Бұқаралық ақпарат құралдары, бейнелеп айтсақ, біздің күнделікті тыныс-тіршілігіміздің бөлінбес бір бөлшегі. Оны әсіресе біз секілді жасы егде тартқан адамдар ерекше сезінеді.
Кезінде «Хабар», «Qazaqstan» ұлттық телеарналарынан «Шынның жүзі», «Дара жол», «Нұр тілеу», «Жүзден жүйрік», тағы басқа да осы секілді мазмұнды хабарларды жиі тамашалаушы едік. Өкінішке қарай, кейінгі кездері ондай хабарлардан көз жазып қалдық. Телекөрсетілімдердің көпшілігі бір сарынды, көрермендерді өзіне тартпайды. Көбіне-көп бұрын түсірілген хабарларды қайталап беріп жатады.
«Qazaq radiocy»-нан гөрі, «Шалқар» радиосының хабарлары тартымдырақ әрі ұлттық қалыпқа жақындау секілді әсер қалдырады. Радиодан өнер адамдары туралы танымдық хабарлардың жиі берілгенін қалар едік.
Әдетте күз айларында радио мен телеарналардың хабарлардың жаңа форматына көшіп жататынынан хабарымыз бар. Олай болса, біз де тыңдарман әрі көрермен ретінде мазмұнды да тартымды хабарлардың көп болғанын құптаймыз.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
еңбек ардагері
Түркістан облысы