Түркістанда БҰҰ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында әйел құқықтарын қорғау бағытында облыс әкімдігінің тапсырысымен әзірленген стратегияға жоғары баға берілді. Облыстық басқарма өкілдері, БҰҰ және ЮНФПА өкілдері қатысқан жиын барысында, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту және болдырмау бойынша ұсыныстар айтылды. Түркістан облысы көпбалалы аналар саны бойынша елімізде көш бастап тұр. Әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбек етуде. Өңірде шамамен 145 мыңнан астам кәсіпкер болса, 45 мыңға жуық шағын және орта бизнеске әйелдер басшылық етеді. Әсіресе, қыз-келіншектердің басым бөлігі білім беру мен денсаулық саласында жұмыс атқарады. Жиында талқыланған мәселелердің маңыздылығын атап өткен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов алдағы жоспарларға да тоқталды. «Балаларды жан-жақты дамыту үшін спорт, шығармашылық үйірмелерімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Прокуратурамен де жұмыс белсенді. Жасөспірімдердің денсаулығы, дамуы біз үшін маңызды. Әйелдер қауымына арнайы ұсыныстар мен жобалар әзірленген. «Оқушылар сарайында» әйелдерге тегін қолөнер сабағы өткізіліп, олардың өзіне кәсіп ашуына мүмкіндік жасалуда. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы әйелдердің кәсіпкерлікпен шұғылдануына қолдау көрсетіліп жатыр», деді облыс әкімінің орынбасары. Ал Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Түркістандағы кесенені көру үлкен рухани сезім сыйлағанын айтып өтті. «Түркістан облысымен әріптестік жоғары деңгейде дамып келеді. Атқарылып жатқан жұмыстар көңілімізден шығады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатымыз бар. Әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық – жаһандық проблема. Мұнымен үздіксіз күрескен жөн. Біз «Көмек» деген кризистік орталыққа бардық. Ол жердегі болашағына деген үміті бар және балаларына деген сүйіспеншілігі ерекше аналардың бейнесі бізді елжіретті. Бұл орталықтардың маңызы үлкен. Сондықтан сол жобаның басқарушыларына, облыс әкімдігіне және осындағы барлық әріптесіме алғысым шексіз», деді Микаэла Фриберг-Стори.
Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару мақсатында Түркістанда БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестіруші кеңсесі, ЮНФПА, «БҰҰ – әйелдер» құрылымы және STEPPE интернет-басылымының бірлескен іс-шарасы – «Кәдімгі заттар» көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияда бір қарағанда қарапайым болып көрінетін заттардың әрқайсысының артында зорлық-зомбылыққа тап болған, ал кейбір жағдайларда оның құрбаны болған адамның шынайы тарихы жатыр. Сондықтан бұл көрмені халық саны көп Түркістан облысында өткізу таңдалған. «Гендерлік зорлық-зомбылықпен күресуге арналған көрменің Нұр-Сұлтан мен Женева қалаларынан кейін Түркістанда ашылғанына қуаныштымыз. Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық пен гендерлік теңдік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ведомствоаралық әрекет ету жүйесі сынақтан өтті және 2021 жылы Түркістан облысының тәжірибесі Орталық Азия елдеріне арналған кеңесте таныстырылды. Көршілес елдер тарапынан қызығушылық байқалды. Зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау жөніндегі өңірлік қызметтер құрылды. Ана мен бала құқығын қорғау, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасалуда. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тиісті қаржы бөлініп, облыста екі дағдарыс орталығы жұмыс істеп жатыр. Қосымша үш дағдарыс орталығын ашу жұмысы жүруде. ЮНФПА-ның техникалық қолдауымен тиімді жұмыстар атқарылып келеді», деді Сәкен Қалқаманов.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори мен Канаданың Қазақстан Республикасындағы елшісі Алан Хамсон және БҰҰ өкілдерінің Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуінде өңірдің тарихы, алдағы даму жоспары баяндалды. «Жалпы, қазақ – анасын құрметтеген, қыз баласын қадірлеген халық. Облыста көпбалалы аналарымыз көп. Қыз-келіншектер кәсіпкерлік саласынан бастап жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызмет атқарып жүр. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді», деді Өмірзақ Шөкеев. Ал елші Алан Хамсон екі ел арасындағы әріптестік жоғары деңгейде екеніне тоқталса, Микаэла Фриберг-Стори гендерлік саясатты жүргізуде Түркістан өңірінде үлгі аларлық істер бар екенін жеткізді.
Түркістан облысы