Қоғам • 13 Шілде, 2022

Біз әділетті қоғам құра алдық па?

1739 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Адамдар əділ болса, өмір əрқашан əділ». Бұл қазақтың ірі тұлғасы Əбіш Кекілбаевтың сөзі. Расында, әділетті адамдар көп жерде ізгіліктің оты тұтанып, жамандық атаулы жақсылықтың астында үнемі жаншылып жатады. Біз іздеген әділетті, ізгілікті қоғамның бір сипаты осындай болса керек.

Біз әділетті қоғам құра алдық па?

Біз әділетті қоғам құра алдық па? Нақты «былай» деп жауап беру қиын сұрақ. Десек те көпшілік айтып жүргендей, «әділетті қоғам құра алмаған секілдіміз», деген үн ішкі сараймызды ұдайы кернейді де тұрады. Демек, біздің қоғамда әділ адамдарға қарағанда әділетсіз адамдардың көп болғаны да. Әділетсіз адамның қолынан әділетсіз қоғам құру ғана келеді. Мұндай қоғамда лас іс-әрекеттерге барып өмір сүруге, қарауларға өмірдің игіліктерін барынша көруге мүмкіндік молынан беріледі де, керісінше адал адамдардың тынысы тарылып, екінші сатыға ысырылып тасталынады.

Қоғамда әділетсіз адамдардың көп болуына бірінші кезекте биліктің әділетсіздігі тікелей әсер етеді. Билігі әділетсіз елде ешқашан таза, ашық, әділетті қоғам қалыптаспайды. Бұл жағдай түптеп келгенде адамдардың мінез-құлқына, отаншылдық рухына, еліне деген құрметі мен махабатына кері әсерін тигізеді.

Әділетсізді кім үлгі тұтсын, оның сөзін кім тыңдасын? Құр сөзбен ақыл айтып, жол көрсеткеннен гөрі іспен үлгі болып, бағыт-бағдар беру ұтымды, өзін өзі ақтайтын үрдіс. Біз әлі күнге жұртты нақты ісімізге сүйсіндіріп өзімізге тарту арқылы емес жалаң ұран, бос сөзбен үйіріп, алға жетелегіміз келеді. Оған кім ереді?

Қай мемлекет болсын өзі құрған қоғам­ды ізгілендіруді, әділетті етуді басты мұрат санайды. Осы орайда елдің ынты­ма­­ғы­на, қоғамды дендеген түрлі кеселден арыл­туға тікелей ықпалын тигізетін адами ұс­танымдардың, қағидаттардың, иманды­лық құндылықтарының, жекелеген тұлға­лар­дың көз сүйсіндірер, жан тебірентер іс-әрекеттерінің орны бөлек. Сондықтан адами құндылықтардың кеңінен дәріптелуі, ізгілік, қайырымдылық шараларының мейілінше көптеп ұйымдастырылуы, қоғамымыздағы жарасымды қарым-қатынастардың жиі насихатталып, үнемі үлгі-өнеге ретінде көрсетілуі басым бағыттардың бірі ретінде қолға алынуы аса маңызды.

Бүгінгі қоғамымызда қылмыс атаулының түр-түрі көзге шыққан сүйелдей болып жиі көрініс береді. Ұрлық, тонау, алдап-арбау, бопсалау, зорлау деген жағымсыз жағдаяттар өміріміздегі үйреншікті іске айналып, бұларға деген төзбеушілік сезімі мүлде жойылып кеткендей көрінеді. Оның үстіне, заңды түрде қылмыс саналмағанымен адамдық қадір-қасиетке кереғар келетін жат қылыққа, жиркенішті іс-әрекетке саналы түрде баратын, онысын әлеуметтік желілер арқылы қымсынбай, «мынауым ұят болады-ау» демей, аярлықтың неше атасын жасайтын замандастарымыз да көбейіп кетті. Мұның барлығы түптеп келгенде өмір сүріп отырған ортамызға деген жағымсыз көзқарас қалыптастырып, қоғамымыздың жарқын, жақсы тұстарын, келелі істер мен өнегелі сипатын көлегейлеп, бүркемелеп тастайтыны қынжылтады. Осы орайда, жоғарыда айтқанымыздай, жақсы мен жаманды айыра біліп, өзінің адал болмысымен, әділетті іс-қимылымен талайға үлгі болып жүрген отандастарымызды жарқырата көрсету, кеңінен насихаттау ісіне мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлудің уақыты әбден жеткен секілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде:

– Жалпы, әділдік – әрқайсымыздың бо­йымызда болуға тиіс құнды қасиет. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек... – деді. Президенттің осы сөзінен еліміздің алдында аса үлкен іс – әділетті қоғам құру міндеті тұрғанын анық көреміз.

Қорыта айтқанда, әділетті қоғамның құрылуы әділ билік пен адалдықты ту еткен халықтың бірлескен іс-қимылына тікелей байланысты. Елімізде бұған қажетті барлық алғышарттар да, мүмкіндіктер де бар. Осы алғышарттар мен мүмкіндіктерге жол ашып беріп отырған бүгінгі кезеңнің қадірін біліп, орайы келіп тұрған оңтайлы істерді ел игілігіне айналдыру – өзін-өзі құрметтейтін, бағалайтын халықтың қолынан келетін іс екеніне күмәніміз жоқ.