Өнер • 04 Шілде, 2022

«Қыздар, қыздар... » әні қалай өмірге келді?

796 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде «Қыздар, қыздар…» әні жарқ ете қалғанда сазы мен сөзі үйлесе кеткен ғажап шығарманы өнерсүйер қауым жылы қабылдағаны әлі есте. Бұл әннің шыққаны кеше ғана сияқты еді. Қазір қарап отырсақ, лирикалық туынды да ретроға айналып үлгеріпті…

«Қыздар, қыздар... » әні қалай өмірге келді?

Әлбетте, музыка әлемінде әншілер­дің даусы түр-түрге, әр алуан санаттарға бөлініп жатады. Мәселен, лирика-коло­ратуралық сопрано туралы сөз бола қалса, баршаның ойына Күләш Байсейітова оралатыны сөзсіз. Әйгілі әншіден бөлек, талай опералардағы басты партияларды орын­даған ел мақтанышы Нұржамал Үсенбаеваның да даусы – лирика-ко­ло­ратуралық сопрано. Нәзік үн әнші бо­йын­­дағы назбен үйлескенде жарасым таба кетпей ме? Жоғарыда аталған дауыс иеле­рі­нің сахнада өз-өзін ұстауынан, әнді жүрек­пен сезініп орындауынан соны байқай түсетіндейміз.

«Қыздар, қыздар…» әнінің авторы әрі орындаушысы, әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева аты аталған талант иелерінің заңды жалғасы ма дерсің...

«Арулардың махаббаты, ізгі ары,

Шешілмеген жұмбақтай ғой бізге әлі.

Қыз Жібектей жаны сұлу, тым нәзік,

Шіркін, қандай қазағымның қыздары.

Қыздар, қыздар, сұлу қыздар,

Неткен ғажап сұлусыңдар.

Дарқан көңіл, дәру қыздар,

Қыздар, қыздар, сұлу қыздар»,

деп Гүлнұр Өмірбаева сызылтып, шыр­қағанда тыңдаушы да әннің тұңғиығына батып кетері сөзсіз. Әннің сөзін жазған Сайлаубай Тойлыбаевтың да қазақ қызда­рының табиғатын ашуға зор талпыныс жасағаны талас тудырмайды.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көк­дө­нен ауылында дүниеге келген Гүл­нұр Өмірбаева – «Жаңа ғасырға жаңа ән», «Азия дауысы» фестивалі аясында ұйым­­дастырылған «Қазақ әні» байқауы­ның Қазақстанның Тұңғыш Президенті тағайындаған «Алтын домбыра» жүлде­сінің, Бауыржан Мо­мыш­ұлының 100 жылдығына орай өткізіл­ген «Елім менің» секілді көптеген респуб­ликалық, халықаралық ән аламан­дарының лауреаты, жеңімпазы.

Гүлнұр көптеген ғажап әндер жазды, әлі де жазып келеді. Әсіресе бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, жиырма жасында бақилық болған ұлт мақтанышы Бекзат Саттархановтың рухына, ерлігіне арнап жазған «Бекзат» әні жоғарыда айтқанымыздай «Алтын домбыра» жүлдесін иеленді. Әр әнінің мелодиясы жүректерді шымырлататын Гүлнұр Өмірбаеваның тұтастай шығармашылы­ғы қандай құрметке де лайық. Әйткен­мен, ел сүйіп тыңдаған «Қыздар, қыздар…» әні қалай дүниеге келді? Сол туралы ой сабақтасақ...

«Жаңа ғасырдың басында Қазақ қыздар педагогикалық университетінің өнер және педа­гогика факультетін бітірген соң аспи­­рантураға қабылданған болатынмын. Сол кезде университетте «Томирис» ансам­блінде еңбек ететінмін. Бірде ұста­зым Галина Қарамолдаева «Қазақ қыздары­ның табиғатын танытатын, болмысын айшық­тайтын әдемі ән жазшы. Ол сенің қолың­нан келеді» деді. Осы бір ғана сөз мені қанаттандырып жіберді. Ұстазымның бұл ұсынысы маған ой салды. Он ойланып, мың толғандым. Ән жазу деген оңай шаруа емес. Танымың аз, талғамың төмен болса, жеңіл дүние жаза салуға болады. Бірақ арзанқол дүние кімге керек? Сондықтан әбден іздендім. Тіпті қазақ қыздарының келбеті, мінез-құлқы, сұлулығы туралы ойлап жүріп, образға енгендей күй кештім. Бұл ән осылайша дүниеге келіп, халықтың көңілінен шықты», дейді композитор.

Ойды ойдың үстейтіні рас. Егер сол уақытта ұстазы ұсыныс айтпағанда Гүл­нұр­­дың бұл әнді жазбауы да мүмкін еді ғой. Қыс­қасы, танымал әннің дүниеге келу тарихы осындай.

 

Жамбыл облысы