Ахмет Байтұрсынұлы • 20 Маусым, 2022

Сартүбектегі «Ахметтің үйі» көне жәдігер емес

709 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына дайындық шаралары аясында ұлт ұстазының Сартүбектегі үйін жаңартуға биыл 22 млн теңге қаржы бөлінген. Осылайша, тендер жарияланып, оны ұтып алған мердігер компания мамырда жұмысқа кірісіп кеткен-ді. Артынша жергілікті тұрғындар құрылысқа сапасыз материалдар пайдаланылып жатқаны туралы видео жариялады. Әлеуметтік желіде үлкен дау туғызған видеодан үйдің іргетасының жоққа тән екенін, қабырғаға қаланып жатқан кірпіштердің қолмен ұстаса үгітіліп кете беретінін көруге болады.

Сартүбектегі «Ахметтің үйі» көне жәдігер емес

Кешікпей құрылыс басына арнайы барған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті тұр­ғындармен кездесіп, сол жерде көпшіліктің көзінше жауапсыз мердігермен ат құй­рығын кесісіп, құ­ры­лысты тоқтату туралы шешім қа­былдаған. Бюджет қаржысы мердігердің шотына әлі түсіп үлгермегендіктен, іс сотқа дейін жеткен жоқ. Өңір басшысы үйдің ендігі жобасы да, құрылысы да өзгеше болатынын, құрылыс жұмыстары қыркүйекке дейін аяқталатынын мәлімдеп, кері қайтты.

Осыдан кейін көпшіліктің көңілі орны­на түскендей болып еді, сапасыз бас­талған үй сүріліп тасталған соң, тағы шу шықты. Бұл жолы наразы жұрт көнеден жеткен жалғыз жәдігер – Ахметтің үйі еді, әкім-қаралар келді де құлатып тастады деп жар салды. Сартүбектегі үйді жоқтаушылардың бірі – Ахмет Бай­тұр­сынов ауылының қадірлі ақсақалы Әбді­салық Жақсымбетов қария.

– Бұл жалғанда салынып жатқан ғимараттың құлауы Ахметке тап болды. Ахметтің үйін құлатты. Кезінде бұл үйді Байтұрсынның өзі салған іргетастың үстінен көтергенбіз. Іргетасы шымнан қаланған. Оның үстіне біз ақ кірпішпенен шалаш тұрғызып едік. Ал олар сол іргетасты шалашымен қосып тып-типыл етіп, трактормен қырып тастапты. Айналайындар-ай, Ахметтен қалған ең соңғы ескерткіш – Ахметтің осы жұрты еді ғой. Егер құрылысшыларға өздері әкелген кірпіш керек болса, соны ғана бұзып, ескі үйді неге орнында қалдырмады? Бұл тарихи жәдігер ғой. Жаңа ғимаратты анау жоғары жаққа салып, ескі үйді өз орнында қалдыру керек еді ғой. Мынау Ахметтің туған үйі деп көрсетсек, балаларға үлкен ескерткіш болатын еді. Енді, міне, Ахметтен қалған ең соңғы ескерткіштен айырылып қалдық. Құрылыс басында болғанымда, мұны істетпейтін едім. Мен көзіме ота жасатып, бір жарым айдан бері Қостанайда жаттым. Осыдан екі-үш күн бұрын кел­­дім. Әкім-қаралардың неге бұлай іс­те­генін түсінбеймін, – деп кейіді Әбді­салық ақсақал.

Әлеуметтік желі тағы бұрқ ете қал­ды. «Бұл не деген масқара! Ахметті құрмет­тей алмасақ, қайтып ел боламыз?!» деушілер көбейді.

Ал Ахмет үйінің тарихынан жақсы хабардар бірсыпыра жұрт «Әй, осылар Ахмет атамыздың үйін ақыры салдырмай тастамаса болды. Арты жақсы болса игі» десіп, қазіргі қоғамда бос байбалам-шуға еліккіш топтың белең алып кеткеніне өкініш білдірді.

Бұл кісілердің сөзіне қарағанда, Сар­түбекте 1960 жылдарға дейін сиыр фер­масы болған. Ферма қорасының, баздар­дың орнын әлі күнге дейін кездестіруге болады. Тоқсаныншы жылдары Ахаң ақталып, алғаш экспедиция келе бас­та­ған­да, сол кезде ауыл басқарған Рақым­жан Бектұрғанов есімді ақсақал Бай­тұрсын үйінің орнына екі қатар етіп саман кірпіш қалатыпты. 2010 жылы сол маңайдағы екі ауылдың тұрғындары бірігіп, екі қатар саманның үстіне қазіргі үйді көтереді. Сондықтан бұл үй – сол жердегі халықтың асарлап жүріп қолдан кірпіш құйып, сол кездегі бар мүмкіндікті пайдаланып жоқтан бар жасап тұрғызған үйі. Әуел баста сыртқы қоршауы да болмапты, кейінірек Арқалық қаласында тұратын Абыл Ерденов деген азамат келіп, қоршап кетеді.

