Таным • 20 Шілде, 2022

Ақын рухын аялаған шаңырақ

672 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Оның жырларында жүрек дірілі, рух толқуы және қазақтың көз жасы мөлдіреп тұр. Бұралаң соқпақ пен қараңғылыққа қамалған құпия сырлар, кеудеден құмығып шыққан тылсым дауыс естіледі. Иә, ХХ ғасырдың терезесіне үнілсеңіз, қатал саясат құрдымға құлатқан Алаш алыптарының бейнесі елестейді. Оның ішінде тағдырға иілмеген тауанды тұлға Ілияс Жансүгіров те бар. Арқырап аққан өзендей адуынды ақынның басына бір бақыт айналып келіп қонарын кім болжапты. Асыл мұрасы, жақұт жазбасы жапырақтарын жайқалтып, салқар көшке сая болды. Ол – Жетісудағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейі.

Ақын рухын аялаған шаңырақ

Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің музейі Жетісу облысы­ның орталығы Талдықорған қаласын­да орналасқан. Бұл рухани орданың ғимаратын 1898-1905 жылдары татар көпесі Рахметолла Бұғыбаев салдырған. 1920 жылдары облыстық «Қосшы» ода­ғының уездік бөлімі болған бұл үйге ұлы ақын Ақсудан жұмыс бабымен келіп-кетіп жүрген екен. Баяғы қалпынан айнымаған шырайлы шаңырақ ақынның көзіндей алыстан көзге оттай басылады.

1918 жылдан 1976 жылға дейін Кеңес өкіметі ішкі саясатына байланысты әр түрлі мекеме ретінде пайдаланған. Атап айтсақ, облыстық «Қосшы» одағының уездік бөлімі, облыстық «Октябрь Туы» газетінің редакциясы, ауылшаруашы­лық мал ұрықтандыру лабораториясы, 1976-1980 жылдары облыстық өлкетану музейі секілді мекемелер ретінде кеңес идеологиясына қызмет еткен. Әйтсе де жел диірменіндей жылдар шыр айнал­дырғанымен қабырғасы құламаған, іргесі сөгілмеген. Баяғы қалпында қаланың қақ ортасында тұр, құдды қарашаның рухани мектебі дерсіз. Ақынды сағынған жұрт жыл сайын ағылып келіп, нәр алып кетеді. Жастардың ой қорытар ордасы.

Осылайша, қарашаңырақ халықтың қалауымен 1984 жылы мамыр айында, яки ақынның 90 жылдық торқалы тойын­да «І.Жансүгіров әдеби музейі» болып жаңадан ашылды. 2003 жылы облыс ор­талығы Талдықорған қаласына көш­кеннен кейін, қоғамдық ұйымдардың тілегін ескере келе музей үйі кеңейтіледі. Қосымша жәдігерлер қорын сақтайтын бөлме, кітапхана, мәжіліс залы салынып, үлкен іс-шаралар өтетін рухани мекемеге айналады.

Музейдің көлемі – 268 шаршы метр, экспонаттардың жалпы саны – 6 507. Үй сәулет өнерінің ХІХ ғасырдағы үлгісі ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. Музей бөлімдері 6 бөлмеден тұрады. Түстеп өтсек:

  1. «І.Жансүгіровтің дүниеге келген, туып-өскен ортасы»;
  2. «Ақынның азаматтық тұл­ғасының қалыптасу, қаламының ұштала бастаған іздену жолы»;
  3. «Ақынның жұмыс бөл­месі»;
  4. «Ақынның шығармашы­лығы»;
  5. «Ілияс мәңгі есте»;
  6. «Ілияс Жансүгіровтің ізба­сарлары».

Міне, заманның талабына сай түр­ленген қасиетті шаңырақ 38 жылдан бері халыққа қалт­қысыз қызмет етіп келеді. Алғашқыдай емес, жыл жаңарған са­йын музей де жаңара түскен. Ғимаратына күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, музей қоры құнды экспонаттармен толық­тырылып, жаңа экспозициялар келіп қосылған. Осы уақытқа дейін музейге елі­міздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жақын шет елдердің келген адамдарда есеп жоқ.

Музей қызметкерлері ақынның мұра­сын көруге халық жиі келетінін айтады, әсіресе өлең-жырға құмар, әдебиетке әуес жастардың талабы үлкен. Расымен, бүгін­де музей көрермендердің көзайымына айналған. Жылына он мыңнан астам адам музей жұмысымен танысып, тамашалап қайтады екен. Ілім іздеген жастарға өткен тарихтан тәлім-тәрбие беріп, патриоттық рух сыйлап, ізгілікке баулып, игілікті істерді жүзеге асырып келеді.

