Медицина • 12 Шілде, 2022

Профтексерістер тізімі кеңейтілді

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл сайын Денсаулық сақтау саласында жаңа өзгерістер мен бастамалар көтеріліп, жолға қойылып келеді. Халықтың хал-ахуалын жақсартуға арналған жобалар діттеген мақсатына жетіп, тұрғындардың алғысын алуда. Бұл ретте жақында ғана Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарын профилактикалық тексеру қызметтерін кеңейту туралы бұйрықты бекітті.

Профтексерістер тізімі кеңейтілді

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мамандар ауыл халқына медициналық қызметтердің қол­жетімділігін жақсарту мақ­сатында зерттеу түрлері мен нысаналы топтарды кеңейтуге қатысты. Бұл қалалық және ауылдық халық арасында медициналық қызметтердің қолжетімділігі бөлігінде орын алып отырған дисбалансты кезең-кезеңімен теңестіруге, сақтандырылмаған халықты медициналық көмекпен көбірек қамтуды қамтамасыз етуге, тұтастай алғанда, ауыл халқы арасында аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Осылайша, ауыл тұрғындары­нан профилактикалық тексеруді жүргізу үшін 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастарды кеңінен қамту көзделген. Айта кетер жайт, бұған дейін тұрғындар 30 жастан 70 жасқа дейінгі скринингтік зерттеулермен қамтылмаған.

Ауылдық жерлерде профилак­тикалық тексерулер жүргізу үшін 4 нысаналы топ жолға қойылды: «Жастар» 18 жастан 29 жасқа дейін, «Еңбек – 1» 30 жастан 44 жасқа дейін, «Еңбек – 2» 45 жас­тан 65 жасқа дейін және «Зей­неткер» 66 жас және одан жоғары.

Ауыл тұрғындарынан асқазан-ішек жолы, зәр шығару жүйесі, ересек жастағы топтағы туберкулез және қуықасты безі обырын ерте анықтау, алдын алу қызметтері кеңейтілді. 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тек­серуге ұйымдастыру мақ­сатында осы жылы 1 жас, 3, 6 және 14 жас аралығындағы балаларға назар аудара отырып, зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін қосып, профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін одан әрі ұлғайту жоспарлануда.

Сонымен қатар денсаулық сақтау орталықтарының базасында жасөспірімдер мен жас­тар арасында, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін аурулардың, мінез-құлықтық қауіпті факторларының, ерте жүктіліктің, суицидтердің, лудоманияның және психикалық, репродуктивтік денсаулықтың басқа да бұзылуының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.