Қоғам • 05 Шілде, 2022

Интернет дүкендерден абай болған жөн

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тұтынушының құқын қорғау мәселесі елімізде әлі күнге күн тәртібінен түсер емес. Керісінше, электронды сауда шыққаннан бері бұрынғыдан да күрделеніп кетті. Солтүстік Қазақстан облысының тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне түсіп жатқан арыз-шағымның көбейіп бара жатқанынан осыны көруге болады.

Интернет дүкендерден абай болған жөн

Мәселен, былтыр 5 айда түскен шағымдар саны 125 болып, соның 5,6 пайызы онлайн саудаға қатысты болса, биылғы 5 айдағы шағым саны 170-ке жеткен және оның электронды саудаға қатыстылары 31,8 пайызға дейін көте­рілген. Демек арыз-шағымның жалпы саны биыл 36 пайызға өскен, оның ішіндегі онлайн саудаға қатыс­тыларының үлесі 6 есеге жуық артқан.

Электронды сауда бойынша жасалатын шағымдардың негізгі бөлігі – сатып алынған тауарлардың сапасы интернет-сайтта көрсетілген сипаттамаға мүлде жанаспайтыны екен. Мәселен, бір әйел табиғи былғарыдан тігілген италиялық мокасинге тапсырыс беріп, оны қымбат бағаға сатып алса, қытайдың жасанды теріден тігілген сапасыз дүниесі болып шыққан. Ондайдың базардағы бағасы қалаған тауарынан он еседей арзан.

Интернет-дүкендердің кейбірі өздерінің атына кір келтіруден қорық­пайды. Өйткені халықты алаяқтықпен алдау үшін ғана тіркелгендер болып шығады. Олар мемлекеттік тіркеуде көрсетілген мекенжайында да болмай шығады. Мәселен, еліміздің көптеген бұрышынан Петропавлда тіркелген бір интернет-дүкенге шағымдар көп түскендіктен, сатып алушылардың құқын қорғау мақсатымен депар-
таменттің қызметкерлері мәселені анықтау үшін көрсетілген мекенжайға барса, бұл жерде олардың ізі де болмаған. Сондықтан мұндай алаяқ фирманы табу оңайға түспейді.

Көп жағдайда біздің адамдардың сенгіштігі де «шығасыға иесі басшы» дегендей өздігінен алдануға жол беріп жатады. Мысалы, жарнамаларда көрсетілген тауарды алғысы келетінін айтып, сатып алушы интернет-сайттарға хабарландыру береді. Біраз уақыттан кейін оның телефонына жайлы дауыспен, сенімді сөздермен сатушы хабарласып, іздеген затын сататынын айтады. Алаяқтың мәймөңкесіне елтіген сатып алушы тауар жеткізушінің контактілік деректерін нақтылауды да ұмытып кетеді. Тек қолына сапасыз тауар түскенде ғана санын бір-ақ ұрады. Сатушының нақты деректері жоқ болғандықтан ақшасын да қайтара алмайды, сапасыз тауарды ауыстыруға да қолы жетпейді. Екеуінің арасында жазбаша келісім болмағандықтан құқық қорғау органдары да қайран қыла алмайды. Жалғыз-ақ тұтынушының құқын қорғау департаментіне шағымданады. Мұндай жағдайда олардан да еш қайран жоқ. Сондықтан «сатушымыз» деген фирманың барлық дерегін, мекенжайын, телефондарын, электронды адрестерін басқа көздерден анықтап, адалдығына көз жеткізген соң барып қана саудаласу керек. Ал адал сатушылар өздерінің деректерін ешқашан жасырмайды.

Солтүстік Қазақстан облысы Тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің басшысы Ләзім Мияшева сатып алушының басқа да кейбір талаптарды білгені дұрыс екенін айтты. Мысалы, сатушыдан тауардың сертификатын немесе талапқа сай екендігі туралы декларацияны, ақша төлегендігі жөніндегі түбіртекті талап ету керектігін жеткізді. Сондай-ақ интернет-ресурстардан сатушының репутациясы туралы пікірлерді де анықтаған жөн. Ал тауарды алған соң ол айтылған сапаға сай болмаса фото және бейнекөріністі дәлел жинау керек екен. Соңғы уақыттарда облыстық Тұтынушылар құқын қорғау департаментіне Wildberries деген интернет-дүкеннің әрекеттеріне шағым көп түскен. Алданған тұтынушылар ақшаларын қайтара алмай сарсаңға түсуде. Сөйтсе, бас кеңсесі Мәскеу қаласында тіркелген бұл кәсіпорынға байланысты мәселелер Ресейге қарсы жасалған санкцияларға қатысты туындаған. Алыс шетелдерден сапалы тауарлар жеткізумен айналысатын бұл интернет-дүкен соңғы уақытта санкцияның әлегімен сатып алушылардан ақшасын алғанымен тауарын жеткізе алмай басы дауға қалып отыр.

Қорыта айтқанда интернет арқылы сауда жасаушылар сатушының сенімділігіне мұқият қарағаны жөн. Сонда ғана қапы қалмайсыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы