Руханият • 20 Шілде, 2022

Шал ақын шарапаты

731 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала күнгі оқыған дүние адам жадында үнемі сақталып тұратыны бар. Кейінірек тәжірибе жүзінде сол бір даналық шоғыры сана түкпірінен маздап, қылаң береді. Білім мен тәжірибенің ұштасуы білгеннің санаға мықтап орнығуына сеп болса керек. Ал парасат деген не? Парасат дегеніміз білімнің жүрекке еніп, адамның сол арқылы өмір сүруі екен. Егер адам бір жолдың қауіпті әрі пайдасыз екенін біліп, бірақ сол жолмен жүрсе, онда білімі парасатқа айналмағаны деп тұжырымдаймыз.

Шал ақын шарапаты

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тілеуке Құлекеұлы өлеңдерінен пара­саттың лебі есіп, жүрекке нұр құятыны бар. Ерте кезден-ақ араб-парсыға жүйрік, орыс тілінен де құралақан емес Тілеукенің білімділігі мен алғырлығы жұртқа танылып, жас та болса бас атанады. Бізге жеткен аңыздарда бірде ханның ордасына Құлеке мен баласы Тілеуке бір мініс атын өздеріне қайтарып алмақ болып келгенде, хан сырғыта жауап беріп, әлгі атты қимаса керек. Солай қонып жатқанда, әлгі хан төпе­леген жауында қалып қойған әлжуаз тоқ­тыны көтеріп алып, ықтасынға алып кіреді. Сонда жас Тілеуке бала ұрымтал сәт­ті пайдаланып былай деп өлеңдеткен екен:

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің,

Қойға пана болмайды тал дегенің.

Жалаң аяқ, жалаң бас қой арқалап,

Хан ата, қандай екен мал дегенің?

Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кіші,

Біреудің хақын жемес жақсы кісі.

Тақтағы хан, таптағы биді еңкейткен,

Хан ата, қандай екен малдың күші?

Сөздің төркінін түсініп, өзінің қателігін мойындаған хан Құлекенің атын қайтарып беріп: «Өзің жап-жас болсаң да, шал кісідей таңдайың тақылдаған бала екенсің. Бұдан былай сенің атың Шал болсын!» - деп ықылас білдірген екен. Осылайша, Тілеуке бала тарихта «Шал ақын» атымен қалады.

Орыстар Толстойды «дана бала» десе, Тілеуке атамыз «шал бала» атаныпты. Шал ақын өлеңдерінде өзгеше әуез, жазба поэзияның құнарлы өрнектері кездеседі. Әр қатар ойға, ғибратты мәнге құрылады. Өлең ырғағы да өзіне дейінгі өзге қазақ ақындарына ұқсай бермейді. Ауыз әде­биетін қанып ішкен оның тақырыбы мен дүниені тану шеңбері кең.

Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,

Атадан арыстан туып ассаң-дағы.

Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,

Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ.

Жігіттер, жас кезіңде тәубаға кел,

Ажал деген көзді

ашып-жұмғандай-ақ.

Осы бір шумақтарда жаңа ырғақ, жаңа теңеулер, сергек мінез білінеді. Шал ақын жыраулар секілді жаугершілік уақ­ыттағы ел тағдырын немесе зар за­ман ақындары сынды тотықұстай құбыл­ған заманның түрін көп жырламайды. Ақынның жаңашылдығы сол, ол өз ішіне, сезім сабақтарына, жүрек шақтарына көбірек мән береді.

Он бестегі жасым-ай,

Жарға ойнаған лақтай.

Жиырмадағы жасым-ай,

Көлге біткен құрақтай.

Отыздағы жасым-ай,

Таудан аққан бұлақтай.

Қырықтағы жасым-ай,

Қырымдағыға көз салған,

Байлаулы тұрған құр аттай.

Шал ақынның молынан қалам сермей­тін тақырыбы – адамның жасы. Жастық шақ пен кәрілік шақтың сипатын жазған өлеңдері жиі ұшырасады. Кәрілікті жырға қосу сол ғасырдағы ақындардың көбіне тән құбылыс. Жасындай жалт атқан жас­тық өмірін сағынып, жүрек оты маздап ала­сұрған ақындардың көңіл толқынысы жанды қариды. Тілеуке Құлекеұлының сонымен бірге имандылыққа шақырған өлеңдері бар.

Мекке менен Мадина жолдың ұшы,

Ұзақ сапар дейді ғой барған кісі.

Ата менен анаңды құрметтесең,

Мекке болып табылар үйдің іші.

XX ғасырда қазақ ғылымының кенже­леп, артта қалуына ғылымсыз, сауаты аз молдалардың уағызы көбірек әсер етті. Тіпті өлең жазып, ән айтудың өзіне қар­сылық көрсеткен олардың қараңғы идеологиясын Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұттар сынға алды. Халықты үрей мен түнектің ішінде ұстап, оқу-білімге талпынысын жойған молдалар ісіне ағартушылар тоқ­тау салып, діндегі жазбаларға ұлттық танымға сай өз тәпсірлерін жеткізіп отырды. Жоғарыдағы шумақ Шал ақынның елге кеңінен тараған көңілге қонымды ой қорытуларының бірі.

Аумалы-төкпелі кезеңдерде ұлт руханиятын күзетіп, шөлдеген рухқа бал та­тырған жігерлі жыр, жарқын жыр иесі­нің біршама мұрасын кезінде Мұхтар Маға­уин арнайы зерттеп, халық арасынан жинап хатқа түсірді. Сонымен қатар Сәбит Мұқанов, Ғалым Малдыбаев, Хайролла Мұқанов, Сейтен Сауытбеков сынды тұлғалар Шал мұрасын бүгінге жет­кі­зу­ге үлесін қосты. Өлеңдері ауыздан-ауыз­ға таралып, кейінге дейін ел жадында сақ­талуының сыры – психология­лық, фило­софиялық өрнектері мен қай кезең­де де көнермес қызықты, мәңгілік тақы­рыптарды қамти білуінде еді.