Еркін Меңдіқара ауданында, қазақтың әйгілі механизатор қызы Кәмшәт Дөненбаева дүниеге келген Харьков ауылында туып-өсті. Өз әкесі де осал адам емес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұмыссыз қалып, қалаға қарай үдере көшейін деп тұрған ауыл азаматтарын тоқтатып, шаруашылық ұжым құрып, көпшілікті еңбекке жұмылдыру арқылы ауылдың берекесін сақтап қалған атақты диқан Сайран Бұқанов.
Еркін бала кезінен әке тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Әкесінің шаруашылыққа мінетін ойлы-қырлы жерге жүрдек ескі ГАЗ-51 көлігіне мінгесіп алып, егіншіліктің қыр-сырына қанықты. Еңбекке де ерте араласты. Диқаншылыққа деген сүйіспеншілігі мен ынта-талабының ерте оянуына да әкесі ықпал етті.
Сайран Балкенұлы құрметті еңбек демалысына шыққан соң, ірі агрофирманың тізгінін ұлы ұстады. «Қарқын» қазір дәнді және майлы дақылдардан бөлек, асыл тұқымды етті ірі қара өсірумен де айналысады. Серіктестік ұсақ малды қоспағанда, екі мыңдай асыл тұқымды ірі қара ұстайды. Оған қоса, ауылдың сыртында жеке қаз фермасы жұмыс істеп тұр. Құс фермасында 8 мыңнан астам қаз бар. Бірақ шаруашылық құстан аса көп пайда көріп жатқан жоқ. Ферманы қысы-жазы тоқтамайтын жұмыс орнын көбейту үшін ұстап отыр. Егер бұл ауылға жаздың жаймашуақ күндері кірсеңіз, аула біткеннің бәрі әппақ болып жатады. Өйткені тұрғындардың бәрі құс ұстайды.
Әке кәсібін дөңгелетіп әкеткен жаңашыл басшы осыдан бірер жыл бұрын облыстағы ең ірі құс фабрикаларының бірін сатып алып, шаруашылығын кеңейтті. Осылайша, өндірісті бұрын-соңды болмаған жоғарғы деңгейге көтерді. Қазір заманауи құс фабрикасы жылына 55 млн тауық жұмыртқасын шығарады.
– Бала кезімде шаруашылыққа қатысты мәселеде әкем менімен кәдімгі ересек адаммен сөйлесіп отырғандай ақылдасатын. Көбіне көктемгі дән сіңіру науқаны, күзгі жиын-терін жұмыстары жайында әңгімелесетінбіз. Әкем әр адам өмірден өз орнын таба білуі керек, адам сонысымен ғана адам бола алады дегенді жиі айтатын. Қарапайым еңбек адамдарын бағалауды, қадірлеп, құрмет тұтуды да әкемнен үйрендім. Ол кісі көптеген отбасының ауылдан ірі қалаларға көшіп кеткенін өкінішпен айтып, қынжылып отырады, – дейді шаруашылық басшысы.
Әке өсиетін көкейге мықтап түйіп өскен Еркін Бұқанов шаруашылық жұмысшыларының ақыл-ойы күнделікті тұрмыс пен күнкөріс қамынан азат болу керек деп біледі. Яғни ауылда тұратын адамның тұрмысы қалалықтардың тұрмысынан әлдеқайда жақсы болуы керек. Шаруашылық сонда ғана ілгерілеп, дамиды.
– Адамды адал еңбекке жұмылдыру үшін әдемі сөйлеп, қысыр уәдені үйіп-төге бергеннен гөрі, қолдан келсе оның тұрмыстық жағдайын жақсартатын шараны бүгін, дәл қазір қабылдаған абзал. Ең бастысы, ауыл тұрғындары қолайлы тұрмыс, жақсы жағдай жасай білу керек қой. Сонда ғана нәтиже шығып, жұмыс жүреді, ауыл көркейеді. Ауылдың көркеюі оның сыртқы келбетінде ғана емес, сол жерде тұрып, еңбек етіп жатқан адамдардың да жүрегі жан жылуын сезініп, сәуле шашып тұру керек, – дейді Еркін Сайранұлы.
Білікті басшыға ауыл ақсақалдары да риза. Өйткені агрофирма ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту жағына көп көңіл бөледі. Мұны көпшілік те айқын сезініп отыр. «Қарқында» жұмыс істейтін еңбеккердің жалақысы да жоғары. Әр жұмысшыға күзде 4 тонна көмір, 2 тонна жем, 4 тонна шөп тегін беріледі. Мұның сыртында, еңбек маусымы аяқталған соң жыл сайын 2 озат жұмысшы су жаңа көлік мінсе, 10 шақты жұмысшы денсаулығын түзеу үшін шаруашылық қаржысының есебінен еліміздегі ең таңдаулы демалыс орындарына тегін аттанады. Мұның сыртында, агрофирма тұрмысы төмен отбасылардың балаларын жоғары оқу орындарында оқыту, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай қолдау көрсету сияқты игі істерді де үзбей атқарып келеді.
– Ширек ғасыр бойы осы шаруашылықта жұмыс істедім. Қазір зейнеттемін. Талай ауыртпалықты көрдік. Толайым табыстарға да көппен бірге жеттік. Мен бүгін Еркінге өте ризамын. Әкесі аманат етіп қалдырған «Қарқынды» көтеріп, әрі қарай дамытып жатыр. Бүгінгі таңда ол қол жеткізіп отырған көрсеткіш біздікінен де артық. Сол себептен балаларға рахмет. Шаруашылық басында жүрген жастардың барлығы көз алдымызда өскен осы ауылдың балалары. Міне, тепсе темір үзетін 20 шақты жігіт бірлік пен біліктің, еңбекқорлықтың арқасында ірі шаруашылықты ілгерілетіп, елдің батасын алып отыр. Жұмысты ұйымдастыру, жұмысшыны ынталандыру жағы өте мықты. Біздің жігіттер істеп жатыр осының барлығын. Ауылдың бүгінгі берекелі тұрмыс-тіршілігі көңіл қуантады, – дейді еңбек ардагері Қыдыркеш Жолмағамбетов қария.
Соңғы он жылдың ішінде серіктестік егін егетін алқаптың көлемі 20 мың гектардан 70 мың гектарға дейін ұлғайды. Ал кәсіпорын шығаратын өнімнің көлемі төрт есе өсті. Шаруашылық жыл сайын техникалық паркін де жаңартып отыруды ұмытпайды. Мысалы, биыл көктемгі дән сіңіру науқанына арнап 18 метрлік дән сепкіші бар New Holland техникасын сатып алды. Мүмкіндігі жоғарғы жаңа техника 3-4 трактордың қызметін жалғыз өзі атқарады.
– Біздің кәсіпорын цифрландыру мен технологиялық үдерісті автоматтандыру жағынан еліміздегі ең озық кәсіпорындардың қатарына енеді деп нық сеніммен айта алам. Бізде түрлі кластағы 75 ауылшаруашылық техникасы, сондай-ақ автокөліктердің 70 пайызы GPS-мониторинг пен параллель жүргізу жүйесіне қосылған. Біз науқан кезінде техниканың қозғалысы мен жұмысын, жанармай шығындарын қашықтан қадағалап отырамыз. Техника автоматты түрде басқару механизмімен жабдықталған. Бұл науқан барысында механизаторлардың жұмысын едәуір оңайлатады. Тракторды басқару оңай. Адам шаршамайды. Осының нәтижесінде, дақыл себудің сапасы артады, дизель отыны үнемделеді. Мұндай заманауи тәсілге қол жеткізу үшін бір жыл емес, ондаған жылдар кетті, үлкен қаражат жұмсалды. Бірақ әр нәрсенің қайтарымы бар. Қазір сол үлкен еңбектің нәтижесін көріп жатырмыз, – дейді серіктестік басшысы.
Бұл елді мекенде ешкім бос жүрмейді. Бәрі жұмысбасты. Өйткені талап пен тәртіп қатал. Ал еңбек еткен адамға ауыл тұрғындарының құрмет-ықыласы да ерекше. Көпшілікті игі іске жұмылдырып, ауылдың көркеюуіне үлес қосып келе жатқан еңбек адамының жарқын келбеті осындай.
Қостанай облысы