Мамандар кеңес жүргізіп, диагностика, ем-шара жасап, алғашқы медициналық көмек көрсетумен шұғылдануда. Кеңестік-диагностикалық пойыздың мамандары мүмкіндігінше көп пациент қабылдап, тексеріп, ем тағайындап, қажет болса аудандық, облыстық ауруханаларға жіберуге тырысуда.
Пойыздағы кеңесші-дәрігерлердің айтуынша, емделушілердің көбі терапевт дәрігерге жүгінген. Балалар дәрігеріне кезекке тұрушы көп. Офтальмолог пен хирургке тексерілушілер саны артқан. Пойызда ЭКГ, УДЗ және флюорография аппараттары бар.
Мамандандырылған медициналық пойызда кішігірім хирургиялық операциялар да жасалуда. Пойыздағы жоғары санатты офтальмолог дәрігер Сәкен Какпенов: «Мен мұндай сапарға бірінші рет шығуым емес. Үш жыл бұрын «Жәрдем» медициналық пойызымен елді аралап, қызмет көрсеткенмін. Ол кезде оңтүстік өңірлерде болғанбыз. Шалғай ауылдардағы көру қабілеті нашарлаған бірнеше адамға көмектесіп, ризашылығын естіп, ұмытылмас сәттерді бастан өткердім. Біз глаукома және катаракта сияқты ауруларды ерте анықтап, хирургиялық жолмен емдеу арқылы көру қабілетін жақсартудың маңыздылығын түсіндік. Медициналық пойыздың жұмыс тәжірибесі ұнайды. Ел арасында қандай сырқаттар барын бағамдаймыз. Оларға қандай көмек көрсету керегін саралаймыз. Сырқаттардың орын алу себептерін анықтаймыз. Сол арқылы алдын алу шараларын жасаймыз», деді.
Жетісу өңірін аралап жүрген пойыз бүгінге дейін 1 007 адамға қызмет көрсеткен. Көбіне дәрігерлік нақтама қойылып, ем-шара жасалып, дәрі-дәрмек тағайындалды. Біразы жергілікті ауруханаларға жатқызылды. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Жетісу облысынан кейін Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына жол тартпақ.
Жетісу облысы