Өнер • 13 Шілде, 2022

Күннің бату симфониясы

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күннің алтын сәулесіне шо­мыл­ған мамыражай тірліктің сұл­ба­сы сұлудың жан толқы­тар сөзін­дей көңілге нәр береді. Ару табиғаттың көз суырар әсем­­дігі суретшіні айналып өтуі мүм­кін емес. Ымырт ұялап, ұза­ты­лар қыздың сәукелесіндей жел­біре­ген күннің шапағы Тәңір жазған картинадай ғажайыпқа толы. Таудың иығына сүйе­ніп барып қалың ұйқыға бататын тіршіліктің тамыры содан қуат алып жатқандай.

Күннің бату симфониясы

Қалай десек те, картинаның ба­ғыт-бағдары, кескін-келбеті өзге­ше. Қазақ бейнелеу өнерінің біртуар түлегі, шоқтығы биік суретші Жаңа­тай Шәрденовтың қолтаңбасы бір­ден байқалады. Табиғатқа келгенде тағалаған жорғадай жүйткитін шебердің еңбегі орасан. 1978 жылы жазылған «Күннің бату симфониясы» бүгінге дейін өз құнын жоғалтқан жоқ.

Қылқалам шеберінің ерекшелігі де сол, табиғат көріністерін бейнелей отырып, бояуды қалың әрі бірнеше қабатта қолдану арқылы, таудың қырларын, бөлшектерін бір-бірімен үйлестіріп, шынайы бейнесін тапқан. Тек таулардың ғана емес, ағаш жапырақтарын дәл орнықтырып, гүлдердің күлтелеріне қонған көлең­кеге дейін мағына берген. Еркін жағу тәсілімен олардың фактурасын да нақ тауыпты. Соның әсерінен бейнелер кенептің сыртынан жарып шығып, шынайы түрде жандана, тіріле түседі. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманауи 3D форматта ұсынылып тұрғандай әсер қалдырады.

Суреткердің әр шығармасы жеке бір әлем. Өнертанушылар да солай деп пайымдайды. Сан алуан түс­тер­ді қолдана отырып, жылдың әр мезгі­ліне өзгеше өң берген. Тылсымға толы табиғаттың кереметін тау көрініс­тері­мен әсерлі жеткізген.

Бақсаңыз, «Күннің бату симфониясы» шығармасындағы шырынды жасыл, қызғылт, қара-көк, қоңыр, яғни кешкі уақытты бейнелейтін қа­нық түс­тердің гаммасы рет-ретімен жоға­ры­лай жағылған. Тіпті бір-бірімен бір­лесе отырып, кульминация жасап, қо­ры­тынды аккордтары қанық қызыл реңг­ке ұласады. Осылайша салтанатты түрде шығарма тәмамдалады.