24 маусым күні Өскеменде желдің екпіні 16 м/сек дейін жетіп, қаланың ойранын шығарды. Ағаштар тамырымен опырылып, бірнеше көлікті зақымдады. Зақымдады дегенім, бер жағы. Әйтпесе, жуан терек кейбір автокөліктерді ортан белінен басып қалып, күл-талқан етті. Әсіресе, Гагарин бульвары, Севастопльская көшелері тұрғындарына құтқарушылардың көмегі қажет болды. Ал Гоголь, Стахановская, Виноградов, Қазақстан, Буров көшелері, Шәкәрім даңғылы бойындағы құлаған ағаш, бұталарды «Таза Өскемен» кәсіпорнының қызметкерлері тез арада тазалап шықты. Дауылдың жойқын болғаны сондай, электр желілеріне дейін үзіліп, трамвайлар тұсалып қалған. Бәрінен бұрын аялдама павильонының велосипедпен кетіп бара жатқан қыз баланы басып қалғанына тұрғындар наразы болды. Дәл осындай оқиға Гагарин бульварында да болған. Әйтеуір, абырой болғанда балалар аман. Медициналық көмек көрсетіліпті. Десе де аялдама павильонын қабылдап алған құзырлы органдардың салғырттығы үшін жапа шеккен 10 жасар бүлдіршіннің анасы Назгүл Магзатова сотқа беремін деп отыр. Полицияға арызданып та қойған.
– Сол күні полицияға өтініш жаздым. Тіркеуден өтіпті. Баламның жағдайы жалпы жақсы. Миы шайқалған, шошынып қалған. Қазір ауруханада жатыр. Кеше «Таза Өскемен» кәсіпорны шақырды, бардым. Керек жағдайды жасаймыз деп отыр. Бірақ сотқа беремін. Себебі кінәлілер жауап беруге тиіс. Келесіде мұндай салғырттық қайталанбасын. Мысалы, арнайы барып, сол аялдаманы көрдім. Түбін бетондап, мықтап бекітіп қойыпты. Соны бірден неге дұрыс істемеген, – дейді Назгүл Магзатова.
Рас, сапасыз құрылыс көп бізде. Қарапайым аялдаманың төрт сирағын бекіте алмаған соң зәулім үйлерге қайдан қадағалау болсын?! Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарының пікірінше, қатты жел салдарынан орын алған оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп, шалағайлық танытқан азаматтар айыпталатын көрінеді.
Негізі әу бастан тиянақты атқарылуы керек еді. Біреу жапа шекпейінше неге селт етпейміз, түсініксіз. Бір күні осы салғырттық сан соқтырып жүрмесе етті. Айтқандай, ТЖД-сіз дауылды ескерту туралы «Дәрмен» мобильді қосымшасынан біле аласыз. Егер дауыл болатын болса, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз. Құдай сақтасын, төтенше жағдай орын ала қалса, 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.
Өскемен