«Freedom Holding» құрылтайшысы Тимур Турлов АХҚО-да ашылатын жаңа алаң ресейлік акционерлер мен брокерлері үшін қолжетімді болмайтынын, Ресей Федерациясының бағалы қағаздарымен сауда жасалмайтынын ашып айтып, «хаб ресейліктер үшін ғана ашылады» деген әңгімеге нүкте қойды.
Т.Турлов айтып өткендей, бұл жерде басымдық Санкт-Петербург биржасына (СПБ) емес, оның технологиясымен жұмыс істейтін жаңа алаңға басымдық берілмек. Ал оның жаңа биржаға немесе инвестициялық хабқа айналуы уақыттың еншісіндегі мәселе. Әзірше жоба күйінде талқыланып жатқан құрылымның табиғаты биржаға емес, инвестициялық хабқа жақындау. Биржадан ауысатын жалғыз фактор – технологиясы ғана.
Т.Турловтың баяндауынша, СПБ технологиясымен жұмыс істейтін алаңда Ресейдің емес, АҚШ, Еуропа, ҚХР компаниялары бағалы қағаздармен жұмыс істейді. «Егер басқаша болса, біз оның жұмысына қатыспаймыз. Біз тек қана шетелдік (ресейлік емес) компаниялардың бағалы қағазымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін биржалық технологияны қолдануға мүдделіміз», деді ол.
Ал Freedom Finance холдингі басқарма төрағасы Сергей Лукьяновтің айтуынша, ашылады деп болжанған биржадағы шетелдік бағалы қағаздардың сауда-саттығы биржалық құралдар бойынша бірыңғай позицияны ұсынуға және тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді, сауда-клирингтік IT-платформасында өтеді.
Сарапшылар СПБ биржасының (Санкт-Петербург биржа) қолданысқа енген технологиясы маңызды екенін айтып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік бағалы қағаздар бойынша мәмілелер көлемі шамамен 394 млрд долларға жетті, бұл 2020 жылға қарағанда 135,29 пайызға көп. Ал ресейлік компаниялардың саны 13 мыңнан асады. Finprom.kz жариялаған дерекке сай, елдегі шетелдік компаниялардың өсуі 2022 жылдың наурызында басталған. Наурыздағы өсім – 3,3 пайыз, сәуірде – 4 пайыз, мамырда 4 пайыз болды. Сарапшылар геосаяси жағдай күрделенген сайын ресейлік компаниялардың ағыны жалғаса береді деген пікірде. Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтың сөзіне ден қойсақ, Қазақстанда жеке биржа немесе инвестициялық хаб құру идеясын қазір ресейлік қаржыгерлер, брокерлер көптен бері талқылап жатыр. Олардың инфрақұрылымдық шектеулерді айналып өту жолдарын іздестіруі – алдын ала болжанған құбылыс. Себебі көрші елдің шетелдік инвестиция тарту мүмкіндігі шектеліп келеді. Бірақ сарапшы айтып өткендей, ресейліктер бұл жобаны нарық көзі ретінде қарастырғысы келетіні анық.
«Санкт-Петербург биржасының Қазақстанда қоныс аударатыны туралы ақпарат мамыр айының басынан айтыла бастады. Инвесторларға шетелдік бағалы қағаздарға, ал компанияларға шетелдік қаржыландыруға қол жеткізу маңызды болғандықтан біздің елдің нарығына көз салып отыр. Қазақ нарығының ресейлік компанияларға жан-жақты қолайлы болғаны үшін ғана жаңа инвест алаң ашудың қажеті жоқ. Басы артық қаржың болса, Алматыдағы пәтеріңде отырып, Лондон мен Шанхай биржаларында сауда жасауға болады», дейді Б.Зиябеков.
Сарапшының айтуына қарағанда, бұл алаң Ресейге шетелдік капиталды тарту үшін, ал жеке инвесторларға санкциялар жағдайында шетелдік бағалы қағаздарды сату үшін қажет. Көрші елге бұғатталып үлгермеген бағалы қағаздарды айналымға салатын, Ресейден өзге елде орналасқан жаңа орта болуы маңызды.
