Қоғам • 03 Шілде, 2022

Жолаушылар тасымалы: Баға жоғары, сапа төмен

534 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаз шықса болды жолаушылар тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда солай. Биыл да өзгерген ештеңе жоқ. Жолаушылар билет бағасы мен қызмет сапасы сәйкес келмейді деп дабыл қағуда. По­йыз билетінің бағасы қым­бат, ал вагондар то­зып тұр. Ұшақ биле­тіне екінің бірінің қолы жет­пейді. Жеткен күннің өзінде негізсіз кешігу көп. Сарыла күтуге сабыр жетпейді. Қайтпек керек?..

Жолаушылар тасымалы: Баға жоғары, сапа төмен

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Вагондардың тең жартысы тозып тұр

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда ел аумағы бо­йынша 130-дан астам жолаушылар пойызы жүреді. Жылжымалы құрам паркінде 2,6 мың жолаушылар вагоны бар. Өкінішке қарай, оның шамамен 46 пайызы тозып тұр. Соңғы 10 жылда 1,1 мыңнан астам жаңа вагон сатып алынған екен. Биыл тағы 73-і қатарға қосылмақ. Соған қара­мастан, 900-ден астам вагон­ның қолданылу мерзімі 30 жыл­дан асып кеткен. Амал жоқ, сұраныс өскен кез­де оларды да пайдалануға ту­ра келеді.

Жолаушылар пойыздарына қатысты шағымның көп екені белгілі. Ве­дом­ствоға қарасты Көлік коми­теті төрағасының мін­детін атқарушы Қасым Тіле­повтің айтуынша, саладағы түйт­кілді мәселелерді шешу үшін министрлік тиісті шаралар қабылдауда. Бұл ретте еуропалық технология­лар бойынша отандық жолау­шылар вагондарының өнді­рісін ұйымдастыру қолға алынған. Ол үшін швей­цариялық «Штадлер» компаниясы тартылып отыр.

Жоба аясында «Тұлпар» вагон жасау зауытының базасында 537 вагон шығару жоспарлануда. Вагондар кемінде 35 пайыздық оқшаулау деңгейімен, еуропалық сапа стандарттарымен және жаңа технологиялар трансфертімен шығарылатын болады.

– Мемлекеттік қолдау тетігін енгізу арқылы тасымалдаушыларды вагондарды жаңартуға ынталандыруға басымдық беріліп отыр. Министрлік вагондарды сатып алуға кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға жыл сайын 14 млрд теңге қаражат бөледі. Соңғы 5 жылда осы бағдарлама аясында жеке тасымалдаушылар 85 вагон сатып алып, салаға 3 млрд теңгеден астам қарыз инвестициясын тартты, – дейді Қ.Тілепов.

Жағдайды реттеудің бір тетігі – жолаушылар вагондарының жай-күйіне және сервис деңгейіне қойылатын талаптарды нормативтік тұрғыдан қатайту. Атап айтқанда, министрлік жолаушылар пойыздарында жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі ұлттық стандартты қайта қарады. Жасалған шарттар шеңберінде жолаушыларды тасымалдау ережелерін, стандарттар мен санитарлық нормаларды сақтау бойынша тасымалдаушылардың жауапкершілігі көзделген. Паркті кезең-кезеңімен жа­ңарту аясында вагондарға қойылатын нормативтік талаптар күшейтілмек.

– Жолаушылармен кері байланыс орнату да маңызды. Сондықтан Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының базасында тәулік бойы жолаушылардың өтініштерін қабылдау үшін Whatsapp нөмірі жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Уақтылы қарауды бақылауды тікелей Көлік комитетінің басшылығы жүзеге асырады. Осы жылдың өзінде 1 мыңнан астам өтініш қаралды және тиісті ден қою шаралары қабылданды, – деп нақтылады Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Қ.Тілеповтің пікіріне сүйенсек, жолау­шылар пойыздарын бақылауды күшейту де белгілі бір деңгейде оң нәтиже бермек. 2022 жылдың 5 айында аумақтық көліктік бақылау органдарымен 200 жолаушылар пойызы тексерілген. Тексеру нәтижелері бойынша жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптарын бұзуға қатысты 431 кемшілік анықталған. Билетсіз жолаушыларды тасымалдауға қатысты 33 оқиғаның жолы кесіліпті. 31,2 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

