Білім • 16 Маусым, 2022

Ерте тұрғанды байытатын оятқыш

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жасаған жобалар қос байқауда үздік шықты.

Ерте тұрғанды байытатын оятқыш

Жақында халықаралық IT-стартаптар технопаркі алғаш рет Caspian Startup-2022 халықаралық байқауы ая­сын­да ұйымдас­тырған Demo Day іс-шара­сы өтті. Жаңа жобаға қатысушы NIS оқушылары әуелі үш ай бойы AstanaHub-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірлеген болатын. Кейін үздік шыққан жоба авторлары өз туындыларын көрсетіп, қорғау үшін Ақтау қаласына жиналды.

Demo Day алаңына шық­қан жобалар ішінде Оралдағы NIS командасының «NFT-оятқыш L7RK» стартапы үздік деп танылды. Бұл жоба өте қызық: ұйқыдан ерте тұрған адам бай болады! Оралдық өнертапқыштар жа­саған NFT сағаты өз қо­жа­сын ұйқы­дан ерте оятады. Арнайы тексе­рістің көмегімен иесінің ұйқы­дан тұрғанына көз жеткізген соң, бағдарлама оған токен (криптовалюта) есептейді. Осылай жиналған қаражатты иесі цифрлық долларға айырбастап немесе басқа цифр­лық әмияндарға аудара алады.

«Бұл жобаны жасаған команданың әр мүшесінің өз міндеті бар: Адэля Шәу­кенева топ көшбасшысы болса, Алмас Сапаров пен Аза­мат Оразғали – мобильді жа­сақ­­тауға жауапты, Ернұр Нәсіпқа­ли – веб-дизайнер жә­не фронтенд, Абы­лай Мә­­­метан – аналитик маман», дейді орал­­дық NIS бас­­па­сөз хатшысы Айдана Ха­ми­дуллина.

Жеңімпаздар мобильді қо­сым­шаны әзірлеп болып, енді AstanaHub-тың Block­ChainBattle-де бақ сынап көрмек. Өнер­тапқыш ұл-қыз­дар­дың жетекшісі, мектеп мұғалімі Орал Қыдыршаев осындай байқаулар оқушы­ларды өз ісін қалай бастауға, өз өнімін таныстыру және компаниялармен қарым-қатынас орнатуға үйрететінін айтады.

а

Тағы бір жаңалық – ко­ман­даның белді мүшесі Алмас Сапаров кеше ғана INFOMATRIX-ASIA ха­лық­­аралық конкурсында пнев­монияның бар-жо­ғын лезде анықтайтын ChestXRayAl қосымшасы үшін алтын медаль иеленді. Бұл байқауға Қазақстанмен бірге Түрікменстан, Тәжік­стан, Қырғызстан және басқа елдердің өкілдері қатысқан болатын.

Радиологтерге қолғанат болатын осындай бағдарлама жасау идеясы авторға пандемия кезінде келген екен. Ол үшін медициналық орта­лықтардан жиналған 6 мыңға жуық рентген суреті бар базаны пайдаланып, визуалды кескіндерді өзі талдай алатын конволюционды нейрондық желі жасалған.

– Бұл бағдарлама рент­ген суреті арқылы өк­пе қабы­нуын 92 пайыз дәлдікпен анық­тайды. Маман­дар әр суретті қарап, кеңе­сіп, диагностика үшін 15 минут жұмсаса, ChestXrayAI жасанды интеллектісіне бір­неше секунд жеткілікті, – дейді Ал­мастың ғылы­ми жетекшісі, мектеп мұғалімі Борис Зеленов.

 

Батыс Қазақстан облысы