Мұнда Iлияс Жансүгіровтің құжат­тары, баспа ісіне пайдаланған машинкасы, өзі сатып алған кілемі, киген плащы, ұстаған таяғы, дәм татқан ыдыс­тары, қолжазбалар қоры, әр жылдары шығарылған кiтаптары және ақын шығармашылығын зерттеушiлердiң еңбектерi сақталған. Бәрін қосқанда алты мыңнан астам құнды жәдігер бар. Қаламгердің құлағына азан шақырып, «Қызырілияс» деп есімін қойған, кін­дік әкесі саналатын қобызшы Молықбай Байсақұлының қасиетті қоңыр қобызы – музейдегі құнды экспонаттардың бірі. Бұл қобыздың тарихына біз газетіміздің келесі бір санында кеңірек тоқталамыз.

р

ыр

«Бұл рухани орда – құнды құжаттар мен мәнді мәліметтерге толы әдеби музей ғана емес, жастарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қоғам қайраткері­нің өмір белестерінің беймәлім сырларына қанықтыратын киелі орын. Қашанда қазақ халқы барын бағалап, ұрпағыӨна сапалы білім беріп, тәрбиелей білген. Музей – әсіресе жас ұрпақ үшін өте баға­лы мекеме. Музейден алған мәліметтері арқылы келуші жастар білімдерін бекі­те түседі», дейді музей меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева.

Жыл сайын ақынның туған күнін атап өту және репрессия құрбаны бол­ған азалы жылдарға арналған ақынды еске алу жиындарын өткiзу дәстүрге айнал­ған. Атап айтсақ, «Ілияс әлемі» атты рес­публикалық студент-жастар фестивалі, «Ілияс оқулары» қалалық, облыстық бай­қаулары «Талантқа тағзым» қолөнер шеберлері мен кәсіпқой суретшілер бай­қауы, «Ілияс тағылымы», жылжымалы көрмелер «Өнерге ұмтыл, өнерді біл, замандас!» атты мектепаралық, сахналық қойылымдар байқауы жыл сайын дәстүр­лі түрде өтіп тұрады. Ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында «Ақыннан қалған ән мұра», «Сұлу сөздің сүлейі», «Ұлтын ұлықтаған дара тұлға», «Жансүгіровтің балаларға арналған шығармаларындағы ұлттық құндылықтар» атты лекциялар мен тақырыптық экскурсиялар үздіксіз жүргізіліп келеді.

Соңғы жылдары музей қоры құнды жәдігерлермен толыға түскен. Мәселен, 2016 жылы Ақсу ауданы, Еңбек ауылы­ның тұрғыны айтыскер ақын Бекболат Атамбаев музейге Ілияс Жансүгіровтің жейдесін тапсырыпты. 2017 жылы Алматы облыстық Ішкі Істер Департаментінің ақпараттық-аналитикалық орталығы І.Жансүгіровтің 1936 жылы Алматы қала­сында берілген төлқұжатын және ақыр­ғы бейнесі, яки тұтқындалған кездегі фото­суретінің түпнұсқасын музей қорына сыйға табыстаған.

Алғашында НКВД архивінде сақ­та­лып, кейін Ішкі істер департа­мен­тіне берілген ақынның жеке куәлігі 80 жылдан кейін өз мекенін тапты. 2018 жылы Алматы қаласындағы Ұлт­тық кітапха­наның сирек кездесетін қолжаз­балар қо­рынан белгісіз себептермен осы уақыт­қа дейін жинақтарға енгізілмей қалған І.Жансүгіровтің «Қуат» поэмасы мен «Бақытты Жамал» әңгімесі табылыпты. Оны музей қызметкерлері латын қарпінен кириллицаға түсіріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған.

«Мен қазақтан «Құлагерді» қызғанамын»

2016 жылы неміс жазушысы Герт Хайденрайх Ілияс Жансүгіровтің «Құла­гер» поэмасын неміс тіліне аудар­са, 2019 жылы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен Ілияс Жансүгіров қорының бірлескен жүйелі жұмысының нәтижесінде поэма ағылшын тілді оқыр­манның назарына ұсынылды. Шығарманы ағылшын тіліне аударған белгілі ақын, аудармашы Белинда Кук.

Бүгінде қазақ поэзиясының төрінен орын алған І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының ағылшын тіліне аударылуы – рухани өміріміздегі елеулі оқиға болып табылады. Неміс қаламгері кітаптың таныстырылымы барысында «Мен қазақ­тан «Құлагерді» қызғанамын» деп ағынан ­жарыла сөйлеген екен. Бұл ұлы ақынды әлем мойындады деген сөз.

Айта кетер тағы бір жаңалық, 2019 жылы 18 мамыр – халықаралық музей күнінде ақынның әдеби музейінің ха­лыққа қызмет етіп жатқанына 35 жыл то­луына арналған кеште 1972 жылы түсі­рілген «І.Жансүгіровтің өмірі мен шы­ғар­машылығы» атты деректі фильм көрсетілді. 47 жылдан кейін өңделіп һәм жаңа форматқа көшірілген «Ілияс Жансүгіров. Библиографиялық көрсеткіш» және «І.Жансүгіровтің шығармаларын жаңаша оқыту» кітаптарының тұсаукесері өткен. Сонымен қатар сол жылы музей үйі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа тыныс алып, қала қонақтары мен облыс тұрғындарын қуантқан екен.

«Ілияс Жансүгіровтің өмір жолы мен әдеби-ғылыми мұрасын түгендеу, қолда жоқ шығармаларын жинастыру және жазу мақсатында ақынның 125 жыл­дық мерейтойына орай «Ілияс ізімен» халық­аралық ғылыми-танымдық экспедиция Ресей еліне барып қайтты. Экспедиция мүшелерінің ішінде музейдің аға-ғылыми қызметкері Салтанат Төлегенова да болды. Олар Мәскеу қаласындағы Ілияс Жан­сүгіровтің көзі тірісінде жарық көрген 18 кітабын тауып, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен 73 тарихи құжа­тын алып келді. Сонымен қатар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған 20 томдық шығармалар жинағы жарық көріп, музей қорын толықтырды. 19-шы томы «Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі» анықтамалық-кітап болып шықты. Жаңа көптомдыққа архивте сақталған еңбек­тері, хаттары, қабырғалы қаламгер жөнін­дегі зерттеулер енгізілген», дейді Ілияс Жан­сүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева.

Музейге келушілер арасында шетелдіктер және еліміздің әр өңірінен келген меймандар жәдігерлерді өз көзімен көріп, өткен өмірдің бір белесін сезінгендей болып, ризашылығын білдіріп жатады екен. Бұл да болса музей қызметкерлерінің ең­бе­гіне берілген үлкен баға деп түсінеміз.

 Жансүгіровтің жейдесі

2016 жылы 15 қыркүйекте аталған жә­дігерді музей қорына Ақсу ауданына қарасты Еңбек ауылының тұрғыны, ­айтыскер ақын Бекболат Атамбаев сыйға берген. 1921-1924 жылдары Ілияс Жансүгі­ров «Мамания» мектебінің басшыла­ры­ның бірі Мейірман Ермектасовтың үйінде тұрыпты деген дерек бар. Ақын Мейір­ман ағамен екеуі елді аралап, Мұзбұлақ, Күреңбел тауларында ит жүгіртіп, құс салып, аң аулаған.

о

Сол кісінің айтуы бойынша қылышы­нан қан тамған Сталиндік Кеңес өкіметі 30-жылдары жаппай қуғын-сүргінді бастағаны белгілі. Осындай ел басына күн туған кезде Мейірман Ермектасов бас сауғалап Қытай асады. Өзімен бірге ақынның бір кездері сыйға тартқан жей­­десі мен аманат еткен арабша төте қа­ріп­тегі қолжазбасын ала кетеді. Кейін Қазақстанға 1958 жылы бұл жәдігерді жа­ры Алтын апамыз әкелген екен. Ал 1985 жылы Алтын апамыз ақынның мұрасын Бекболат ағамызға табыстаған. Талай жыл­дар бойы сақталып келген бағалы жейде, 2016 жылдан бастап І.Жансүгіров әдеби музейінің экспозициясында тұр.

Тарихи төлқұжат

Музейіміздің ең құнды жәдігерінің бірі ұлы ақынның қолының табы қалған 1936 жылы 11 шілде күні берілген төлқұжаты. Қылмыстық іс ішіндегі түпнұсқа 2 фото­суретті «алдынан, жанынан түсірілген (профиль және анфас)» музей қорына алы­нуына мұрындық болған Алматы облыс­тық Ішкі істер департаментінің ақпа­раттық-аналитикалық орталығы бас­­шысының орынбасары полиция пол­ков­нигі Жанар Тұрғанбекова.

80 жылдан кейін табылған тарихи төлқұжат алғашында НКВД қабырға­сын­да сақталып, артынан Ішкі істер депар­таментіне берілген. Сол жердегі көзі қарақты, көкірегі ояу, жанашырлық танытқан қызметкерлердің бұл игілікті ісіне тәнті боласыз. Төлқұжатты ұлы ақындікі екенін танып, әдеби музейге табыстауға асыққан.

