Аймақтар • 12 Шілде, 2022

Үздік тауар өндірушілер анықталды

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыста «Қазақстанның үздік тауары-2022» байқауының дәстүрлі кезеңі өтті. Үздік тауар сайысында Шығыс Қазақстан және Абай облысының 70-тен астам тауар өндірушілері өз өнімдерін таныстырды.

Үздік тауар өндірушілер анықталды

Бәлен жердің балы, түген жердің малы дегендей, өңірді көпшілікке танытатын тауары. Танытқаны өз алдына, жергілікті жердің дамуына да үлкен үлес қосады. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр Шығыс Қазақстанның ішкі өнімі бес триллион теңгені құраса, шағын және орта бизнестің үлесі шамамен 20%-ға жеткен екен. Ал бес жыл бұрын тек 17% болыпты. Демек Шығыстың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнеспен айналысады деуге болады.

Бүгінгі байқауда отандық бренд қалыптастырмақ ниетте елеулі еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер өз тауарларын арқалап Өскеменге келген. Іс-шараның басты мақсаты да жергілікті өндірушілерді қолдау, елдегі өндірістің дамуына серпін беру еді.

– Бізде ежелгі грузин технологиялары бойынша жасалған табиғи өнімдер бар. Айталық, сулугуни, брынза, адыгей ірімшіктерін өндіріп отырмыз. Сондай-ақ қаймақ пен майға да сұраныс жоғары. Бұл байқауға біз алғаш рет шақырту алдық, – деді Жоғарғы Үбі ауылынан келген «UTEX» ЖШС фирмасының өкілі Оксана Блинова.

«Қазақстанның үздік тауары 2022» өңірлік байқауында бірқатар қатысу­шы белгілі аталымдар бо­йынша жеңім­паз атанды. Атап айтсақ, «Өндіріс­тік мақсаттағы үздік тауарлар» ата­лымына «SP Jet» ЖШС, «MSK Group kz» ЖШС және «Казэлектромаш» ЖШС жеңімпаз атанды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында «Керемет» ЖШС, «Терра Вита» ЖШС, «Роза киіз басу комбинаты» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымына «Arnna Minerals» ЖШС, «Багратион Ұлан» ЖШС және «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ие болды.

Бұл ерекше байқау жәрмеңке форматында өтті. Қала тұрғындары, қонақтары өңірдің үздік өндірушілерінің өнімдерімен танысып, керегін сатып алып жатты. Оларды сатып ала алды.

 

Шығыс Қазақстан облысы