Қаржыгер айтып өткендей, саясатта мәңгілік ештеңе жоқ. Бүгін бір-біріне қырын қарап отырған елдер күні ертең келісімге келеді. Мұндай жағдайда бізді екі сценарий күтіп тұр. Бірі МосБиржа немесе СПБ (Санкт-Петербург) биржасы қалыпты жағдайға көшкен кезде біздегі үшінші биржаның алаңдары қаңтарылып қалады. «Екінші мәселе – СПБ АХҚО алаңында инвестициялық хаб ретінде жұмысын жалғастыра береді. Мен екінші сценарийге басымдық беремін. Осыған дейін 2012 жылы МосБиржа Алматы қор биржасының 3,2 пайыз акциясын сатып алған. Қазір Қазақстан қор биржасындағы ресейлік компаниялардың үлесі 13 пайызға жетті. Күні ертең бұл көрсеткіш еселеп өсуі мүмкін. Себебі қазіргі жағдай кейінгі тарихта «Ресейден көш келеді» деген атпен таңбаланып қалары анық», дейді қаржыгер.
Қор биржасының, құнды қағаздар нарығының жағдайы – әлеуметтік-экономикалық деңгейіміздің индикаторы. Екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Құнды қағаздар – абстрактілі дүние емес, компанияның активі. Қор нарығын жұмыс істетеміз десек, бізге өндірісті дамытып, шағын кәсіпкерлікті жолға қою керек. Халықтың құнды қағаздар нарығына бет бұруға шамасы жоқ. Қор нарығына қатысуға ниет білдіргендер 1 пайыздан аспайды. Халықтың қолдауынсыз жалпыхалықтық сипатқа ие бола алмасы анық. Бес-алты ұлттық компанияны қор нарығына шығарып, оны дамытамыз деу де, дәл осындай жағдайда үшінші биржаны ашамыз деу де басы артық шығын, дейді сарапшылар.
«Сарапшы ретінде Санкт-Петербург биржасының технологияларын Қазақстандағы биржаларда қолдануды қолдаймын. Себебі СПБ-да халықты өзіне жұмылдырудың тетіктері қалыптасқан. Ал бізде Қазақстан қор биржасы (КАСЕ) ішкі нарыққа, Астана халықаралық қаржы орталығының бағыты Англия мен Уэльс құқығының принциптеріне, нормалары мен прецеденттеріне және жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген. Оның орталық базасында жеке биржасында (AIX) 85 эмитенттің бағалы қағаздарының 127 шығарылымы саудаланады. Орталық депозитарийінде инвесторлардың 308 мыңнан астам шоты ашылды. Мамыр айының соңында AIX-те үлестік құралдар листингі бар компаниялардың жалпы нарықтық капиталдандырылуы 21,6 млрд доллардан асты, сауда-саттық көлемі бір айда 7,3 млн-ды құрады. Ресейде тіркелген компаниялардың бәрі АХҚО қабырғасында AIX биржасына кіруге мүмкіндік бар. Ресейліктер мұны біліп отыр. Бірақ оларға жаңа алаң тиімдірек болып тұр. Соңғы шешім біздің жақтан қабылданып, соңғы нүктені біз қоюымыз керек. СПБ-да тіркелген шетелдік компаниялардың көмегімен Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық орталыққа айналуға мүмкіндік туып тұр. Ресейде тіркелген шетелдік компаниялар бізге келгісі келсе, оны өздері шеше алады, оларға ара-ағайынның қажеті жоқ», дейді Б.Зиябеков.
