Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаев әуежайдың ұшу-қону жолағы тиісті деңгейде қамтамасыз етілгенін айтады. Жеке инвестор «Скат» әуекомпаниясы терминал құрылысын жүргізуде. Аталған құрылыс нысаны ерекше жобалардың бірі болып саналады. Терминал пайдалануға берілген соң оның жолаушылар қабылдау қабілеті он есеге артады.
«Қазір мысалы, сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетсе, терминал салынып біткен соң ол 2 мың жолаушыға өседі. Бұл – бірінші артықшылығы. Екіншіден, басында инвесторларға телескопиялық траптар қоюды міндеттегенбіз. Инвестор осы талапты орындады. 2018 жылы Шымкент қаласы әкімдігі мен «Скат» әуекомпаниясы арасында жаңа жобаға орай меморандум түзілген. Әкімдік тарапынан мойнына алған міндеттемеге сай жаңа терминалға дейін жол жүргізілді. Автотұрақ орны ұйымдастырылды. Сол секілді тиісті инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда терминал құрылысы 85 пайызға орындалып отыр», дейді басқармасы басшысының орынбасары.
Иә, жаңа терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттері жасалуда. Одан бөлек, ішкі көтеру механизмі траволатор, эскалатор, лифтілер орнатылуда. Телескопиялық траптар мен багаждық жүйеге қажетті құрылғылардың барлығы сатып әкелініпті. Әкімдік өкілінің айтуынша, жоба жоспарланғанда құны 12 млрд теңге болыпты. Қазірге дейін инвесторлар құрылыс материалдары мен логистика қызметінің қымбаттауына байланысты 15 млрд теңгеге дейін шығын шығарған. Сонымен бірге пандемияға байланысты 2 жылдық шектеу кезінде құрылыс жұмыстарының мерзімі созылған. Жалпы, терминалдың аумағы 40 мың шаршы метр, оның ішінде пайдалы аймақ 35 мың шаршы метр болмақ. Ал қолданыстағы терминалдың ауданы 3,5 мың шаршы метр ғана екен. Жобаны жүзеге асырушы, жоғарыда айтқанымыздай, «Скат» әуекомпаниясы Шымкенттің жергілікті инвесторы болып саналады. Сол себепті де қалалық әкімдік әуекомпанияның осы терминал арқылы ұшу географиясын кеңейтуге мүдделілік танытып отыр. Ресми емес, инвестор таратқан ақпаратқа сәйкес жаңа терминал биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Нәтижесінде, ішкі рейстер кеңейіп, халықаралық әуе рейстерінің саны артады деп күтілуде.
Десек те әуежайдың бүгінгі құрылысына қатысты қарсы пікір айтушылар аз емес. Мысалы, қаншама жыл қаланың сәулет құрылысы саласын басқарып, осы қызметтен зейнеткерлік демалысқа шыққан, кезінде мегаполистің сәулетін қалыптастыруға өзіндік үлесін қосқан Нұрлан Архабаев бас жоспарға алғашқы штрихтер ене бастаған ерте кезгі уақытта әуежай Темірлан тасжолы бағытында, бірақ қаладан 10-15 шақырым қашықтықта салынады деп жоспарланғанын айтады.
«Менің ойымша, инвестициялық қаражаттың жоқтығынан болса керек, әуежай сол орнында қалып қойды. Қазір тіпті қала аумағы кеңейген соң аэропорт мегаполистің ішінде қалып кетті. Айналасы қаптаған елді мекен. Естеріңізде болса, Алматы қаласы әуежайының маңында ұшақ үйге соқтығып апатқа ұшырап, біраз адам қаза тапқан еді. Осы қайғылы оқиғадан соң тиісті ведомство мен прокуратурадан әуежай маңындағы үйлерді көшіру туралы тапсырма келген. Бірақ менің білуімше, сол тапсырма толық орындалған жоқ. Шымкенттің әуежайының маңында әлі де 200 үйдей қалып отыр. Негізінде ереже бойынша әуежайлар қаланың сыртында бірнеше шақырым қашықтықта орналасуы керек. Бәрінен бұрын адам өмірі маңызды емес пе?!», дейді Н.Архабаев.
Ал аты-жөнін айтпауын өтінген, осы салаға жауапты маманның сөзінше, Шымкентке заман талабына сай халықаралық үлкен әуежай қажет. Қазіргі әуежайдың ұшу-қону жолағы Қорғаныс министрлігіне қарасты екенін, сондықтан ол азаматтықтан гөрі әскери авиациялық стратегиялық нысанға көбірек жатады. Түркістан қаласына салынған халықаралық әуежай Шымкенттің әуе қақпасының мәртебесі мен абыройын төмендеткенін айтушылар да жоқ емес.
Дей тұрғанмен, терминал құрылысын қадағалаушы қала әкімдігінің тиісті басқарма өкілі Мұхтар Қоқанбаев қазіргі әуежай өзінің орнында қала беретінін, жаңа әуежай салу мәселесі Шымкент республикалық мегаполис мәртебесін алғалы да көтерілмегенін мәлім етті. Өйткені аэропорт салу құрылыс жобаларының ішіндегі ең құны қымбат нысандардың бірі саналады. Сондықтан оған миллиардтаған қаржы жұмсалады. Шымкентте жаңа әуежайдың құрылысын бастауға біріншіден, бюджет көтермесе, екіншіден мұндай мегажобаны жүзеге асыруға инвестордың табылуы қиын. Әкімдік өкілі болашақта мегаполис тұрғындары 5-10 млн-нан асқан кезде бұл мәселенің өзектілігі білінер деген пікірде.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
журналист
ШЫМКЕНТ