Аймақтар • 20 Шілде, 2022

Ата кәсіпке адалдық азайды

751 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Хамит Өтеуұлы – асқаралы белесті бағындырған жан. Жасы жетпісті орталаса да, бүгінде дала төсін төрт түлікке толтырып, бірнеше ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Қазір ол басқаратын «Алтын Әсел» ЖШС қазақтың жартылай қылшық жүнді құйрықты қойын өсіреді. Төрт түліктің бейнетін көрсе де, туған жері Ырғыз ауданы Қарақұдық ауылын тастамаған Хамит ағай әйелі Айсұлумен сегіз бала өсіріп, барлығын да азамат етіп қалыптастырды. Бұл кісінің азаматтық ұстанымы – туған жерге адал қызмет ету, кісілікті жоғалтпау.

Ата кәсіпке адалдық азайды

1970 жылы Батыс Қазақстан ауыл ша­руа­шылығы институтын бітірген бойы Ыр­ғыз ауданының Киров атындағы кеңша­рына зоо­техник болып орналасып, осы шаруашылық ізімен 1985 жылы құрылған «Құмтоғай» кеңшарына директорлыққа тағайындалды. Хамит Өтеуұлы жекешелендіру келгенде өзі басқаратын кеңшардың мал-мүлкін, техникасын, мал қораларын ауыл адамдарына пай ретінде үлестіріп берді. Соның нәтижесінде, 1998 жылы «Құмтоғай» кеңша­ры­ның Қарасай, Құмқұдық, Құмтоғай ауыл­дарын­да 22 шаруа қожалығы құрылды. Осы қожалықтардың арасынан тек Хамит Өтеу­ұлының «Алтын Әсел» серіктестігі нарықтық қатынастарға бейімделе алды. Ол уақытта ауылдың 100 адамы Хамит Өтеу­ұлының шаруашылығына жұмысқа кірді. Нәтижесінде, «Алтын Әсел» серіктестігі бес жыл ішінде қой санын 12 мың, жылқы басын 1 100-ге жеткізді. Хамит қарамағын­дағы малшыларының балалары үшін өз қаржысына Қарақұдық мектебінің жанынан 25 орындық интернат салып берді.

– 1960-1970 жылдар арасында елімізде мал басы көбейіп, ауылдар күшейді. Өйт­кені сол заманда кеңес өкіметінің қиыншы­лықтарын, соның ішінде аштықты, соғысты көрген аталарымыз қой бақты. Халықтың иығына түскен ауыр салмақты қайыспай көтерген еңбектің қара нарлары кеткен соң ата кәсіп шатқаяқтай бастады, – дейді Хамит ағай.

«Латифундист болмаймын деп 30 мың гектар жерді тапсырдым»

Бірер ай бұрын Хамит Өтеуұлы өзін елі­міздегі латифундистер тізімінен көріп, «Алтын Әсел» серіктестігіне қарасты 172 мың гектар жердің 32 мың гектарын мемлекет меншігіне қайтарды. Аласапыран заманда Құмтоғай ауылдық округінің тұрғындарына үлес беріп, шаруашылық құруға көмектескен, сөйтіп тұтас ауылдың көшіп кетуіне жол бермеген Хамит Өтеуұлы шынымен де латифундист пе? Бір қарағанда 172 мың гектар жер иесі шылқыған байлық иесі. Алайда жердің де жері бар ғой. Егер шалғынды-орманды, сулы алқапты иеленіп, сол жердің адамдарынан өзін бөлек ұстаса, жұрттың жеккөрінішін түсінуге болар еді. Хамит Өтеуұлы Ырғыз ауданының шө­лейтті-құмды даласында қазақтың дәстүрлі қой тұқымын сақтау үшін жайылымды ауыс­тырып бағып, дала құдықтарын да тонау­ға жол бермей отыр. Жасыратыны жоқ, кеңес өкіметіндегі көп құдықтың бетон құрыл­ғылары тоналды, тіпті көміліп қалды. Бүгін­де аталған серіктестікке қарасты жердегі оншақты құдықтан көп қожалықтың малы су ішеді. Шаруашылықтың мамырда жайлауға кеткен малы қарашаның басында қыстауға орала­ды. Өйткені жайылымды ауыстырып тұрма­са, жердің шөбі тозып, малдың күйі кетеді.

Бірақ жайылым тозды. Оған қуаңшылық та, жауын-шашынның аздығы да, дала өрті де себепші. Далалықта өсімдік түрі де азайды. Былтырғы қуаңшылықтың кесірінен көптеген дала шөбі жоғалды. Қазір жерде жусан мен шағыр көп, керісінше боз бен селеу шықпай қалды. Хамит ағайдың қырағы көзі бұрын елсізде 1 шаршы метрден 10 түрлі өсімдікті көретін болса, қазір 3-4 түрі ғана өсетінін аңғарған.

Өрт жылда даланы жайпап кетеді, шөптің тамырларын күйдіріп тастайды. «Жаз шықса дала өртінен көз ашпаймыз. Ауылда өрт сөндіретін техника жоқ. Біз сияқты шаруа қожалықтарынан 10 адам бір трактормен өрт сөндіруге шығады. Ол не болады? Ауданға өрт сөндіретін көлік алып, Құмто­ғайда өрт сөндіретін бекет ашыңдар дедім. Былтыр Ырғыздан келген өрт сөндіретін көлік өртке жетпей сөніп қалды. Алдыңғы жылы Қарабұтақтан келген көліктің су шашатын қондырғысы істемей, жалынды сөндіре алмады. Оның үстіне, далалықты қыста аэрошана, жаз бойы ауыр көліктер таптап жатыр. Аңшылар айдаладағы шағын көлдерге өш, қабан аулау үшін көл жанындағы қамысқа от қояды. Олардың қолында бұрынғы қосауыз, дара ауыз мылтықтар жоқ, автоматпен аң аулай­ды. Солардың кесірінен далада қасқыр құры­ды. Ырғыздың Құмтоғайынан Комсомол ауда­нының Саратына дейінгі жерде он бес жылдан бері қасқыр жоқ. Даламызды жаудың жері сияқты талқандап жатырмыз», дейді Хамит ақсақал.

5 Еңбек Ері шыққан ауыл

Хамит Өтеуұлы дүниеге келген Қарасай ауылынан 1948 жылы бес бірдей Еңбек Ері шықты. Олар ауылдың іргесіндегі ескі қорымда қатар жатыр. 1993 жылы Хамит ақсақал сыммен қоршаған, сонысымен әлі тұр. Малмен көзін ашқан ауылдан бір жылда 5 Ең­бек Ерінің шығуы – өте сирек жағдай.

Қарасай – Құмтоғай ауылдық округіне қарасты екі ауылдың бірі. Хамит ағайдың әкесі Құдайберген Өтеуов Қарасайда соғыс жылдарында шаруашылық басқарып, 1956 жылы қайтыс болған. Анасы Бекзада 3 ұл, 3 қызды өзі жеткізді. Соғыс жылдары майданды айтпағанда, ел ішінде қырылған адамның есебі жүргізілген жоқ. Сол жылдары бірнеше ауылдың балалары Тепсең деген жердегі мектепке жаяу қатынап оқыған. Қалыбай ауылы мен Тепсеңнің арасы 8-9 шақырым. Сабақтан келе жатқан осы ауылдың бір топ баласына жолда қасқыр шауып, шетте келе жатқан 12-13 жастағы қызды көз алдарында жеп қойған. Бұл – сол оқиғаның куәгері Еділхан деген кісінің естелігі.

Мал бағу мәдениетін меңгермедік

Бұрынғы Қарабұтақ ауданының Арал­тоғай ауылында 1980 жылдары қазақтың жартылай қылшық жүнді құйрықты қойы өсіріліп, оның жүні бірден Алматы кілем фабрикасына жіберілетін. 1990 жылдардың қиыншылығында Аралтоғайдағы асыл тұқым­ды қой шаруашылығы тоқырады. Сол кездегі облыстық ауыл шаруашылығы инспек­циясының басшысы Түрікпенбай Айжарықов асыл тұқымды қой түрі жоғалып кетеді деп дабыл қағып, Хамитке алып қалыңыз деп қолқа салған. «Екі жыл ойланып келістім. Қазақтың жартылай биязы жүнді құйрықты қой тұқымын көбейтуге Ақтөбе облысында Қуаныш Есенғалиевтің еңбегі көп сіңді. Ол – өз ісіне берілген, селекцияның қыр-сырын білетін маман. Қазір жасы 82-де», дейді ол.

Бүгінде жұрт мал бағуды қорсына бас­тады. Кей қожалық иелері көшеде арақ ішіп жүргендерді жинап, айдалада мал баққызатын болды. Қазақтың дәстүрлі қой тұқымын көбейтуді де келістіре алмадық. Оның орнына шетелден асыл тұқымды қой тасу сәнге айналды. Бірақ сырттан келген түлік бейімделе алмай, өліп жатыр. Шетке кеткен қыруар қаржыны қазақы тұқымды қойларды дамытуға неге жұмсамаймыз? Еділбай қойларын аталарымыз ежелден сұрыптап шығарған.

Хамит ақсақал аталарымыздың мал бағу тәжірибесін қолданады. Күнмен таласа өріп, түскі сағат 11 кезінде суатқа құлауы керек. «Қойшылардың қой өргізетін мезгілін үнемі бақылаймын. Бір күні таңғы алтыда, алты жарымда өріске шығарғанын көрдім. Таңғы жетіде де қамалып тұрғанын көріп, ескерттім. Қой – аяғымен жайылып жүріп, бойына жинайды. Семіз мал ауруға шалдықпайды әрі қозысы қоңды болады. Шілде айынан бастап қозыны бір мезгіл айырып бағамыз. Жас кезімізде шопандар қойды қозысынан айырып бағып, түс қайта қосатын. Сонда қой алысқа ұзап жайылып, тез қоң жинайды әрі қозылар да күйлі болады. Қазір ешкім мұндай тәртіппен бақпайды. Қойды көлікпен бағатындар да көбейді. Мал төлдеген кезде адам табу өте қиын. Көп қожалық иелері еңбекақыны дұрыс төлемейді. Техника тозды, ал жаңа техникаға жұрттың қолы жете бермейді», дейді өз тәжірибесі жайында.

Еңбекпен көзін ашқан адамдар еліміздің ауыл шаруашылығы саласы заманның ағымы­на ілесе алмай қалғанын жасырмайды. Не ғы­лым жоқ, не ата-бабаның тәжірибесі жоқтығы­нан мал шаруашылығы бетімен кетті деп санайды.

Осы кезге дейін тұтас ауылды асырап отырған, ата кәсіпті сақтау жолында жарты ғасырдан астам еңбек еткен Хамит Өтеу­ұлы сияқты еңбек озаты, кәсіпке адал азамат­тардың кеңесіне құлақ асар болсақ, ауыл шаруа­шылығын аз уақытта-ақ аяқтан тұрғызуға болады. Ал қазіргі көзқараспен алысқа бармаймыз.

 

Ақтөбе облысы