Медицина • 18 Шілде, 2022

Ауылдағы ауруханалардың аужайы

407 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жетісуда пандемия қайта өршіп келеді. Мекеме қызметкерлері маска тағып жүр. Алайда сол маскамен мәселе шешіле қоймасы анық. Бүгінде облысқа тиесілі ауыл-ауылдарда орналасқан шағын емханалардың жайы мәз емес. Анау Кеңес заманынан келе жатқан кішкентай ғимараттар қаусап тұр. Ем алуға асыққан халық есігіне сыймайды. Жөндеуден өткені санаулы, кезек күткені қаншама. Індет өршігенде өңірлер әйтіп-бүйтіп амалдайды екен. Әйтсе де бұл әлек қашанға дейін жалғаспақ?

Ауылдағы ауруханалардың аужайы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қараңызшы, мәселен Көксу ауданның өзінде 29 денсаулық сақтау ұйымының 8-і ғана үлгілік, қалғаны бейімделген саманнан немесе қамыстан салынған ғимараттарда орналасқан. 13 нысанды қайта салу керек, үшеуін күрделі жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Бұл – бір ауданның ғана жайы. Тозығы жеткен емханалар мен жаңартуды талап ететін нысандар қай өңірді түртіп қалсаңыз да менмұндалап шығады. Биыл облыста 12 модульді-блокты емхана салу жоспарлануда. Олар Ақсу ауданына қарасты Көкөзек елді мекеніне, Алакөл ауданына қарасты Қамысқала, Жыланды елді мекендеріне, Ескелді ауданына қарайтын Қоржынбай, Абай, Теректі ауыл­дарына, Қаратал ауданының Қара­­құм, Үшкөмей ауылдарына, Кербұлақ ауданының Кана­­ва­ловка, Шаған, Аралтөбе, сон­дай-ақ Көксу ауданының Жам­был ауылына тұрғызылмақ. Бұ­лар­дың барлығының жері бөлі­ніп, құжаттары дайындалуда. Өңір­лерге қарасты қалған ауылдар кезегі келгенше шыдай тұрмақ.

Осы Көксу өңірінде соңғы 6 жылда төрт-ақ нысан салыныпты. Тізбелей кетсек, 2015 жылы аудандық емхана, 2017 жылы Теректі, 2020 жылы Көксу бекеті және Айнабұлақ ауыл­дарына қарасты шағын емха­налар тұрғызылған. Одан бөлек екі денсаулық сақтау объек­тісіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. 2019 жылы аудандық аурухана қосалқы үй-жайлары және Алғабас ауылындағы дәрі­герлік амбулатория жаңар­тылған. Аудандық орталық ауру­хана басшысы Асқар Маратұлы биыл екі денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталғанын айтады.

«Ақшатоған және Еңбекшіқазақ ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті салынады. Және де бір меди­ци­­налық нысанның құрылысына облыс бюджетінен 50 млн теңге қара­жат бөлінді. Жамбыл ауылының фельд­шерлік-акушерлік пунктіне блок­ті-модульді конструкцияны орнату жос­парланып отыр. Ауданда бірін­ші кезекте төрт денсаулық сақтау ны­саны құрылысының жоба­лық-сметалық құ­жат­тары әзір­леу­ге қаражат сұ­ра­луда. Олар – 10 жыл Қазақстан, Қы­зыл­тоған, Жетіжал, Бесқайнар ауы­лы­на тие­­сілі меди­ци­на­лық пункттер», дейді А.Маратұлы.

Қызылтоған ауылының 1976 жылы қа­мыстан салынған медициналық пункт бар, халық саны – 622 адам, аудан­ орталығынан 43 шақырым жерде орна­ласқан. Ал 1 001 адам тұратын Жетіжал ауылы 1988 жылы салынған ескі ғимаратта отыр. Ауданнан 52 ша­қы­рым жерде. 10 жыл Қазақстан ауы­лын­да да жағдай сондай. Бесқайнар ауылының мыңға жуық халқы болса 1965 жылғы ғимаратты паналауда. Одан бөлек 2 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Мәселен, Мұқыры ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимараты 1987 жылы кірпіштен салынған, халық саны – 2 253. Сондай-ақ Зылиха Тамшыбай ауылдық дәрігерлік амбу­латориясының да жағдайы мәз емес. 1987 жылы кір­піш­тен салынған нысан қаусап тұр.

«Қазір тағы 1 медициналық нысан­ның ғимаратын күрделі жөндеу үшін жо­­­балық-сметалық құжатты дайын­­дау­­ға қаражат сұралуда. Талап­ты ауы­­­­­лының фельдшерлік-аку­шер­­лік пунк­ті 2007 жылы кірпіш­тен салынған. 1 256 тұрғыны бар. Қа­былиса ауылын­да 943 халық тұрады, жыл сайын тұр­­­ғындар саны кемуде, табиғи өсім көрсеткіші өте төмен ауылдардың бірі. Қазір ауылда дәрігерлік амбулатория жұмыс істеуде. Бір отбасылық дәрігер, бір фельдшер, төрт медбике жұмыс атқаруда. Дәрігерлік амбу­латорияның ғимараты 1980 жылы темір-бетонды плитадан са­лын­ған, әр жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізі­ле­ді», дейді аудандық аурухана басшысы А.Маратұлы.

