ТКБЖ-ны құру және оны іске қосу – төлем карточкалары нарығының қауіпсіздігін және үздіксіз жұмыс істеуін, қазақстандық банктер үшін ішкі есеп айырысулардың кепілдігін қамтамасыз етеді.
Жүйені әзірлеу Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен және төлем карточкаларының нарығына қатысушы банктермен өзара тығыз байланыста жүзеге асырылды.
Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін құру аясында жергілікті карточкалық инфрақұрылым жасалып, тиісті нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен бірге қазақстандық банктер эмиссиялаған төлем карточкалары бойынша жергілікті операцияларды өңдеуді ұйымдастыру бойынша халықаралық төлем жүйелерімен келісімдер жасалды.
Қазіргі уақытта жүйеге төлем карточкаларымен қызмет көрсететін банктер қосылған. Банктердің жергілікті карточкалық транзакцияларының трафигін аудару, оның ішінде банк жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.
ТКБЖ операторы – «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК атаулы еншілес ұйымы.