Аймақтар • 04 Шілде, 2022

«Алтайдай жер қайда?!»

504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осындай тақырыпта Алтайдың баурайында халықаралық ақындар айтысы өтті. Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген танымал айтыскерлер жыр додасында бақ сынасып, Катонқарағайдың көркемдігін сүбелі сөзбен жырлады.

«Алтайдай жер қайда?!»

Алтайдағы бұл аламанға Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Ерке­бұлан Қайназаров, Аспанбек Шұғатаев сынды танымал 16 ақын қатысты. Жыр додасына Ұлықбек Есдәулет, Кәмел Жүністегі, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Ахметбек, Серік Құсан­баев қатарлы сөз зергерлері қазылық етті. Ал айтыстың тізгінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қай­раткері Жүрсін Ерман ұстады.

– Бұл айтысты Алтайдың атымтай жомарт азаматтары ұйымдастырып, қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Мақ­сатымыз – осындай табиғаты бай, сұлу өлкені өзге жұртқа таныстыру, Катонқарағай жері туризмнің төрі екенін таныту. Әр елден келген жыр жүй­ріктері бүгін осыны тілге тиек етері сөзсіз, – деп айтыстың шымылдығын ашты Жүрсін Ерман.

Айтысты Шығыс Қазақстан облы­сының ақыны Серік Қуанған мен Оңтүс­тік Қазақстан облысының ақыны Еркебұлан Қайназаров бастады. Кесек сөйлеп, кесімді ой айтып жүрген ақын Серік Қуанған жырын нөсерлете келе: «Тәңір өзі тартуға беріп тұрған, табиғат құшағына енгенсіңдер, ұлылықты ұқтырған елденсіңдер, жұмыр жердің бетінде бар болса егер, жұмақта өмір сүрген сендерсіңдер», деп бір қайырды.

Әуелде «Алтайда халықаралық айтыс өтеді» дегенді естіген жұрт Катон­қарағай ауылының орталық алаңынан табылған. Ашық аспан астында өтіп жатқан айтыстың бір ерекшелігі, кө­рер­менге орындықты сығымдалған (прес­телген) төрт бұрышты шөптен жаса­ған. Алғашында көзге оғаштау көрін­генімен, жамбастай жатып, айтыс көруге өте қолайлы екен. Халық эко-орындық деп әзілдесіп жатты.

Ал ақындардың тағы бір жұбы болып Зайсанның жас бөрісі Ардабек Ақбаба мен моңғолиялық Серуен Әзім­ұлы шықты. Десе де, Алтайды жырлау­дан Ардабектің асып түскенін жырға шөлдеген халық төрешілерден бұрын байқады.

н

Ақындардың легі осылай жалғасып жатты. Аспанбек Шұғатаевтың да «Бір сүйем жер бермеген бабалардың, сүйе­гін Ресейге шашасыңдар» дегендей сөзі де елдің есінде қалды. Себебі Берелден табылған сақтардың сүйегі, құнды жәдігерлердің табылғанын ғана білеміз де, қайда, кімнің қолында кеткенін білмейміз. Әйтеуір Петерборда, зерттеуде деседі. (Зерттеу дегендей, мұның өзі зерттейтін тақырып)

Алтайды жырлауда қай ақын да тізгін тартар емес. Байқағанымыз, Орал­хан мен Алтай егіз ұғымға айнал­ған. Қай ақын болмасын, жырының соңына Оралханның ойымен нүкте қойып отырды.

Алтайдың асқақ даласын тақырып­қа арқау еткен алғашқы халықара­лық айтыстың жалпы жүлде қоры ­ 20 миллион теңгені құрап, бас жүлдеге ­ 5 миллион теңге тігілді. Ұтымды ойымен оза шапқан зайсандық ақын Ардабек Ақбаба айтыстың бас жүлдесін же­ңіп алып, 5 миллион теңгені қанжыға­сына байлады. Осылайша, халықара­лық айтыста жаңа есім жұртқа танылып, мықтылардың қатарын толық­тыр­ды. Ал екі миллион теңгелік бірін­ші орын­ның сыйлығы қызылорда­­лық ақын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бір миллион теңгеден жүлде тігілген екі екін­ші орынды Рүстем Қайыртайұлы мен Еркебұлан Қайназаров енші­леді. Айтыстың үшінші орнын өзбек­стан­дық Талғат Орынбеков пен алма­тылық Хазірет Бердіхан жеңіп алып, 500 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындардың да қоржыны бос қайтқан жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы