Аймақтар • 28 Маусым, 2022

Жерді сүйгенді елі де сүйеді

486 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы Мағжан Жұмабаев ауданы – тарихи жер. Аудан көлемі 7,6 мың шаршы шақырым ғана болғанымен, талай айтулы оқиға болған аумақ. 1861 жылғы орыс патшалығында шаруаның басыбайлылық құқы өзгертіліп, бостандық берілгеннен кейін Қазақстан мен Сібірге ағылған шаруалардың алғашқы легі осы жерге келіп тұрақтаған.

Жерді сүйгенді елі де сүйеді

Аудан аумағынан Транссібір темір жол магистралі өтеді және ол Ресейдің Омбы мен Түмен облыс­тарына жалғасады. Қоныс аударушылардың алғашқы легі қа­зақтың түгін тартса майы шы­ғатын осы жеріне түскен­де Мағжанның «итиген қарашек­пендер қаптады» деп өкінетіні содан. Сол жылдары іргесі қа­ланған деревня-хуторлардың бәрі орысша аталады. Қазақтар оларды тарихи жер атауымен атайды, алайда кеңселердегі атаулардың бәрі орысша.

Кеңес жылдарындағы орыс­тандыру саясаты қазақ атаула­рын тіпті жоюға тырысқаны мә­лім. Жаңадан құрылған ауыл­дық кеңестердің бәрін де жер­гілікті билік Воскресенский, Ека­териновский, Конюховский, Октябрьский, Суворовский және т.б. атаған. Тіпті таза қазақтар ғана тұратын «Сүлікті», «Сары ай­ғыр», «Сейфуллин» сияқты ауыл­­­дарды «Советский», «Арал-Ағаш», «Үш Қызыл» сияқты ауыл­дарды «Екатеринов» ауыл­дық кеңесі деген атау берген. Мұндай мысалдарды ондап кел­­тіруге болады. Осы үрдіс тың көтеру жылдары тіпті үдей түс­ті. Қысқасы, қазіргі Мағ­жан Жұ­мабаев ауда­ны­ның аты бұрын Булаев бол­ғанда аума­­ғындағы барлық 71 елді мекен­­нің ішінде тек Қарақоға, Құра­лай, Қоскөл, Дүйсеке (бұл да Ворошилов болған), Сұлушоқы, Қарағанды, Бастомар, Майбалық, Алуа және Мағжанның туған жері Сасықкөлдің бойындағы Сарытомар ауылы сияқты он шақ­­ты­сы ғана қазақша аталған. Са­рытомар да Мағжан ақталған жыл­дардан кейін ғана ежелгі атауын қайтарды, әйтпесе ол да бұ­рын «Молодежный» болатын... Ауданда қазақтың үлесі енді ғана 30 пайызға жетті.

Аудан Омбы облысының Есіл­көл ауданымен шектеседі. Байырғы Транссібір темір­ жо­лымен Есілкөлге электр пойыздары Булаев, Ярма, Қарақоға, Ганкино, Чистое стансалары ар­қылы кү­ніне екі мәрте қаты­найды. Ауыс-түйіс, басқалармен аралас-құ­ралас көп болғандықтан темір жол бойының халқы ежелден пысық, сергек болып келеді. Мағ­жан ауда­нының халқы да сон­дай. Ше­тінен сөзшең, іске ба­тыл, құлағы түрік, бәрінен ха­бар­дар.

Осы аудандағы қазақ атаулы­ның арасынан үш-төрт азамат қана қазір ірі шаруашылықты жүр­гізіп, ел мен жерге қызмет етіп отыр. Соның бірі – 25 мың­дай гектар жерге астық пен дәнді да­қылдар егетін, элеватор тұр­ғызған және сүтті қара мал мен жылқы өсіріп отырған Алтынбек Сапаров басқаратын «Ноғайбай» ЖШС.

Алтынбек көпшіліктің күйін кешіп, құлдырап бара жатқан туған ауылы «Красныйды» қол­ға алуды көздейді. Оны Қара­қоғада тұратын бұрынғы кеңшар директоры өзіне алып, тек көк­темде бір егіп, күзде жинап ала­тын астық егу алаңына ғана айналдырған. Ауылдың жа­нындағы 2-3 шақырым жерде темір жол өткенімен оның халыққа тигізетін пайдасы ша­малы. Қысы-жазы, ыстық-суық­та тұрғындар жаяу-жалпылап үйлеріне зорға жетеді. Жауыннан миы шығып кететін жаз бен күзде, қалың қар басып, жолды алып қалатын ызғарлы қыста осы жолмен жетудің өзі азап. Қа­рақоғада тұратын басшы «Красныйдың» халқына пайда қылуды ойламайды. Жерін жайлағаны үшін беруге тиісті пай үлесін де халықты улатып-шу­латып зорға береді. Тіпті бер­­мей қойған жылдары да болады. Ал ауылға жұмыс орындарын ашу, су тарту, мектеп, клуб, ФАП де­генді жөндеу сияқты әлеу­мет­тік та­лаптарға пысқырмайды да...

