Қазіргі таңда Шығыста жоғары технологиялық медициналық көмектің 27 түрі көрсетіледі. Биыл соңғы бес айда ғана аталған технология әдісімен 170 операция жасалған. Жоғары технологиялық медициналық көмек деп отырғанымыз, кеспей-тілмей ота жасау. Бұл әдістің бір тиімділігі – науқастар үшін аса қауіпті емес. Дәрігерлердің де қолы ұзарған. Мәселен, жуықта ғана Ана мен бала орталығында урологиялық аурулар анықталған бір жастан он бір жасқа дейінгі 11 балаға заманауи әдіспен операциялар жасалды. Ол үшін «UMC» корпоративтік қорының «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ балалар урология бөлімшесінің меңгерушісі, балалар уролог-андрологі, медицина ғылымдарының кандидаты Ардақ Айнақұлов Өскемендегі әріптестеріне практика жүзінде шеберлік сағаттарын өткізді.
– Урологиялық аурулардың біріне операция жасадық. Ауыз қуысының шырышты қабатын қолдана отырып, уретраның жетіспейтін бөлігіне операция арқылы жалғанады. Бұл операциялар шеберлік сыныбында жас дәрігерлерге көрсетілді, – дейді А.Айнақұлов.
Сондай-ақ білікті дәрігер шеберлік сағатында қуыққа түскен тастарды бөлшектейтін бірегей аппарат Auriga XL көмегімен несеп-тас ауруы бар балаларды емдеуді үйретті. АҚШ шығаратын бұл лазерлік литотриптор Ана мен бала орталығында ғана бар. Демек хирургиясыз қуықтағы тастарды ұсақтауға болады.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің дамығаны сондай, мидағы ісікті де кеспей-ақ алып тастауға болады екен. Шығысқазақстандық дәрігерлер оны да меңгере бастады.
– Жүйелі түрде өткізіліп тұратын шеберлік сабақтарының нәтижесінде үлкен жетістіктерге жеттік. Бұрын мидағы ісікті алу үшін бас сүйекті кесуге тура келетін. Қазір мұрын қуысы арқылы ісікті алып тастай аламыз. Бұдан былай жоғары технологиялық көмектің бұл түрі біздің өңір тұрғындары үшін қолжетімді болады, – дейді облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина меңгерушісі Жандос Уап.
Айта кетсек, медицина қызметкерлері күні қарсаңында мұндай операция Шығыс Қазақстанда алғаш рет өтті. Нейрохирургтердің пікірінше, ең қиын, ең күрделі операция осы екен. Шығысқазақстандық хирургтердің шеберліктерін шыңдау үшін Өскеменге Нұр-Сұлтан қаласының «Ұлттық нейрохирургия орталығының» трансназальды эндоскопиялық нейрохирургия бөлімінің нейрохирург-дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Данияр Телтаев келген. Екікүндік шеберлік сыныптарында мұрын арқылы ми ісігін алып тастаудың бірқатар операциясы жүргізілді.
Операцияға алынған төрт науқас та облыс тұрғындары. Олар бірнеше жыл бойы көру қабілеттерінің нашарлауына шағымданған. Окулистер де тексере келе мида ісіктің барын айтқан. Оны МРТ тексерулері де растаған екен. Білікті дәрігерлердің айтуынша, сәл кешіксе, көздері мүлдем көрмей қалуы мүмкін еді.
– Бас-сүйекті жарақаттамай мұрын қуысы арқылы ісікті кесіп аламыз. Бұған Өскемендегі нейрохирургтердің қабілеттері жеткілікті. Егер, операция сәтті аяқталса, пациенттердің көру қабілеті қалпына келеді, – деп атап өтті нейрохирург дәрігер Данияр Телтаев.
Жыл соңына қарай жоғары технологиялық медициналық көмектің тағы 14 түрі енгізілмек. Бұл үшін онкология орталығына, облыстық ауруханаға, Ана мен бала орталығына қосымша жаңа медициналық құрылғылар сатып алынады. Ал заманауи құрылғылардың тілін түсіну үшін 19 дәрігер Израильде біліктіліктерін көтеріп келмек.
Шығыс Қазақстан облысы