Экономика • 12 Шілде, 2022

Ел экономикасынан өсім күтіледі

389 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының (AERC) өткен аптада жариялаған Қазақстанның макроэкономикалық шолуына сүйенсек, биыл ел экономикасы 2,9 пайызға өседі. Қазіргідей алмағайып кезеңде осының өзі біздің ел үшін үлкен олжа болмақ.

Ел экономикасынан өсім күтіледі

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Әбігерге түскен әлем

СOVID-19 әлем назарындағы жаңалықтардың қатарынан бір­тін­деп ығысып келеді. Қазір күн тәртібіне Украинадағы қақтығыс, азық-түлік дағдарысының шие­ленісуі, жеткізу тізбегінің бұзылуы және әлемдік инфля­ция­ның өсуі секілді өзекті мәсе­ле­лер шықты. Пандемиядан кейін­гі кезеңде әлемдегі орталық банк­тердің барлығы дерлік инфля­ция­ны ұстап тұру үшін мөл­шерле­мелерді көтеруге тырыс­қаны мәлім. Бірақ соғыс­тың соқ­­қы­сы жағдайды одан әрі ушық­­тыра түскендей. Гео­саяси жағ­дай жаһандық экономиканы тығырыққа тіреп отыр. Сарап­шы­лардың пікірін­ше, 1962 жылғы Кариб дағда­ры­­сынан кейін әлем мұндай жағ­дайға ешқашан тап болған емес.

Bloomberg және Financial Times әлемдік экономиканың құл­дырау қаупі жоғары екенін алға тартып, дабыл қағуда. Ал кей­бір халықаралық қаржы ұйым­дары АҚШ-тағы стагфляция қау­пінің жоғарылағанын көрсетіп отыр. 1981 жылғы желтоқсаннан бері өзінің ең жоғары деңгейіне жеткен АҚШ инфляциясындағы өсудің жалғасуы (осы жылдың мамырында 8,6 пайызды құрады) Федералды қор жүйесіне монетарлық саясатты қаңдатуға мәжбүр етті. Естеріңізде болса, 2022 жыл­­ғы 15 маусымда базалық мөл­­шер­леме 1,5-1,75 пайызға дейін кө­терілген болатын. Бұған «Аме­­рика экономикасындағы жоға­­ры инфляцияға қатысты күр­делі жағдай Украинадағы әске­ри қақтығыстың жаһандық эконо­микаға әсер етуінен де байқа­лады» деп анықтама беріл­ген. Федералды қор жүйесі ұзақмер­зімді перспективада 2 пайыз дең­гей­індегі инфляцияға қол жеткі­зуді және жұмыспен қамтуды максималды түрде жүргізуді жоспарлап отыр.

Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы сарапшыларының пікірінше, дамыған елдердің монетарлық саясатын шектеу дамушы нарықтардан капиталдың жылыстауына алып келеді және дамушы елдердің валюталары мен мұнайдың нетто-экспорттаушыларына қысым жасайды. Бұл ретте қатаң ақша-несие шарттары 1970 жылдардағы мұнай күйзелісі мен тоқырау кезіндегідей инфляциялық спиральға жаһандық экономиканың бұзылуын шектейтін жалғыз нұсқа болып қала береді.

Ашаршылықтың ауылы алыс емес

Әлемдік азық-түлік нарығындағы жағдай пандемия басталғаннан бері нашарлай бастады. Жеткізілім тізбегін бұзып, логистика, оның ішінде азық-түлік тасымалы құнының өсуіне алып келді. Өткен жылдан бастап климаттың өзгеруіне және Украинада соғыстың басталуына байланысты бұл мәселе тіпті шиеленісе түсті. Шығыс Африкадағы құрғақшылық, Аустралиядағы су тасқыны, Еуропа мен Оңтүстік Америкадағы аптап ыстық, Украина астығын әлемдік нарықтарға экспорттауға Ресейдің қойған шектеулері Африка мен Азияда ашаршылық қаупін тудырды. FAO индексі 2022 жылы бұрынғы рекордтарды басып озды және оның мамыр айындағы орташа мәні 157,4 тармақты құрады. Әлем елдері үшін халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасы бұрынғыдан да өзекті болып отыр.

Дүниежүзілік банк 2022 жылы жаһандық экономиканың өсу болжамын қаңтарда күтілген 4,1 пайыздан 2,9 пайызға дейін төмендетті. АҚШ экономикасының өсу болжамы осы жылы 3,7 пайыздан 2,5 пайызға дейін төмендеді. Келесі жылға арналған болжам 2,6 па­йыздан 2,4 пайызға дейін кеміген. Қытай экономикасының өсу болжамы биыл 5,1 пайыздан 4,3 пайызға төмендесе, 2023 жылға арналған болжамы 5,3 пайыздан 5,2 пайызға дейін азайды.

Халықаралық валюта қорының сәуірдегі болжамына сәйкес 2022 және 2023 жылдары әлемдік экономиканың өсуі 3,6 пайызға бағаланды. Бұл қаңтардағы болжамнан 0,8 және 0,2 пайыздық тармаққа төмен. Биылғы жылы АҚШ экономикасы 3,7 пайызға, Қытай экономикасы 4,4 пайызға ұлғаяды деп болжанып отыр.

