Қазақстан • 15 Шілде, 2022

Ел ертеңіне жол ашқан съезд мәресіне жетті

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясы «Жастар рухы» жас­тар қанатының кезектен тыс VI съезі аяқталды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі. Жастар форумының соңғы күні партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов төрт күн бойы белсенді жұмыс істегені үшін барлық өңірден келген делегаттарға алғыс айтып, естелік сертификаттар тапсырды.

Ел ертеңіне жол ашқан съезд мәресіне жетті

А.Оралов бүгінде «Жастар рухы» Қазақстан бойынша 100 мыңнан аса жас азаматты біріктіретінін, олардың 90 па­йызы өңірлердегі белсенділер екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына арнаған үндеуінде Отанға қажет әрі пайдалы болуға ұмтылу – әрбір адамның мақсаты болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл іс-шара жастардың бірлігі мен ынтымағын айқындады. «Жастар рухы» жастар үшін толыққанды әлеуметтік лифт болатынына кәміл сенемін», деді Amanat пар­тия­сының Атқарушы хатшысы.

А.Ораловтың пікірінше, жас азаматтар қуат-күшімен, Жаңа Қазақстанды құруға бел­сен­ді қатысуымен Президент бастамасымен қолға алынып жатқан реформаларды тиімді іске асыруға өз үлесін қосады.

Өз кезегінде қызылордалық делегат Нұрбол Серікбай съезде партияның жастар қанатын одан әрі дамыту үшін маңызды ше­шімдер қабылданғанын атап өтті.

«Ұйымның атауы өзгергені оның 20 жылдан астам уақыт тарихындағы жаңа кезеңді білдіреді. Бүгінде елімізде терең реформалар жүріп жатыр. Жастар осы өзгерістердің бел ортасында болуға тиіс», деді ол.

Ақмола облысынан келген Зарина Қайыржанның айтуынша, Jas Talks алаңында қы­зық­ты спикерлер болды. «Өзге өңір­лердің жастарымен кездес­тік. Тә­жірибе алмасып, өз идея­лары­мызбен бөлісіп қана қой­май, басқа қалалардан келген әріп­тес­те­ріміздің ұсыныстарын тал­қыладық. Жастар қана­тын трансформациялау бағдар­ламасын ескере отырып, алға қой­ған мін­дет­­терді іске асыру үшін тың күш-қуат пен ерекше шабыт алд­ық», деп атап өтті З.Қайыр­­жан.

Нұр-Сұлтаннан келген делегат Ерлан Марат съезд жұмы­сы­ның бейресми бөлігін жоғары баға­лады. «Пленарлық отырыс­тан бөлек, өте мазмұнды бағдар­ламалар болды. Яғни ақпараттық тренингтер, семинарлар, қы­зықты мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Алаудың айналасында отырып, гитарамен ән шырқадық», деді Е.Марат.

Ақ­мола облысының Зеренді ауылын­да өткен съезд жұмысына барлық өңір­ден 350-ден астам деле­гат келді. Қатысушылар үшін білім беру тренингтері ұйым­дас­ты­рылды. Белгілі мемлекет және қо­ғам қайраткерлері Jas Talks ашық диалог алаңының қонағы болды.

Кезектен тыс VI съездің ше­шімімен жастар қанатын транс­формациялаудың жаңа бағдар­ламасы қабылданды. Жастар ұйымының атауы мен Орталық кеңестің құрамы өзгерді.