнан астам адамның саяжай бірлестіктерінде тұратыны айтылған. Яғни Талдықорғандағы жағдай осынша адамның бәріне ортақ мәселе екені анық. Оның ішінде инфрақұрылым мәселесі бірінші орында тұр. Әрине, бұл жағдайды түбегейлі шешу үшін алдымен саяжайларға елді мекен мәртебесі берілуі керек. Ал ол үшін әкімдік қаланың бас жоспарын қайта әзірлеуге тиіс екен. Бұл уақыт пен ақшаны және Үкіметтің келісімін қажет етеді. Яғни алдағы кезеңде Талдықорған қаласының маңындағы саяжайлардың ғана емес, тұтас облыс аумағындағы жаңғыртуды қажет ететін ауылдардың жағдайын оңалту – өңір тұрғындарының заманға сай өмір сүруін қамтамасыз ету ғана емес, тұтас еліміздегі қордаланған әлеуметтік проблемаларды жоюдың да алғышарты болмақ.
Жетісу облысы