Кейін ел ішінде «Ахаңның үйі осы» деп айтыла бастағанда, бұған аудан әкімдігі де назар аударып, айналасын абаттандырып, коммуналдық меншікке алады. Жергілікті маңызға ие киелі нысандар санатына енгізеді. Күтімін ауыл әкімдігіне жүктейді. Үйге электр сымы тартылады. Бірақ сырт көзге жүдеу көріне­тін жұпыны ғана үй бүгінге дейін көшкен малшының қыстауда қалған қоржын тамы секілді қаңырап бос тұрды.

Үйдің тарихын жақсы білетін аза­маттың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы ауы­лының тумасы, осы үйдің іргесі алғаш қалана бастағаннан-ақ үзбей хабар жасап, Ұлттық арна арқылы ақпарат беріп келе жатқан белгілі тележурналист Дәуренбек Әбдібек.

– Ауыл тұрғындарының айтуынша, Сартүбектің Байтұрсын атамыздың қонысы болғаны рас. Ахаңның сол жерде дүниеге келгені де рас. Бірақ нақты қазіргі үй тұрған жерді Байтұрсынның үйінің орны осы деп шұқып көрсеткен адамды мен кездестірген жоқпын. Яғни дәл сол орынды Байтұрсын атамыз тұрған жер деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Мен алғаш үй салынған жылы барып хабар жасадым. Сонда көзім жеткені, осы жердің Байтұрсынның қыстағы болғаны және Ахаңның осы жерде дүниеге келгені анық болғандықтан, Рақымжан Бектұрғанов деген ағайымыз саман құйдыртып екі қатар етіп іргетас қалатады. Яғни ол нақты Байтұрсынның үйі емес, кезінде сырттан келген қонақтарға Байтұрсын атамыздың үйі осы деп көрсететіндей рәміздік сипатта тұрғызылған ғимарат. Кезінде ауыл тұрғындарынан «Дәл Байтұрсынның үйі мына төмпешіктердің қайсысы екенін бір Құдай білсін» дегенді де естігем. Өйткені үйлердің орны тек жай төмпешік болып қалған. Кейін Байтұрсын Ілияс ағамыз бастаған экспедиция Сартүбекке келгенде, міне, Ахаңның үйінің іргетасы осы деп көрсетеді. Қазір кейбір мұражайларда Ахаң үйінің іргетасынан алынған кірпіш деген жазуы бар экспонат-кірпіштер сол кездері алынған. Оның еш сөкеттік-әбестігі жоқ. Бұл жұртты адастыру, алдау емес. Ахмет атамыздың сол жерде туғаны рас қой әйтеуір, сондықтан келер ұрпақ рухани нәр алатындай көзге көрініп тұратын дүние керек болған соң, құйылған, қаланған іргетас бұл. Ол жерде қазір «Ахаңның үйінің кірпіші еді, соның бәрін қырып тастады», деп жұрт айтып жүргендей, ешқандай кірпіш қалмаған. Күреліп тасталған кірпіштің бәрін 1993 жылы Рақымжан Бектұрғанов ағамыз құйдыртып, қалатқан, – деді журналист.

Дәуренбек Әбдібек те, басқалар да ауыл адамдарының ниеті дұрыс болға­нымен, қарапайым жұрттың қолының қысқалығын, олар салған үйді сырттан келгендерге мынау Ахаңның туған үйі деп көрсету ұят нәрсе екенін, сондықтан мұның орнына дұрыс бір үй салыну керек екенін көптен бері айтып келе жатыр. Осыдан кейін қолға алынған іс еді бұл.

