Қоғам • 23 Маусым, 2022

Көпбалалы аналар баспанамен қамтылып жатыр

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бірқабатты Шығыс» өңірлік жобасы аясында биыл Зайсан қаласында 2 пәтерлі 35 үйдің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Аталған бағдарлама аясында 2020 жылы Сауыр шағын ауданында 18 қос пәтерлі 36 тұрғын үй көпбалалы отбасыларға берілген. 2021 жылы Сауыр шағын ауданында 62 көпбалалы отбасы тағы да «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен 31 қос пәтерлі 62 тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Көпбалалы аналар баспанамен қамтылып жатыр

– Зайсан ауданында өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы жүйелі іске асырылып, көпбалалы отбасылар жыл сайын қоныс тойын тойлап жатыр. Басқа аудандармен салыстырсақ, тұрғын үйлердің саны мен сапасы бізде көш бастап тұр. Биыл да 2 пәтерлі 35 үйді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Аталған үйлер орталық ауыз су, газ, электр желілеріне қосылып, кәріз су құбырлары тартылып беріледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары С.Тлемесов.

Жыл сайын мемлекет азаматтардың әл-ауқатын аттыруға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобаларды нәтижелі іске асырып келеді. Әсіресе, шалғайдағы шекаралық аудандардың әлеуетін арттыру соңғы уақытта басты назарға алы­нып отыр. Шекаралық аудандарды дамытудың арнайы бағдарламасы да жасалды.

– Зайсан ауданы соңғы 2-3 жылда адам айтарлықтай өзгерді. Жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қаланың сәні мен салтанаты жарасты. Зайсан қаласына кіре берістегі көпбалалы отбасыларға берілген 2 пәтерлі үйлер бөлек бір қала­шық болды. Туған қаламыздың көркейіп, гүлденгені – әр тұрғынның қуанышы, – дейді қоғам белсендісі Әділхан Кәкеев.

Тұрғын үйлердің көп салынуы аудан­ның әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының тұрақтылығының айқын көрінісі. «Бір қабатты Шығыс» бағдарла­масының нәтижесінде ауданның демо­графиялық көрсеткіші жылдан жылға артып, халық саны өсіп келеді.

– Мен көпбалалы анамын. Биыл кезегім келіп, жаңадан салынып жатқан 2 пәтерлі 35 үйдің біреуін алатын болдым. Жаңа үйіміздің болатынына балаларым қатты қуанып жүр. Барша көпбалалы отбасыларға осындай қуаныш сыйлап, қоныс тойын тойлау мүмкіндігін берген мемлекетімізге аналық алғысым­ды білдіремін, – дейді көпбалалы ана А.Омарова.

Аталған бағдарлама көпбалалы аналарды қуантып қана қоймай, аудан­ның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізді. Құрылыс заттарын сататын дүкендердің сауда айналымы артып, азаматтар жұмыспен қамтылды. Айта кетсек, ендігі салынып жатқан үйлер I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға берілмек.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы