Эко-жобаның басты мақсаты – халықтың экологиялық проблемалардан, көміртегі бейтараптылығы туралы ақпараттандырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындарды экологиялық бастамаларға тарту.
Бүгінге дейін EcoVision жобасы аясында бірнеше әлеуметтік іс-шара өтті. Жуырда Ақтауда EcoVision экологиялық жобасының қатысушылары үшін алғашқы воркшоп ұйымдастырылды. Қоғам белсенділерінің айтуына қарағанда, воркшоп – ғылыми-зерттеулер жүргізіп, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешудің зор мүмкіндігі.
Іс-шара барысында Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен Yessenov University студенттері қоршаған ортаны қорғауға қатысты жобаларын әзірлеп, экологиялық сауаттылығын жақсартты. Сонымен қатар өңірде ұқыпты ойлау тақырыбына арналған онлайн шеберлік сағаттары өткізілді.
EcoVision жобасы арқылы біз жастар арасында эко-ойлау мен саналы тұтыну қағидаттарын, экологияға қатысты белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырғымыз келеді. Біздің мақсат – болашақта жергілікті және жаһандық экологиялық проблемаларға әсер ете алатын экокөшбасшыларды тәрбиелеу», дейді жоба жетекшісі Мадина Кинаятова.
Тамыз айында қоғам белсенділері жоба қатысушылары үшін тағы да бір оффлайн-тренинг өткізбек.
Ал қыркүйекте ақтаулық оқушылар мен Yessenov University студенттері «Экохакатонның» қатысушылары атанады деп күтілуде. Жарыс барысында оқушылар мен студенттер өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге арналған өз көзқарасын ұсынуға тиіс. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Экохакатон» жаңа экожаңашылдықтарға серпін беріп, жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыра алады. Ал үздік жобалардың авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталады деп жоспарланған.
Еске салайық, EcoBatys бастамасы аясындағы әлеуметтік жобаны «Шелл Қазақстан» компаниясының және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен QazaqGeography РҚБ жүзеге асыруда.