Аудан әкімшілігі денсаулық сақтау саласының ғимараттарын жаңарту мен жақсарту жұмыстары кезең-кезең­мен өткізілуде дейді. Бүгінде ғи­ма­раттары ескі, жөндеуге келмейтін ме­ди­­циналық ұйымдарға бірінші кезек басымдылығы берілуде екен. Жергі­лік­ті билік өкілдерінің айтуынша, реті келген жағдайда ауылдарға заманауи блокті-модульді конструкциядан құ­ра­ла­тын медициналық пункт­­тер салыну қа­растырылуда.

Өңір-өңірлер де аз да болса адам санына байланысты тұрғындарға дәрі­гер­лік амбулатория, фельдшерлік-аку­шер­лік пункт, медициналық пункт­тер қызмет көрсетеді. Тұрғын са­ны мың адамға толмайтын ауыл­дар­ға ме­ди­циналық пункттер тие­сі­лі. Был­тыр­­дан бері облыста тез құрылатын шағын емханалар тұр­ғы­зыла бастаған. Об­лы­­сымыздағы алғашқы заманауи ем­хана Ескелді ауданына қарасты Биғаш ауылында пайдалануға беріліпті. Шір­кін, осындай нысандар көп болса дейміз ғой!

Аталған ауылда 235 адам тұрады. Елді мекен Жалғызағаш округі­не қа­рай­ды. Екі ауылдың арасы – 4-5 ша­қ­ырым. Осы күнге дейін сыр­қат­тан­ған адамдар ем-шара алу үшін Жал­ғызағашқа барып жүрген. Бүгін­де ауыл халқы денсаулығы сыр берсе, өз­де­ріндегі жаңа емханаға тек­се­рі­ле­ді.

Ескелді аудандық аурухананың әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы Замир Сакиев медицина мекемесі қыста салынғандықтан біраз әуре-сарсаңның болғанын жасырған жоқ. Мекеме салатын жер тастақ бол­­ған­дықтан, жер қазу қиынға со­ғы­п­­ты. Сондай-ақ күннің суығына қарамай су, электр желісін тартуға тура келген. Инфрақұрылымды тар­ту­ға әкімдік, ТАТЭК, денсаулық сақтау саласы да атсалысқан көрінеді. Электр тартатын трансформаторды орнатудың өзіне 3 млн теңге қаржы кеткен.

«Блокті-модульді медициналық пункт­ті салудың артықшылығы, жоба­лау-сметалық құжат жасалмайды. Әйт­песе сол құжатты жасаудың өзіне бірнеше жыл және қыруар қаржы ке­те­ді. Блокты пунктті жазда жасау керек. Инженерлік-коммуникацияны да ертерек тартып тастаған жөн. Пункт 1-2 айда орнатылатын болғандықтан, көгалдандыру жұмысын да қатар атқару керек. Құрылысқа пеноблок материалы пайдаланылады. Медициналық пункт­ты салып берген жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі блокты-модульді ме­ке­­ме жарты ғасырға дейін сыр бер­мейді дейді. Былтырдан бері біраз тәжірибе жинап қалдық», деді З.Саматұлы.

Маманның айтуынша, мекемені қыста жылытуға ай сайын 30 мың теңге көлемінде электр қолданылады. Ме­дициналық пункт ішінде дәретхана да бар. Мердігер компания емханаға 4 кондиционер қойып беріпті. Құрылғы екі жылға дейін бұзылса, компания өздері ауыстырады.

Аталған ауданда тағы осындай 3 блокті-модульді емхана салынбақ. Кейбір округке қарасты ауылдардың арасы шалғай екенін ескерсек, мұндай пункт көптеп салынуы тиіс.

«Бұрын ем алу үшін Жалғызағашқа, кейде аудан орталығы Қарабұлаққа баратынбыз. Барып-қайтқанша үйде қалған бала-шағамызды ойлап есіміз шығады. Сыртта ем алуға кезекте тұр­ған адамдар күтіп қалмасын деп сис­те­маны құйдыра салып, төсекті босатып беруді ойлаймыз. Одан ауылға қайтатын такси іздейміз. Жасы келген адамдардың жағдайын айтпасақ та түсінікті. Мына емхана жақсы болды. Заманға сай жасақталған. Сыртқы қа­ша­дан кіргеннен жаныңыз жайланып сала береді. Емді асықпай аламыз. Укол­дан кейін біраз уақыт жатамыз», дейді Аяулым Асқар.

Жақында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданын аралағанда дәрі­герлер әрбір ауылға осындай меди­циналық пункттің қажет екенін жет­кіз­ген. Аймақ басшысы мұндай емханаларды алдымен дәрігерлік көмекке зәру елді мекендерге тұрғызу керектігін айтқан. Індет іргеге келді, енді елдің жанайқайы естіледі. Бүгінде COVID-19 бойынша эпидемиялық жағдай қайта күрделеніп келеді, соң­ғы аптада 131 жағдай тіркелген. Әзір­ге жағдайды бағалау матрицасында облыс «жасыл аймақта». Соңғы тәуліктің өзінде 37 адам нау­қас­та­нып­ты. Бұл ауылдағылар ауданға, аудан­да­ғылар қалаға сабыла­ды деген сөз. Мә­селені мемлекет назарда ұстаса дей­міз.

 

Жетісу облысы