Төлқұжаттың мұқабасында Кеңес өкі­метінің елтаңбасы және алты тілде жа­зылған «паспорт» деген сөз бар. Келесі бетіне ауыссаңыз «паспорт 1941 жыл­дың 11 шілдесіне дейін жарамды» деген бөлім басталады. Одан кейінгі жол­дарда «Джансугуров Ильяс» деп басталып, «1894 жыл ауыл №4, Ақсу ауданы, Алматы облысы, ұлты қазақ, әлеумет­тік жайы қызметкер, тұрғылықты жері Алма-Ата қаласы» деп таңбаланған. Әрі қарай әскерге қатысы жоқ екені айты­лып, Ілиястың өзінің қолтаңбасы қойыл­ған. Төлқұжаттың ең төменгі жолында «АЕ№503124» деген әріп аралас сандар берілген. 3-ші бетінде құжат иесінің отбасы жазылған.

Бірінші жолда 1930 жылы туған ұлы Азат, екінші жолда қызы 1933 жылы туған Үміт жазылса, үшінші жолда 1935 жылы туған қызы Ильфа, төменгі жолда паспорт үстелінің бастығының қолы тұр. Үшін­ші бетте түгелімен Ілиястың аты-жөні, туған жылы, тіркелген жері жөніндегі мәлімет латын қарпімен жазылған. Қал­ған беттерінде ақын жөнінде нақты мәлі­мет, отбасы жайлы толық ақпарат латын қар­пімен толтырылған. Ең соңғы 31-ші бетте Ілиястың тұрғылықты жері туралы нақты ақпар бар. Алып ақынның мұра­сын қолмен ұстап көрген адам ұзақ уақыт ой үстінде жүретіні анық. Қазақты Ілиясша сүйген ақындар аз. Бар мұрасы музей­дің құнын артырып, оқырманға ой салып тұр.

Жанынан және алдынан түсірілген фотосуретте Ілиястың қатты азап шегіп, қасіретке байланған келбеті түсірілген, арып-ашып шашы мен сақал-мұрты өсіп, көзқарасын басқа жаққа бұрады. Үстіне киген жейдесінің аса қонымсыз екен­дігін аңғаруға болады. Бұл сурет Ілиястың өзінің қылмыстық ісінен алынған. Бұл сонымен бірге түпнұсқа екендігін айта кеткен жөн.

Ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов жыр иесі Алматының шығыс жағында орналасқан Талғар ауданының «Жаңалық» ауылында жерленгенін айтады. 2 500 адам жерленген қорымның аумағы өте үлкен.

«Кеш болса да, ақын сүйегінің қайда жатқандығы анықталды. Ақсу ауданының Сағабүйен селосында Нұртаза Дүйсеков деген адам тұрған. Ол кісі Ілияспен та­ныс болыпты. 1930 жылдары елге аштық келіп, дүниенің осындай астан-кестеңі шығып жатқанда: «Қытай еліне барып бас сауғалайық» дегеніне Ілекең келіс­пей, осы жақта қалып қойған екен. Сол ақсақалымыз бүгінгі күнге дейін «Қайран асыл ер, осындай боларын сезіп едім, боздап кеттің-ау!» деп күйінеді екен. «Елім, жұртым» деп қалып қойған ақынның тағдыры Қытайға кеткенде мұндай болмас па еді деп те қоясың», дейді зерттеуші М.Иманғазинов.

Көзі тірісінде кеменгер ақын сүйген жары Фатима Ғабитоваға сан алуан ғашық­тық хаттар жазған екен. Кеңес идеоло­гиясы күйе қолымен ұстап, ақын­ның мұрасын отқа жақты, жазықсыз еке­нін біле тұра қаралады. Әйтсе де Фатима анамыз Ілиясты бір сәтке болса да күре­сінге тастамаған, адал қалпымен дүние­ден озған. Оның шынайы махаббатына соңы­нан қалған ғашықтық хаттар куә. Ең ­ауыры ақынның жан жары сүйіктісінің ­қай жерге жерленгенін білмей, арманда ­кет­кен екен. Сөз соңын ақынның ғашығына жаз­ған жырымен тәмамдасақ.

Ылайланып, шыр айналып,

Ақсу суы ағады.

Біздің жүрек, біздің сүйек,

Әлдеқайда қалады.

Ылайланып, шыр айналып,

Ақсу суы тынбасын.

Біздер кешкен қиын жылдар,

Ескерусіз қалмасын.

 

Жетісу облысы