– Паркті жаңарту аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде 44 бағыттың құрамын­да 98 бір­лік мамандандырылған купе вагон­дары жүреді. Осылайша, облысара­лық ба­ғыт­­тардың 75 пайызы маман­дан­­ды­рыл­ған вагондармен қамтылған. Тасы­мал­даушылармен жасалған шарт­тарда 2023 жылдың соңына дейін облысаралық по­йыз­дарды мамандан­дырылған вагондармен 100 пайыз қамту бойынша шарттар енгізіл­ді. Осылайша, қабылданатын шара­лар орта мерзімді перспективада тозу­ды едәуір азайтуға және темір жол жолау­­шылар тасымалдарының сапасын ар­т­тыруға мүмкіндік береді, – дейді Қ.Тілепов.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ басшысы Жәнібек Тайжановтың хабарлауынша, шілде-тамыз айларында үш жаңа мар­шрут іске қосылады. Олар: Нұр-Сұлтан – Шымкент, Нұр-Сұлтан – Қостанай, Нұр-Сұлтан – Алматы. Оның ішінде бастапқы екі бағыт бойынша «Тальго» пойызы қатынамақ.

– Бүгінде ел аумағында пойыз қаты­найтын 138 бағыт бар. Оның ішінде 104 маршрут бойынша тасымалға біз жауаптымыз. Қалған бағыттарға жеке тасымалдаушы компаниялар жауапты. Елі­­мізде ұлттық тасымалдау компания­сы­нан бөлек, 9 жеке компания бар. Бү­гін­де «Қазақстан темір жолына» қарас­ты 2 215 вагон бар. Оның 1 429-ы бұ­рынғы стандартты вагон, ал 670-і – «Тальго» вагоны. Пандемиядан кейін ТМД бойынша Қазақстан халықаралық по­йыз рейстерін қайта іске қосқан алғаш­қы ел екенін атап өткім келеді. Бүгінде 11 халық­аралық пойыз рейсі бар. Олар Ресей­дің Астрахань, Омбы, Самара қаласы­на қаты­­най­ды. Сонымен қатар Өзбек­стан мен Қырғызстан астанасы Бішкекке по­йыздар қатынап тұр, – деді Ж.Тайжанов.

Оның айтуынша, елімізде пойыз қызметіне қатысты жаңа стандарт енгізіл­ді. Оған тазалықты сақтау, қызмет көрсету кіреді.

– Пойыздарға қатысты бұған дейін болған проблема – билет сатушы делдалдар және билеттерді жаппай сатып алып тапшылықты қолдан жасау мәселесі шешілді. Аталған мәселелерді шешу үшін 2 жыл бұрын «Мобиус» билет сату жүйесі іске қосылған еді. Жаңа жүйе тиімділігін көрсетті. Қазір алыпсатарлық жоқ, – деп сендірді ол.

Ж.Тайжанов компанияда «Күту парағы» жүйесі жұмыс істейтінін алға тартты. Ол не үшін керек? Кейде жолау­шылар bilet.railways.kz сайты арқылы тиісті бағытына билет таппай қалады. Осындай кезде жолаушы «Күту парағына тұру» батырмасын басуы керек. Осының нәтижесінде, қажетті маршрут пен пойыздар туралы ақпараттар шығады. Аталған жүйе арқылы вагонның түрі мен нөмірін таңдауға мүмкіндік бар.

а

Ұшақтардың кешігуіне әсер ететін фактор көп

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, бүгін­гі таңда ішкі бағыттар бойынша тасы­малдау нарығы толығымен қалпына кел­тірілді. Қазіргі уақытта ішкі тасымалдау нарығында 5 авиакомпания 57 авиа­мар­­шрут бойынша аптасына 600-ден астам рейс орындайды. Сондай-ақ 22 авиа­мар­­шрут республикалық бюджеттен субсидияланады. Олар әлеуметтік маңызы бар авиа­маршруттарды көліктік қолжетімділікпен қамтамасыз ету үшін субси­дияланады. Сонымен қатар олар тасы­малдаушыларға коммерциялық негізде орындау үшін шығынды болып саналады.

– Халықаралық бағыттар бойынша ұшу географиясын кеңейту жалғасуда. Жалпы, Қазақстан аптасына 465 рейс жиілігімен 106 маршрут бойынша 27 елмен әуе қатынасына ие. Халықаралық әуе қатынасы пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда, 24 елмен аптасына 442 рейс жиілігімен 99 маршрут бойынша рейстер орындалған. Осы жылы Италия­мен және Грекиямен рейстер ашылды. Авиакомпаниялар Қытайға, Гонконгқа және Малайзияға рейстерді қалпына келтіріп, Пәкістанға ашып, Ресеймен, Германиямен, Сауд Арабиясымен және Өзбекстанмен ұлғайтуды жоспарлап отыр, – деді С.Томпиева.