– Әрине, бұдан ерте басталу керек еді. Бірақ осы істі сынап, Ахаңды жоқ­тау­шылар да, билік өкілдері де әбден тірелген кезде барып қолға алып отырғаны өте өкінішті. Сол үй он жыл бойы тұрғанда, солар қайда қалды? Неге осы уақытқа дейін соны ым-жымсыз жаңартпады. Ал енді биыл үй салына бастаған кезде бірсыпыра адам құрылыстан ақау шықты деп шу көтергеннен кейін, қайтадан дұрыстап саламыз деп қабырғасы көтерілген үйді қайтадан қырып тастады ғой. Соны өршітіп, бұл Ахаңның кіндік қаны тамған, Байтұрсынның өзі салған үйі еді деп жүргендердің сөзі шындыққа еш сәйкеспейді. Бұл символды түрде салынған нәрсе. Яғни осыған дейін тұрған үй мен енді салынатын үйдің жәдігерлік құны бірдей. Күреліп кеткен үйдің іргетасы 1990 жылдары қаланып, 2010 жылы қайта салынған болса, жаңа үй 2022 жылы салынайын деп отыр. Байтұрсын заманынан қалған ешқандай кесек-кірпіш жоқ ол жерде. Айтпақшы, қазіргі Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, 2010 жылы үйді тұрғызғанда 1993 жылы іргетас ретінде қаланған екі қатар кірпіштің жұрнағы да қалмаған. Оны қайтадан құйып, қайтадан салған. Сондықтан мынау Ахаңның үйінің орны еді, сол үйдің кірпіші еді деген бос сөз. Ол кірпіштердің бәрі 2010 жылы қаланған. Ол жерде Ахаңның заманындағы үйдің ешқандай жұрнағы қалмаған, – деді Дәуренбек.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­ды­ғын ұйымдастырушы белсенді топтың мүшесі, бүгінде Арқалық қаласын­да тұратын Әлмұрат Нұрғалиұлы ақсақал­дың айтуынша, қираған үй қирады, болған іс болды, енді «Өспес елдің баласы өнбес дауды қуадының» керін келтір­мей, жұрт болып ұйысып алдағы тойдың абыроймен атқарылу жағын ойлау керек.

– Ахметтің үйі сапасыз салынып жатыр деген видео әлеуметтік желіде та­рап кеткен соң, Сартүбекке облыс әкі­мі келіп, жергілікті белсенді топпен бірге құрылыстың қалай жүріп жатқа­нын өз көзімен көрді. Ақыры сол жолы мердігермен жасалған шарт бұзылып, жартылай көтерілген үйдің қабырғалары қайта бұзылады деген келісімге келдік. Бұл көп болып, кеңесіп келісіп жасалған шешім. Осы шешімнің негізінде үйдің қабырғасы құлатылып, орны тегістелді. Бұған бола байбалам көтерудің керегі жоқ. Мен өз басым облыс әкіміне Ахмет үйінің құрылысын аяғына дейін жеткізеді деп сенім артып отырмын. Әкім де қыркүйекке дейін аяқтаймыз деген уәдесін беріп, бекініп отыр. Сөз орайы келгенде айта кетейін, өткенде Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда көрнекті ақын Светқали Нұржанов Мемлекет басшысына Торғай елі азаматтарының аманатын жеткізді. Президент ақынның сөзін көңіл қойып тыңдады. Сондықтан жүрегімде Президенттің пәрменімен Ахмет ауылына баратын күре жол да биыл салынып қалатын шығар деген бір үміт оты жылт ете қалды. Ниет түзу болса, ауылға жол да жетіп қалар, – деді Әлмұрат ақсақал.

Облыс орталығынан 700 шақырымдай шет жатқан екі елді мекен – Ахмет Бай­тұрсынов, Ақкөл ауылдарының көп­тен бері өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көре алмай келе жатқаны рас. Сондықтан ұлт ұстазының мерейтойына дейін не жолы, не интернеті болмай келген шалғай ауыл тұрғындарының әлеуметтік көңіл күйінің де мәз емес еке­нін айта кету керек. Ахмет тойына дайындық басталғалы бұл өңір тұр­ғын­дарының билікке өкпе-наз арт­қыш болып кетуінің басты себебі де осы көптен шешілмей келе жатқан мәселе­лерден туын­дап жатқаны анық.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қыркүйекте Торғай төрінде жоспар­ланған тойға дейін Ахмет музей-үйі­нің құрылысын аяқтап, оны тарихи экспонаттармен толықтыру көзделіп отыр. Мұның сыртында, Ахмет жылы аясында Жангелдин ауданының инфра­құрылымын дамыту бойынша қабыл­данған игі жұмыстар қызу жүріп жатыр. Мәселен, осы маусым айында Ақ­көл және А.Байтұрсынов ауылдары 4G мобильді интернет байланы­сына қосылды. Шұбалаң-Қарасу автомобиль жолының бір бөлігі мен осы жолдың 6-шақырымындағы Тор­ғай өзені арқылы өтетін көпірге күрде­лі жөндеу жұмыстары басталды. Күзге дейін А. Байтұрсынов ауы­лына апа­ратын 106 шақырым жолдың 40 шақырым­нан астамын жөндеу жоспарланып отыр, жол құрылысы келесі жылы да жалғасатын болады. Қазір Торғайдағы А.Бай­тұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби мұражайын жөндеу және реэкс­позициялау жұмыстары жүріп жатыр.

л

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов ауы­лында жаңа медициналық мекеменің құрылысы басталды. Ақкөл ауылындағы дәрігерлік амбулатория да жөндеуден өтетін болады.

Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында Жангелдин ауда­нының инфрақұрылымын жақсартуға барлығы 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр, оның 2,7 млрд теңгесі Шұбалаң мен Ахмет ауылының арасын жалғап жатқан күре жолды қалпына келтіруге жұмсалмақ.

 

Қостанай облысы