Экономика • 29 Маусым, 2022

Берешек – 24,3 млрд теңге

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпы республика бойынша бүгінде жеке тұлғалардың мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша берешегі 919 мың салық төлеуші бойынша 24,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде берешектің негізгі сомасы көлік құралдары салығына тиесілі – 22,8 млрд теңге. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Берешек – 24,3 млрд теңге

Оның ішінде көлік құрал­дары салығы бойынша салық міндеттемелерінен жалтар­ған автокөлік иелерінің ең көп саны келесі өңірлерде тіркелген: Алматы қаласында 88 мың борышкер бойынша берешек 5,2 млрд теңгені құрайды; Алматы облысында 132 мың борышкер бойынша берешек 3,9 млрд теңгені құрайды; Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында – тиісінше 2,6 млрд теңге және 1,9 млрд теңге берешегі бар 76 мың борышкерден.

2021 жылға жеке тұлға­лардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2022 жылғы 1 сәуірде аяқталғанын еске саламыз. 2022 жылғы 17 мамырдан бастап салық сомасын уақтылы төлемеген тұлғаларға 1 АЕК-тен жоғары берешек сомалары бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұй­рықтарын жолдау басталды.

Берешек төленбеген жағ­дай­да салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң жеке сот орындаушыларының өңір­лік палатасына мәж­­бүрлеп орындатуға жібері­леді. Өз кезегінде, жеке сот орындау­шылары «Атқару­шы­лық iс жүргiзу және сот орын­даушыларының мәрте­бесi туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Заңына сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқығы бар.

Егер қарыз 40 АЕК-тен асса, азаматқа елден шығуға тыйым салынуы мүмкін. Қа­зақ­станнан шығуға тыйым салу туралы ақпаратты сілтеме арқылы білуге болады https://aisoip.adilet.gov.kz/debtors.

Жазғы каникул және демалыс маусымы кезінде жағымсыз салдарларды болдырмау үшін комитет салық берешегі бол­ған жағдайда уақтылы төлем жүргізуді ұсынады. Салық бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді e-Salyq Azamat мобильді қосымшасының қойындысы Электронды сервистер→Са­лық және әлеуметтік төлем­дер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу арқылы тексеруге болады. E-Salyq Azamat мобильді қосымшасын сілтеме арқылы орнатуға болады.