Осы жылдың алғашқы 5 айында елдегі әуе­жайлар 6,84 млн жолаушыға қызмет көр­сетті. Көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезе­ңі­мен салыстырғанда 13 пайызға артық.

– Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша, атап айтқанда, ішкі тұрақты рейстерде жолаушылар ағынының ай­тарлықтай өсуі анықталды. Осыған бай­ла­нысты ұшу тұрақтылығы көрсет­кіш­терінің төмендеуі байқалады. Бұл динамика халықаралық статистикамен де расталды. Өткен жылы ұшулардың тұрақтылығы 81 пайызды құрады. Сонымен қатар Еуропалық одақ елдері мен АҚШ көрсеткіштері тиісінше 77 пайызды және 80 пайызды құрайды. Бірінші кезекте министрліктің, авиакомпаниялардың, әуежайлардың және әуе тасымалдары­на тартылған басқа да тараптардың негізгі басымдығы жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігі екенін атап өткен жөн, – дейді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.

С.Томпиеваның айтуынша, авиа­тасымал кешенді рәсімдердің жиынтығы болып саналады. Оған тасымалдаушылардан бөлек, әуежайлар, әуе қозғалысын басқару органдары, жолаушылар қаты­сады. Демек кешігу себептері де әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, әуе кемесінің тех­никалық ақаулығы, ауа райының күрделі жағдайлары және басқалары. Сол себепті рейстердің кешігуі әуе тасымалында қалыпты құбылыс саналады.

– Авиакомпанияның кінәсінен рейс кідірген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тасымалдаушы кідіріс ұзақтығына байланысты тегін негізде екі телефон қоңырауын шалу, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақүйде тұру, сондай-ақ қонақүйге дейін және әуежайға кері қайту көлігін ұсынуға тиіс. Сонымен қатар кешіктірудің әр сағаты үшін тасымалдаушы билет құнының 3 пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді. Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған не тиісінше дұрыс орындалмаған кезде авиа­компания 200-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді С.Томпиева.

Соңғы уақытта билеттердің бағасына қатысты сын айтылып жүр. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары атап өткендей, Қазақстанда халық­ара­лық тәжірибеге сәйкес баға белгі­леу­ді реттеу 2016 жылы күшін жойды. Сон­дық­тан қазіргі уақытта авиаком­пания­лар әуе билеттерінің бағасын дербес қалы­птас­ты­рады. Демек аталған мәселе бойынша авиакомпаниялар ғана жауап бере алады.

– Министрлік жолаушылардың құқық­тарын қорғау мақсатында тұрақты жұ­мыс жүргізуде. Қазіргі уақытта рейсті кешік­­тіргеніне айыппұл төлемегені үшін әкім­шілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл норма биыл күшіне енеді деп күтілуде, – дейді С.Томпиева.

Ол биыл елімізде 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Жалпы, жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 45-тен астам әуе кемесі алынбақ. Мысалы, биыл Air Astana мен FlyArystan компаниясының паркі 2 әуе кемесімен толықты. 27 маусымнан бастап Air Astana және FlyArystan-ның кестесінде жаңа аэробус пайда болды. Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін аталған 2 әуе компаниясы тағы 5 әуе кемесін сатып алмақ.

«SCAT» АҚ өкілі Николай Буряковтың айтуынша, белгіленген әуе рейсін кейінге қалдыру – амал қалмаған жағдайда қабылданатын шешім. Әуе компаниялары мүмкіндігінше жолаушыларын діттеген жерге уақтылы жеткізгісі келеді. Алайда кейде әуе рейстерін 8 немесе 12 сағатқа дейін кейінге шегеріп жатады.

– Көбіне рейстерді кешіктіру мен болдырмаудың себебі ауа райының қолайсыздығына байланысты. Тұман, қатты жел, боран, тағы сол сияқты факторлар әсер етеді. Әуе рейсі кейінге шегерілген жағдайда компания жолаушыларға тиісті жағдайды жасауға тиіс. Айтар болсақ, басқа әуе рейстерін немесе басқа қала арқылы ұшып баруды ұсыну секілді. Егер жолаушы толық құнын қайтаруды талап етсе, онда талап 100 пайыз орындалуға тиіс, – дейді Н.Буряков.