Ауылдың осындай кезінде жол түсіп біз де «Красныйға» бар­ғанымыз бар. Халықтың еңсесі түсіп кеткен, ауыл әбден жү­деген, үйлердің сырты қара қо­жалақ болып сылағы түскен, жол жоқ... Кіммен сөйлессең де «кө­шу керек» деген сөзді естисің. Әмір­жан Әубәкіров деген сыныптасымыз осында тұратын еді, ауылдан кетпей болмайды деп ол да қопаңдап отыр екен.

Міне, ауылдың осындай барынша күйсіз кезінде ауылдың жерін Алтынбек Сапаров өзіне алады. Әрине, қалыптасып қал­ған ЖШС-дан алу да оңай емес, ауыл тұрғындары жер пайдалану құқымызды саған береміз дегенімен қағаз атаулысын қаты­рып тастаған бұрынғыдан алу үшін талай есікті тоздырып, талай сынақтан өтуге тура келеді. Бірақ халық бұрын кеңшар орта­лығы «Қарақоғада» диірмен ашып, ауылдастарын қолдап, қан­дай сапасыз бидай әкелсе де ұн қылып беріп, көмегін аямай жүр­ген жерлестерін белсенді түр­де қолдап шығады.

Бұл 1996 жыл болатын. Кең­шардан қалған техниканың ұшығы мен пұшығы ғана қалған. Астық сақтайтын қойма да жоқ, жол әбден тозған. Мал да біткен, су жоқ. Осындай жағдайда «Но­ғайбай» аянбай іске кірісіп, өзінің қаражатын аямай салып, ауылды аяғынан тік тұрғызып алады. Алғашқы жылдары тіпті пайда да көрмейді, тек халықтың көңілінен шығып, олардың пайларын беріп тұрады. Ақыры халықтың ризашылығына, Ал­тын­бектің елге, жерге жаны ашы­ған пейіліне қара жер де иіп беріп, үшінші жылдан бастап қана «Ноғайбай» ЖШС еңсесін көтеріп, таза пайдаға шыға бас­тайды. «Әуелі құдайға сыйынып, екінші қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген данышпан Абайдың сөзінің шындығын осы жігіттің ісінен көруге болады.

Айтқандай, бұл ауылдың аты алдымен «Красный партизан» болған. Артынан «партизаны» жоғалып «Красный» деп аталды. Қазақтар өз арасында «Қарашоқ» деп атағанымен, ұзақ жылдар бойы ол «Красный» болып жүрді.

Алтынбек пен Айдарбек Сапаровтардың елдің алғысын алып, алғашқы қол жеткізген табыстарының бірі – ауылдың атын өзгерту болды. Сұраған жұртқа айтудың өзіне ұялатын «Красный» деген аттан құтылу да оңай болған жоқ. Сондықтан жер­гілікті ономастикаға жүгін­генде бұл жер Алтынбектің ата­­сы Ноғайбай бидің жері деп атал­ғаны белгілі болады. Ол өз за­манының атақты кісісі болған, әді­летті би екен. «Красный» ауыл­ы нақ сол кісінің қыстауына қоныс теуіпті. «Ноғайбай бидің қыстауы» («Зимовка Ногайбай би») деген топоним де қағазға түс­кен. Ең бастысы, ол осы ауыл тұр­ғындарының көбінің арғы ба­басы болып келеді. Осы­ған сүйенген жігіттер бірнеше жыл бойы тер төгіп, қажетті құжат­тар жинап ақыры Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Қажы­мұрат Нағмановтың шешімімен 2000 жылдың 10 тамызында «Красный» ауылын «Ноғайбай» деп аталуына қол жеткізеді.

Ноғайбайлықтардың үлгісі­мен сол жылғы қараша айында ауданға да Мағжан Жұ­ма­баевтың есімі берілді. Сол үрдіс­пен бір жыл өткен соң «Ленин» селосы «Байшілік ауылы» болып өзгертілді. Міне, бір үлгінің өзі қаншама игі істерге бастау бол­ды десеңші. Әрине, әлі де сам­саған жат атаулар толып тұр. Аудан халқының санындағы оң өзге­рістер арта түссе олар да бірте-бірте өзгерер деген үміт бар.