«Әлемдік қаржы нарықтары үшін биылғы жыл құлдырау кезеңіне өтумен байланысты. MSCI World әлемдік акциялар индексі жыл басынан бері 18 пайыздан асса, АҚШ S&P 500 және Nasdaq индекстері сәйкесінше 18,4 пайызға және 26,6 пайызға құлдырады. Ал Қытайдың MSCI China акциялар индексі 10,6 пайызды жоғалтты. Нарықтардың бұлайша өзгеру себебі қазіргі жағдайдың шиеленісуіне және жаңа қауіп факторларының пайда болуына байланысты. Оның ішінде геосаясат, әлемдегі жоғары тұтынушылық инфляция және монетарлық жағдайлардың күшеюі себеп болып отыр», делінген AERC шолуында.

Әлемдік тауар нарықтары көп бағытты серпінді көрсетіп отыр: энергия тасымалдаушылары мен азық-түлік тауарлары құнының тез өсуі және бағалы металдар құнының төмендеуі. Brent маркалы мұнай мен табиғи газдың бағасы бір жыл ішінде Украинадағы соғыс пен Ресей мұнайының эмбаргосы жағдайында 1,7 есе өсті. Жұмсақ күздік бидайдың бағасы жылдық мәнде 2,4 есе, қатты күздік бидайдың бағасы 1,8 есе қымбаттады. Керісінше, әлемдік экономиканың дәстүрлі барометрі болып саналатын мыстың бағасы 2021 жылдың басынан бастап барынша төмен деңгейге дейін жетті. Бұл әлемдік экономиканың баяулауы мен сұраныстың төмендеуіне қатысты өсіп келе жатқан алаңдаушылық аясында наурыздағы деңгейден 20 пайызға төмен.

Теңге мен рубль «текетіресі»

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың бес айында Қазақстан экономикасының өсімі 4,6 пайызды құрады. Экономикада қызметтер секторы мен экспорт негізгі драйвер болып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,4 пайызға, оның ішінде өңдеу салаларында – 5,3 пайызға, тау-кен өндірісінде – 4,3 пайызға, сумен жабдықтауда 2,8 пайызға ұлғайды. Өндіріс көлемінің төмендеуі электр энергиясымен жабдықтауда (0,2 па­йыз) тіркелді. Ауыл шаруашылығы – 1,3 пайызға, сауда – 10,8 пайызға, көлік және қоймалау – 8,1 пайызға, байланыс 7,2 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2022 жылғы қаңтар-мамырда ұлғайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2,5 пайызға артқан.

Ресейге қатысты санкцияларға және әлемдік тауар нарықтарына қол жеткізу кезіндегі ықтимал шектеулерге қарамастан, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2022 жылдың төрт айында 39,7 млрд АҚШ долларын құрады. 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда көрсеткіш 40,8 пайызға өсті. Экспорт 26,5 млрд АҚШ долларын құрады (+1,6 есе), импорт 13,2 млрд АҚШ долларына жетті (+13,7 пайыз). Жеткізу тізбегінің бұзылуымен бірге санкциялық қысымның жалғасуы Қазақстанның сыртқы саудасы үшін негізгі қатерлер болып саналады.

«Ресейдің биржалық тауарларына салынған санкциялық эмбарго және Ресей бағытындағы импортты шектеу рубльдің долларға қатысты бағамының уақытша нығаюына жол ашты. Ал бұл қазақстандық теңге бағамының айтарлықтай тұрақсыздығын тудырады. Мұнай бағасының күйзелісін және ақшаның әлемдік құнын (ФРЖ мөлшерлемесі) Ресей рублі өзіне сіңіреді және айырбас бағамы арнасы арқылы теңгеге әсер етеді. Шын мәнінде, осы жылдың динамикасы көрсеткендей, Ресей рублінің өзгерісіне қарағанда, сыртқы күйзелістер теңге динамикасына әлсіз әсер етеді. Рубльдің әлсіреуі Ресей импортын әртараптандыру процесі жылдам болған кезде мүмкін болады, оның үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 38,5 пайыздан 41 пайызға дейін төмендеді», деп көрсетілген AERC шолуында.

Инфляцияның жаһандық өсуі тұтыну тауарларына бағытталған.  2022 жылғы мамырда балалар жылдық мәнде тұтыну тауарларына 14 пайызға, өнеркәсіптік бағалар – 29 пайызға және ауыл шаруашылығында 19,7 пайызға өсті. Ұлттық банктің инфляциялық таргетіне осы жылда 4-6 пайызға қол жеткізу қазақстандық импорттың қазіргі құрылымы кезінде мүмкін болмайтыны анық.

AERC Қазақстанның дәл осы макро­экономикалық шолуында 2022 жылға арналған болжам ретінде SMAF модельдеу жүйесінің жиынтық сұраныс моделінде үш сценарий әзірлепті (пессимистік, базалық, оптимистік). Базалық сценарий келесідей алғы­шарт­тарға сүйене отырып жасалған: Brent маркалы мұнай бағасы 2022 жылы орта есеп­пен барреліне 107,4 АҚШ доллары дең­гейінде қалыптасады,  саудадағы серіктес елдер экономикасының өсімі – 2,5 пайыз, Қазақстанның мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 85 млн тонна.

Міне, осындай жағдайларда AERC сарапшылары жиынтық сұраныс моделіне сәйкес биыл Қазақстанның нақты ішкі жалпы өнімінің өсімі базалық сценарий бойынша 2,7 пайыз болады деп болжап отыр. Жиынтық ұсыныс моделінің негізінде Қазақстанның нақты ішкі жалпы өнімінің 2022 жылғы өсімі 3,2 пайыз болмақ. 2022 жылға арналған жиынтық сұраныс пен ұсыныс модельдерінің негізінде Қазақстанның экономикалық өсуінің консенсус-болжамы 2,9 пайызды құрайды. Базалық сценарийдегі инфляция биыл 15,7 пайыз деңгейінде қалыптасады.