Қоғам • 29 Маусым, 2022

«Құнанбаев көшесі», «Жабаев даңғылы» деген қайдан шыққан...

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірде жол түсіп Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласына бара қалдық. Кезінде шашылып жататын сұрғылт мекен еді, қазір әрленіп, орта тұсы сәнді болып қалыпты. Ең үлкен орталық көшелерінің бірін «А.Құнанбаев көшесі» деп атаған екен, «е, бұл бір жергілікті, белгілі адам болды ғой» деп назар аудармадық... Бірақ есімізге сарт ете түсті, ойхай-ау бұл ұлы Абайдың фамилиясы екен ғой...

«Құнанбаев көшесі», «Жабаев даңғылы» деген қайдан шыққан...

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бүкіл қазақ даласы Абайды «Абай» деп қана таныған. Тек патшалықтың кеңселерінде, яғни колониалдық биліктің ішкі қағаздарында ғана оны «Кунанбаев» деп жазған. Енді соны біздің төрешіл, қағаздан бір сәт ауытқи алмайтын білім­сіз, бюрокат шенеуніктеріміз сол қалпы түсірген екен. Сол жазғандар өздерінің колониалдық биліктің сөзімен сөйлеп тұрғанын біле ме екен? Ай, білмейді-ау, ондайды ойлауға саналары да жетпейді. Бізде көше атын фамилиямен жазу керек деді, ендеше «Құнанбаев» болу керек, Абай деп қазақтар атай берсін деп ойлайды-ау мұндарлар.

Осы мәселені «Егеменге» жазбай, өздеріне айтып, білдірген едік, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Ол – ол ма, Петропавлдағы ең үлкен көшелердің біріне берілген Абай есімі де «Құнанбаев» болып жазылып тұр... Ауызекі тілде тұрғындардың бәрі «Абай көшесі» дейтін даңғылды «сауаты зор» бір шенеуніктер осылай түзеткен екен. Халық не дейді, Құнанбаев дегенге «бұл кім еді» деп ойланып қалмай ма дегенді керек қылып тұрған адам жоқ. Дәл осы көшеде орналасқан университеттің ағылып жатқан студенттері өздерін Абай көшесімен келе жатырмыз деп ойлап, үйдің қабырғасындағы жазуды көргенде дағдарып қалулары сөзсіз...

Сол сияқты бір кезде Жамбыл көшесіне бір білгіштер «Жабаев көшесі» деп жазып қойған еді. Оны әйтеуір сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұров түзеткізген болатын. Бүкіл КСРО-ға кезінде Жамбыл (Джамбул) болып танылған ақын бір білгіштердің ақылымен осылай «Жабаев» деп жазылатын болған.

Ал бұрыннан келе жатқан «Амангелді көшесі» бізде әйтеуір өзгер­мей, дұрыс тұр. Бірақ елдің астанасын­да батырдың атына берілген көше «Иманов». Алғаш барған кезде біз де бұған таңырқап жүрген едік. Иманов деген басқа біреу екен деп ойла­ға­нбыз, сөйтсек Амангелдінің өзі екен...

Бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ, бұрын да талайлар айтқан. Бірақ көше атауларын қалай жазу керек дегенді көрсетіп берген нұсқаулық өзгермеген соң бәрі де сол қалпында қалып келеді. Сол нұсқаулықты түзетіп, жеке тұлғаларға кісі есімін бергенде оның фамилиясын емес, халық берген атын жазу керек десе – бәрін өзгертіп, дұрыс тәртіпке келтіруге болушы еді.

Сонымен бірге Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұма­баев секілді есімдер фамилиясы­мен қосарланып танылғанын да ескеру керек. Мәселен, біздің облыс­та «Уәлиханов» ауданы бар. Оны кейбіреулер Шыңғыс немесе Шота Уәлихановтың атына берілген екен деп қалулары да ғажап емес. Сондықтан бұл жерде Шоқан есімін фамилияға қосып, бірге атаған жөн. Сол сияқты Сәкеннің немесе Мағжанның да жеке есімдері емес, сойлары фамилиясымен қосарланып айтылғаны жөн. Өйткені «Сәкен ауданы» немесе «Сәкен көшесі» десеңіз ол қай Сәкен деп жұрт аңтарылып қалады. Біздің қаладағы «С.Шәймерденов көшесі» дегенді Сафуанның есімі ме, Сайынның есімі ме деп сұрайтындар бар. Мағжан есімі де ерте кезден фамилиясымен бірге танылғанын ескеру керек.

Бізде аудан атауларына қатысты да бір үйлеспеушілік бар. Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданын осылай атаймыз да Ғабит Мүсірепов ауданын ресми түрде жазғанда «Ғабит Мүсірепов атындағы аудан» дейді. «Атындағы» дегенді қай «данышпан» қосқаны белгісіз, әйтеуір қалмай келеді. Осындай келеңсіздіктердің бәрі атаулардың алдымен орысша туып, оны қазақшаға сөзбе-сөз, ақылға салмай аудара салғанның кесірі. Енді соны түзететін кез келді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы