Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бұған дейін ел Президенті XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында «Мен 2060 жылға қарай көміртегі бойынша бейтараптыққа жетуді мақсат етіп қойдым. Біздің елдің халқы мен экономикасы өсіп келеді, ал ол үшін энергияның маңызы зор. Көмір өндіру дәуірінің біртіндеп құлдырауымен, сенімді негізгі энергия өндіру көздері туралы ойлануға мәжбүр боламыз. 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы туындайды. Әлемдік тәжірибе ең оңтайлы жолды ұсынады. Бұл – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік», деген еді.
Сонымен қатар осы ұстанымды 2021 жылы Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде де нақтылады. Ал биыл 9 маусым күні шетел инвесторларымен кездесуінде мәселені ашық айтты. Тіпті оның қай жерде салынатыны туралы да шешімдер қабылданғанын жеткізді. Әрине, Мемлекет басшысы бұл мәселені жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Бар мәселе тапшылық дегеннен басталады. Өйткені Дүниежүзілік банктен бастап көптеген ірі қаржы орталығы көмірмен жұмыс істейтін стансаларды қаржыландыруды тоқтатып жатыр. Оған қоса, 2021 жылдан бастап көміртектен бөлінетін қалдықтар үшін салық пен айыппұл көлемі де артты.
Ал елімізде қуат өндірудің 74%-ы көмір стансаларымен байланысты. Елдегі бүкіл қалдықтардың 40 пайыздан астамын ауаға шығаратын көмір стансалары солтүстіктегі ірі қалаларда орналасқан. Сондай-ақ олар көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан стансалар. Тозығы да жеткен және заманауи талаптарды қанағаттандыра алмайды.
Қазір елімізде шамамен 19 мың МВт электр қуатын 204 станса өндіріп жатыр екен. Бірақ сарапшылар 2027 жылға дейін электр энергиясын тұтыну көлемі орташа есеппен жылына 2,4 пайызға артады деп болжап отыр. Демек, көп ұзамай электр энергиясы жетіспеушілігі пайда болуы ықтимал. Ал 5 жылда 5 мың МВт үлес қосқан жел және күн электр стансалары тәуліктің кейбір сәттерінде энергияның жетіспейтін орындарын ғана толтыра алады. Мысалы, өзінің органикалық отыны жоқ Франция, Белгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндияда атом стансаларының электр энергиясын өндіруші негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп отырғаны рас.
Ақиқатын айту маңызды, біздің қоғам атом энергетикасын қабылдауға әлі де дайын емес. АЭС-ке байланысты қоғамда қалыптасқан үрей бар. Бұл негізсіз де емес. Алайда сарапшылар азаматтық энергетика тұрғысынан қарағанда бүгінгі технологияда үлкен тәуекелдер жоқ екенін айтып жүр. Әлбетте, Чернобыль оқиғасы дүниені дүр сілкіндірді. 36 жыл өтсе де халқымыз «бейбіт атом» немесе атом энергиясы туралы айтқанда, алдымен, Чернобыльдегі апатты еске алады. Сол апаттан соң едәуір атом жобалары тоқтатылып, атом саласының дамуы айтарлықтай баяулады. Ал аталған апаттың салдары зерделенді. Қауіпсіздік жүйесінің барлық компонентіне деген көзқарас, соның ішінде реакторларды қайта құру және жетілдіру жөніндегі әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған шаралар қаралды. Жұмыс істеп тұрған АЭС-те ядролық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөнінде көптеген жұмыс атқарылды. Яғни апаттан кейін техникалық және ұйымдастырушылық шешімдер жедел қабылданды, ал 1987-1991 жылдар аралығында қауіпсіздік жүйесін күшейту ісі жүргізілді. Теориялық тұрғыдан апаттың болуын толығымен жоққа шығаруға болмайды. Әр жаңару мен технологияның жетілуі өткен қателіктердің тәжірибесін ескереді. 1990 жылдардың соңында атом энергетикасы дамудың жаңа сатысына қайта түсті.
Ғасырлар тоғысында дәстүрлі көмір электр энергиясы адамзат, қоршаған орта үшін қаншалықты зиянды екенін бәрі түсінді. Энергияның жаңартылған балама көздері – күн мен желден энергия алу қазіргі уақытта тұрақсыз және өте қомақты қаржыны талап етіп отыр. Онымен қоса, көмірге тәуелділікті азайту керек, өйткені мұны әлемдік экологиялық күн тәртібі талап етеді.
Геосаяси жағдай да құбылып тұр. АЭС-ті қай мемлекеттің технологиясымен салуға болады. Елімізге бұл бағытта технологиялар нарығында жұмыс істейтін жетекші компаниялардың техникалық-экономикалық ұсыныстары түсуде. Бұлар: KHNP (Оңтүстік Корея), EDF (Франция), Росатом (Ресей), NuScale Power (АҚШ), CNNC (Қытай), General Electric – Hitachi (АҚШ пен Жапонияның бірлескен жобасы). Қарастырылып отырған реакторлар 3 немесе 3+ буыны анықтамасына сәйкес келеді. Бұл жоғары қауіпсіздік пен оң экономикалық көрсеткіштерді білдіреді. Қазіргі жетілдірілген технологиялар тәуекелдерді азайтуға кепілдік береді. Ресейлік реакторлар – ВВЭР-1200, сол буындағы 3+ корей KHNP1400, француз EPR1200 және Қытай HPR-1000 реакторлары ұсынылады. Шағын және орта қуаттылықтағы тағы бірнеше реактор – АҚШ-тың General Electric – Hitachi және NuScale жаңа модульдік реакторлары қазір қарқынды түрде пысықталып, коммерцияландыруға әзірленіп жатқан жобалар.
Жобаның құны, құрылыс қанша жылды қамтиды деген сауал да өзекті. Қоғамдық талқылаудан өтіп, белгілі бір шешімдер қабылданса құжат дайындау процедураларымен қоса 10 жыл мерзімін қамтуы ықтимал. АЭС-тің өзі шамамен 6 жыл бойы салынады, алайда ұзақ дайындық кезеңін талап етеді.
Егер 2023 жылы Қазақстан Үкіметі АЭС салу жөнінде шешім қабылдап, технологияларды жеткізуші инвесторды айқындаса жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) жасалады, ол сараптамадан өтеді, қажетті есептеулер жасалады – инженерия, экология, шығындар, экономикалық параметрлер және т.б. Содан кейін ТЭН Үкіметтің қарауына шығарылады және заңнамаға сәйкес Үкімет АЭС салу туралы шешім қабылдауы керек. Егер рұқсат алынса, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу шаралары басталады және одан әрі АЭС құрылысы басталады. Алдын ала есептеулер бойынша, Қазақстанға реактордың қуаты 1 мыңнан 1,4 мың МВт-қа дейінгі 2 реактордан тұратын атом электр стансасын салу қажет. Екі блок құрылысының болжамды құны (2-2,8 мың МВт) 10-12 млрд долларға дейін құрайды. Барлық ұсынылған жобаның техникалық сипаттамаларына сәйкес АЭС пайдалану мерзімін 60 жылдан 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылады. Жалпы, АЭС құрлысын несие беру арқылы немесе коммерциялық жоба ретінде салу ұсынылады.
Қауіпсіздік! Қазақстанда атом саласында мамандар бар ма? Оларды қалай дайындаймыз? Қауіпсіздік тұрғысынан қазіргі заманғы 3 және 3+ буынды атом электр стансаларында ауыр апаттың ықтималдығы статистикалық есеппен бүкіл мүмкін болатын оқиғаларды есептегенде, бір реакторда 10 000 000 жыл ішінде бір-ақ ауыр апат болуы мүмкін делінеді. Бұл ретте, статистикалық ықтималдық туралы айтатын болсақ, АЭС-тің авиациялық ұшақтардан қауіпсіздігі 100 есе жоғары. Су туралы болжамдар әлі жоқ, егер ол жеткіліксіз болса, онда нөлдік су шығыны бар құрғақ градирня технологиясын қолдану қажет болады. Бірақ бұл ретте стансаның өз мұқтаждықтарына жұмсалатын энергия шығыны 3-5 МВт-қа өседі. Сауалдама деректері бойынша, Қазақстан халқының 60%-ы АЭС құрылысына қарсы, ал 40%-ы қолдайтынын көрсетеді.
Жалпы, техникалық білімі жоқ адамға АЭС қауіпсіздігінің барлық мәселесін түсіндіру өте қиын. Кейде адамдарда эмоциялары толқып, нақты фактілерді естімей қалуы мүмкін. Радиофобия Семей полигонымен және АЭС – Чернобыль, Фукусима-1 және Three Mile Island аварияларымен байланысты. Бұл қандай да бір жағымсыз үрей мен «хайп» тудырады. Қарапайым адамдарға нақты қауіптердің бар-жоғын, онымен қалай жұмыс істейтінін, не ескерілетінін және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданатынын егжей-тегжейлі және нақты түсіндіру керек.
Мамандар мәселесіне келсек, әлемдік тәжірибеге сәйкес қуаты 2 мың МВт АЭС-ті пайдалану кезеңінде жоғары және орта-арнайы білімі бар 2 мыңға жуық адамнан тұратын персонал талап етіледі. Ескере кететін бір жайт, ядролық мамандықтар бойынша білімі бар станса жұмыскерлері АЭС-тің жалпы өнеркәсіптік-өндірістік персоналының 20%-ын ғана құрайды. Бұл үшін атом энергетикасын дамытудың болашақ жеке мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрлар даярлау жоспары әзірленіп қабылданады, оның негізінде мамандардың қажетті санын даярлау ұйымдастырылады. Арнайы дайындық бағдарламалары: реактордың қандай да бір моделін таңдап, құрылысты бастағанда, сонымен қатар операциялық персоналды даярлауда жүзеге асырылады. Бұл стансаның техникалық сипаттамасына және құрылыс бағдарламасына кіреді, өйткені кадрлар реакторды басқару жүйесі үшін дайындалады. Мысалы, маманның атом энергетикасы бойынша базалық білімі бола тұра, оның реакторда жұмыс істеуі біліктілік деңгейі жетпеген жағадайда, ол маманға дайындық курстары жүргізіледі. Қазақстанның атом саласында жұмыс істейтін адамдардың жалпы саны – 20 мыңнан астам адам, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персонал. Атом саласында білікті кадрларды даярлау барысында 2010 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезең аралығында, Қазақстанның жоғары оқу орындары 2 193 бакалавр, 909 магистр және 135 доктор дайындаған болатын. «Болашақ» бағдарламасы аясында «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы және бөлшектер физикасы», «Техникалық физика» (атом электр стансалары мен қондырғылары) және «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша 21 бакалавр, 12 магистр және 1 маман даярланды. «Біріккен ядролық зерттеулер институты» халықаралық ұйымымен (Дубна қаласы, Мәскеу облысы) ынтымақтастық шеңберінде «Ядролық физика» және «Химия» мамандықтары бойынша 134 бакалавр және магистр білім алды. «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК базасында жыл сайын 120-дан астам студент үшін практика ұйымдастырылады. Сондай-ақ базада радиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандарды оқыту жүргізілетін оқу-ақпараттық орталық бар.
Атом саласында кадрлар даярлауды көздейтін меморандумдар Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігімен (2014 жыл), Беларусь Республикасының Энергетика министрлігімен (2018 жыл) және Ресей Федерациясының «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясымен жасалған болатын. Осы меморандумдар шеңберінде тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, бакалавриат, магистратура, аспирантура бағдарламалары бойынша білім алушылармен және оқытушылармен алмасу, оқу және ғылыми әдебиетті әзірлеу, қысқа мерзімді тағылымдамалар мен семинарларды ұйымдастыруды қоса алғанда, атом саласы үшін кадрлар даярлау саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниет білдіреді.
АЭС-тің болашақта Балқаш маңынан салынатыны ашық айтылды. Жалпы, 1990 жылдары Балқаш көлінің маңында атом электр стансасын (АЭС) салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалған. Барлық қажетті жұмыстар, қоршаған ортаға әсерін талдау және бағалау жүргізілді, сондай-ақ қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 60-ө өкімімен Қазақстанда АЭС салу жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Мемлекет қатысатын мамандандырылған акционерлік қоғам құру, сондай-ақ Курчатов қаласында (Абай облысы) және Үлкен кентінде (Алматы облысының Жамбыл ауданы) АЭС салу бойынша техникалық тапсырмаларды дайындау көзделді. 2018 жылы осы екі аумақ бойынша атом энергетикалық объектісін салу үшін аудандардың жарамдылығын талдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Үлкен кенті мен Курчатов қаласының қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде табиғи, антропогендік және радиациялық әсер ету жағдайлары зерттелді. Екі нұсқа да бірдей, бірақ Үлкен кентінің бірқатар артықшылығы бар: дайын алаң, қазаншұңқыр, су жинау, кірме жолдар және т.б. Сондықтан осы жер таңдалды. Дәл сол жерде базалық қуатты орналастыру кезінде солтүстік-оңтүстік бағытындағы электр энергиясының транзиті де тұрақтандырылады. Оны Орталық Қазақстанға, Қарағандыға және оңтүстік өңірлерге қайта бөлу мүмкіндігі пайда болады. Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі мақсаттарға сүйене отырып және осы жерде газ инфрақұрылымының болмауын ескере отырып, АЭС салу неғұрлым оңтайлы шешім болады.
Қалай дегенде, электр энергиясы – бүгінгі өмірдегі басты қажеттілік. Бүкіл әлем осы энергияның нәтижесінде жұмыс істейді. Адамзат сұранысына қажетті энергияның басым бөлігін қазір мұнай мен көмірден алып жатырмыз. Бұл табиғи шикізат көздерінің қоры 60-70 жылда сарқылады деген болжам бар. Болашақта адамзаттың электр энергиясына деген жоғары сұранысын қанағаттандыру атом электр стансаларына келіп тіреледі. Бұл экономикалық өсімді және жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етеді. Машина, металлургия, аспап жасау және басқа да аралас салаларды дамытады. 60 жылдан астам уақыт бойы ел тұтынушыларын сенімді энергиямен жабдықтайды. Оның аумағында инфрақұрылым дамиды. Аталған нысан жол, теміржолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер және т.б. салуға ықпал етеді.
Ендеше, кімде-кім атом электр стансасын ертерек салып, ядролық технологияны жетік білетін мамандар тәрбиелейтін болса, сол елдің жұлдызы жоғары, табысы толайым болмақ.