Аймақтар • 21 Маусым, 2022

Өңір экономикасы қалпына келді

315 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Өңір экономикасы қалпына келді

Әкімнің айтуынша, осы жылдың 5 айында облыстың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Бұл пандемиядан кейін экономиканың қалпына келгенін білдіреді. Өнеркәсіп негізінен газ өндіру көлемінің және газ конденсатының ұлғаюы есебінен 2,4%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім сорғы-компрессорлық құбырлар, ұсақтайтын шарлар, арнайы техника, силикат кірпіш, полиэтилен құбырлары және басқа да тауарлар өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.

– Негізгі капиталға салынған инвестициялар 140 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш сыртқы және бюджеттік инвестициялар есебінен 2%-ға ұлғайды. Мұнай және газ құбырларын, тұрғын және тұрғын емес мақсаттағы 600-ге жуық жаңа ғимараттарды салу есебінен құрылыс секторы 2,3%-ға өсті. 206 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қалааралық тасымалдардың қайта жандануына және автобустарда электронды билеттеудің енгізілуіне байланысты көлік қызметтерінің көлемі 1 млрд теңгеге ұлғайды. Мал бордақылау алаңдарының ет өндіруін азайтуы салдарынан ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемінің аздап төмендеуі байқалады. Сондай-ақ ішкі сауда көлемі негізінен Ресейден келетін тауарлар импортына шектеулер енгізуге байланысты аздап төмендеді, – деді Ғ.Есқалиев.

Әкімнің баяндауынша, биыл жалпы құны 230 млрд теңге болатын 21 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде, 800-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

– 2022 жылы жалпы құны 382 млрд теңге болатын Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы басталды. Оралда әуе-жүк терминалын салу бойынша Түркияның SSistem Logistics компаниясымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетті іске асырудан түсетін табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2021 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 22,6 млрд теңгеге 943 шарт субсидияланды, 4,5 млрд теңгеге 586 кепілдік шартына қол қойылды және 124 млн теңгеге 27 грант берілді. Барлығы 4,8 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама аясында ұн тарту өндірісі, жиһаз фабрикасы, медициналық орталықтар, бордақылау алаңдары және басқа да жобалар қолдау тапты, – деді әкім.

Былтыр облыстағы агроқұры­лымдарға 14,2 млрд теңге көлемінде субсидия төленген. Облыс халқының картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз секілді өнімдер бойынша қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мақсатында «Жасыл белдеу» жобасы бойынша дақылдардың алқабы 40%-ға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ жобада көкөніс қоймаларының сыйымдылығын арттыру жоспарланған. Былтыр сыйымдылығы 6 мың тонна болатын 3 қойма салынса, осы жылы 13 мың тонналық 4 көкөніс қоймасын салу жоспарлануда.

– Сүт және сүт өнімдерінің импортына тәуелділікті төмендету мақсатында «Сүт белдеуі» жобасы бойынша былтыр сүт өндірісі көлемі 3,1 мың тоннаға артса, биыл қосымша 5 мың тоннаға ұлғаяды деп күтілуде. Осы жұмыстар өңір тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге және бағаны тұрақтандыруға өз септігін тигізетін болады. Өңірдің дамуына үлкен серпін беретін келесі бағыт – етті мал шаруашылығы. Өсімдік шаруашылығына қарағанда, жыл бойы халықты жұмыспен қамтамасыз ететін етті мал шаруашылығы облысымыз үшін дәстүрлі сала. Бұған барлық түрдегі мал санының жыл сайын 10%-ға дейін тұрақты өсуі дәлел. Бүгінде облыста 860 мың бас ірі қара, 1,8 млн бас қой мен ешкі, 300 мың бас жылқы тіркеліп отыр. Аймақ 1,3 миллион адамды жыл сайын етпен қамтып отыр. Осы ретте, облыс ет өндірісін арттырып, сапасыз ет импортын алмастырып, өңделген ет өнімдерінің экспортын ұлғайта алатынын атап өткім келеді. Яғни Батыс Қазақстан облысының еліміздің басқа да өңірлерін етпен қамтамасыз етуге әлеуеті бар, – деді әкім.

Соңғы жылдары мал шаруа­шы­лығы дамыған аудандарда құрғақ­шылық салдарынан малдың шығынға ұшырау қаупі жоғары болғаны мәлім. Үкімет қолдауының нәтижесінде былтырдан бастап Ресейден келетін су көлемі 80%-ға ұлғайтылып, мал шығыны орын алмады. Сондай-ақ бүгінгі таңда аграрлық университет базасында өңірдің әлеуетін пайдалана отырып етті мал шаруашылығындағы өнім­ділікті арттырудың ғылыми негіз­делген тәсілдері дайындалуда. Сонымен қатар Мемлекет басшы­сының суармалы жерлерді ұлғайту тап­сырмасына сәйкес, облыста 5 жылда суармалы жер алаңын 44 мың гектарға дейін арттыру жөнінде Жол картасы бекітілді. Биыл 5 061 гектар суармалы жерді қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

– Соңғы 5 жылда құрылыс жұмыс­тарының көлемі 792,4 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 111,8 млрд теңгеден 192,8 млрд теңгеге дейін немесе 172,5%-ға ұлғайды. Осы жылы облыс бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 600 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ 5 айдың қорытындысы бо­йынша 206,4 мың шаршы метр тұрғын үй, 1 026 пәтер берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 39,2 млрд теңгеге тең, – деді Ғ.Есқалиев.

Әкімнің айтуынша, биыл 27 ауылдық елді мекенге газ тартылады. Осылайша, облыс халқының табиғи газбен қамтамасыз етілуі 99,8%-ды құрайтын болады. Биыл 35 елді мекенге ауыз су өткізілмек. Бұған 7,4 млрд теңге бөлінді. Атал­ған жұмыстардың нәтижесінде об­лыс халқын ауыз сумен қамту көр­сет­кіші 92,0%-ды құрайтын болады.

– Жыл қорытындысы бойынша облыста нормативтік жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 39%-дан 50%-ға дейін арттыру жос­парлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде автомобиль жолдарын реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жандандырылды. 2022 жылы облыстың автожолдарын дамытуға 51,2 млрд теңге бөлінді және 600 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарлануда. Осы жылы қаржыландыру көлемі бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда 2 есе ұлғайды, – деді әкім.