Біздің нарық үшін РФ биржалары жаңалық емес. 2018 жылы қазан айында KASE және Мәскеу биржасы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойып, 3,32 пайыз акция ресейліктердің қанжығасында кетті. Сол жылғы деректерде осы биржада 30 ресейлік компанияның тіркелгені айтылады. Биылғы наурыз айында 13 ресейлік компанияның биржадағы сауда-саттықтан шығарылғаны айтылған. Таратып айтқанда, «Сбербанк», «Лукойл», «Аэрофлат», «Газпром» және тағы басқа эмитенттердің акциялары біздің нарықта сатылмайтын болды. Бұған Ресейдің орталық банкі өз бағалы қағаздарының шетелде сатылуына шектеу енгізгені себеп болған. КАСЕ өкілдері айтып өткендей, бұл компаниялардың листингтен шығарылуы біздің нарыққа аса әсер етпейді.
Сарапшы Айбар Олжаевтың баяндауынша, ресейліктерге КАСЕ-дегі 13 пайыздық үлес емес, қазақ жерінен инвестициялық хаб ашқан маңызды. Тіпті оны ұйымдастыру, қажет болса көшіріп алудың қаржылық шығынын да өздері көтеруге дайын көрінеді. «Ресейліктердің қатысуымен ашылатын инвестициялық хаб тек ресейліктерге ғана тиімді, ал біз үшін бәсеке екенін бағамдау үшін маман болудың қажеті жоқ. Ал АХҚО мен Алматы қаржы орталығы барлық қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Әр облысқа, әр аймаққа, тіпті Қазақстанға келген әрбір шетелдік компанияға жеке биржаның қажеті жоқ. Ниет болса Лондонда отырып та АХҚО немесе КАСЕ-дағы ойын ережесіне қатыса аласың.
«Дәл қазір бұл жоба біздің жоспарымызға сәйкес келмейді, бұл шешімге қадағалаушы орындар рұқсат бермейтін шығар деп үміттенемін. Бұл шешімнің тәуекелдері бар. Ресейден ауысып келген компаниялардың акциясы кімге тартымды деген мәселені талқылап алу қажет. Ресейде тіркелген шетелдік компаниялар биржалық эмиграция жолымен бізге ауыса алады. Қазақстан қор биржасының ресейлік компанияларға есігі бұрыннан ашық, Ресейліктердің қатысуымен жаңа инвестициялық хаб ашуға не себептен қызығып отырғаны маған түсініксіз», деп сөзін түйіндеді А.Олжаев.
Апта басынан жаңа биржаның ресейлік компанияларға жол ашатын мүмкіндіктерін тізбелеп берген сараптамалар ресейлік басылымдарда жиірек жариялана бастады. BFM.ru ақпараттық порталы 7 шілдедегі шығарылымында қазақ жерінен ашылатын инвестхабтың жаңа нарыққа шығуға жол ашатын инфрақұрылымдық тәуекелдердің қандай деңгейде болатыны әлі түсініксіз екенін айтыпты. Олардың хабарлауынша, ұйымдастыру жұмыстарында айқындылық жоқ. Ірі компаниялар онсыз да әлемдік нарыққа шығудың жолдарын біледі, ал шағын бизнеске Ресейдің ішкі нарығы да жетеді.Оларға бола күмәнді тәуекел үшін шетелге шығудың қажеті жоқ.
Ресейдегі «Шығыс қақпасы» қаржы нарықтарын талдау және макроэкономика жөніндегі директоры Александр Тимофеев журналистермен кездескен кезде бұл жобаға күмәнмен қарайтынын, Қазақстан, Арменияда, Грузияда шағын болса да жеке нарықтары қалыптасқанын, бірақ Ресей азаматтарымен бір реттік операциялар үшін тәуекелге бара алмайтынын айтыпты. «Батыс елдері мен АҚШ санкцияларды айналып өтуге тырысқандар үшін қатаң шаралар қабылдайды. Қазақстанның орталық банктері жағдайдың қаншалықты салмақты екенін түсініп отыр. Себебі пайда көлемі белгісіз, тәуекел деңгейі жоғары. Биржада немесе сауда алаңдарындағы әрбір әрекет батыс елдерінің бақылауында. Бұл жерде акцияны сату немесе инвестициялық қаржы тарту туралы әңгіме қисынсыз», дейді А.Тимофеев.
АЛМАТЫ