Жуырда Ноғайбай ауылына жол түсті. Ауылға тартылған ас­фальт жол Бурабай мен Нұр-Сұл­танның арасындағы автобан­нан еш кем емес, тақтайдай тегіс. Ауыр жүк таситын автомобильдер жолдың жиегіндегі қара жолмен жүруде. Бұл асфальтті бұзбас үшін жасалған шара екен. 2016 жылы пайдалануға берілген жолдың әлі күнге сапасы жоғары болып жатқаны со­ның арқасы болуы керек. Ауыл­дың іші де жайнап тұр, қаз-қатар тізілген әдемі үйлер еуро­палық деревнялардан әсте кем емес. Түнгі шамдары да самаладай жарқырап тұр. Демалыс орталығы, медициналық амбулатория, дүкен, спорт алаңы, демалыс паркі – бәрі-бәрі ауылдың сәнін арттырып, көздің жауын алады. Жаңа үйлер де салынып жатыр.

«Ауылдан көшемін, еште­ңе мұнда қалған жоқ» деп рен­жіп жүретін Әміржан құрда­сы­мыздың үйіне ат басын тіредік. «Қазір ауылда бәрі бар, су әр­бір үйге енгізілген, жылы су, әжет­хана – бәрі үйде. Балалар келемін десе де, өзіміз жолға шыққымыз келсе де жол қысы-жазы жарқырап тұр. Енді қалада не бар? Аздап мал өсіремін, қыс­қы жем-шөбімді алып тұра­мын. Шағын жұмысым бар, қорық­шымын, ақымды төлейді», деп ол өз өміріне риза болып, сабырлы, салиқалы жан болыпты.

«Ноғайбай» серіктестігі қазір осы аудан ғана емес облыс, рес­публикаға белгілі, түтіні түзу ұш­­қан шаруашылықтардың бірі. Серіктестік Ноғайбай ауы­лы­ның ма­ңындағы Биняш, Дүй­секе, На­дежка сияқты ауыл тұр­ғын­дарының өтінішімен олардың да жерін қосып алып, қазір 25 мың гектардай жерге дән егеді. Соның ішінде биыл бидай 10 мың, сұлы 3 мың, жүгері 1 мың, күнбағыс 900, бұршақ 1300, рапс 800 гектар жерге егілген. Жемазық пен майлы дақылдарды жылдағыдан артығырақ еккен екен. Жердің күтімін де ес­керіп, 3 мыңнан артық егістік парға қалдырылыпты. Былтыр тауар­лы-сүт фермасын ашып, 600-дей симментал тұқымды сүтті сиырды сауып, өңдеуде. 2012 жылы Булаев қаласында сыйымдылығы 30 мың тонналық элеваторды іске қосқан.

«Қара жердің қадірін білу керек, оны тек табыс көзіне айналдырмай, күтіп-баптап ұстаған жөн. Біз парға қалдырған жерге жаз бойы минералды тыңайтқыш сеуіп отырамыз. Жерді күткенде ғана жоғары өнім береді. Со­нымен бірге халыққа барлық жағ­дайды жасау керек. Оларға пайы­н ғана беріп қоймай біз басқа да материалдық көмек жасаймыз. Ал ауданда 1-2 мың гектардан жер алып, тек табыс табуды ғана көздейтін шаруа­шылықтар да көп. Олар әлеу­меттік мәселелерді шешуге араласпайды. Тіпті қыста жол ашып беруге жарамайды. Ал субсидия ала алмаса журналистерді, адвокаттарды жалдап, БАҚ бет­теріне у-шу қылып жатады», дейді Алтынбек Сапаров.

Сонымен бірге А.Сапаров жол немесе басқа құрылыс салуға мемлекеттен тендер арқылы тапсырыстар ұтып алатындардың жұмысына риза еместігін білдір­ді. «Мысалы, 30 мың тонна қиыр­шықтас төсеймін деп тендерді жеңіп алады, ал нәтижесінде 5-6 мың тонна ғана төсейді. Сол себепті ондай жолдар сапасыз болып, 1-2 жылдан кейін бұзы­лып жатады. Сондықтан ком­муналдық қызметтер олардың жұмысын арнайы бақылауға алуы керек. Төсеген материалдар­ды өлшеп отыру керек. Сонда ғана біз сапалы жолға қол жеткіземіз», дейді ол.

Елге еңбек сіңіріп, жерге тер төгіп жүрген азаматтың қол жет­кізген табыстары да аз емес. Ол облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша берілген «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болған. Ал «Халықтың сүйік­тісі» Ұлттық сыйлығын ол 2020 жылы «Жылдың үздік фер­мері» аталымы бойынша Димаш Құдай­берген, Элизабет Тұрсынбае­ва­лар­мен қатар тұрып алып, облыс­тың даңқын шығарды. Осын­дай азаматтардың еңбегі жа­на берсе елдің ырысы да арта бе­ре­рі сөзсіз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы