Қазір өз қызметінде ESG (environmental – қоршаған орта, social – әлеуметтік жауапкершілік, governance – корпоративтік басқару) қағидаттарын
қолданатын ұйымдардың, кәсіпорындар мен компаниялардың қатары көбейіп келеді. Мақсат – индустрияның қоршаған ортаға теріс әсерін азайту және өндірісті «жасыл», яғни мейлінше қауіпсіз деңгейге бейімдеу. Бір сөзбен айтқанда, адам мен табиғатқа жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарау.
Сарапшылар алдағы уақытта мұндай қағиданы ұстанбайтындарға нарықта орын болмайтынын да ашық айтып жүр. Жаһандық трендтің жалына жармасқан Қазақстан да отандық экономиканың бағытын өзгертуді бастады. Алда инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту, жаңа өндірістер құру, мамандар даярлау, заңнаманы өзектендіру секілді маңызды міндеттер тұр.
Қазір инвесторлар таңдау жасауда ESG қағидаттарын ұстанатын компанияларға басымдық береді. Өйткені ESG стандарттарын сақтау экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік тәуекелдердің әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, компанияның қызметін жақсартуға оң әсер етеді. Экологияға, орнықты дамуға, баламалы энергетикаға және әлеуметтік жобаларға инвестиция салу негізгі үрдістердің біріне айналып келеді. FinReview.info дерегіне сүйенсек, ESG қағидаттарын қолдайтын және жүзеге асыратын компаниялардың жаһандық активтері қазір 120 трлн доллардан асқан. Көрсеткіш соңғы он жылда 5 есе өсіпті. Сондықтан бұл үрдіске атүсті қарайтын компаниялар қаржысыз қалуы ықтимал.
ESG қағидаттары біртіндеп Қазақстанның экономикалық саясатының стратегиялық негізіне айналуда. Біздің ел «жасыл» деңгейге көшу үшін ұйымдық-құқықтық негіз құрған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет екенін атап өту керек. Қазақстанда бұған қатысты бірқатар заңнамалық құжат, стратегия мен бағдарлама қабылданғанын білеміз. Мәселен, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа экологиялық кодексте «жасыл» қаржыландырудың және оның құрамдас бөліктері – облигациялардың, кредиттердің және өзге де қаржы құралдарының сипаттамалары заңнамалық деңгейде айқындалды. Бұл бастама нарықтың өтімділігін нығайтты және елге бағытталған инвестициялар ағынына серпін берді. Осылайша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында (Astana International Exchange) «Самұрық-Энерго» АҚ «жасыл» облигацияларын сәтті орналастырды. Компания жария жазылым арқылы 18,4 млрд теңге тартты.
Түрлі құжаттардан, келісімдерден, декларациялардан, қаржы құралдарынан басқа, ESG қағидаттары өндірісте де енгізілуде. Мысалы, 2021 жылдың соңында Айтқали Жақұтов атындағы Алматы 2-ші жылу-электр орталығын жаңғырту басталды. Орталықтың жұмысын экологиялық таза газға көшіру жоспарлануда. Газ қондырғыларын іске қосқаннан кейін 2026 жылға қарай стансадан бір жылда шығатын зиянды заттардың көлемі 50,4 мың тоннадан 6,7 мың тоннаға дейін азаяды. Осылайша, елдің ірі мегаполисіндегі экология жақсармақ. Бұл «жасыл» деңгейге көшудегі жүйелі мемлекеттік шешімдердің бірі.
Дегенмен Қазақстан әзірге ESG қағидаттарын дамытудың бастапқы кезеңінде тұр. Сондықтан елде айтарлықтай өзгерістер орын алады. Ол қандай өзгерістер? Енді соған тоқталайық.
Біріншіден, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды көбейту керек. Қазақстанның электр энергетикалық жүйесі қазіргі уақытта шекті қуатпен жұмыс істеп тұр. Оның үстіне сұраныс өсіп келеді әрі энергия өндіруші компаниялардың апаттық жағдайда тоқтап қалуының жиілеуіне байланысты өндірістің жетіспеушілігін бастан кешіріп отыр. Былтыр өндірілген электр энергиясының көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға өсті. Бұған дейін өсім орта есеппен 2,9 пайызды құраған еді. Соңғы он жылда жоғары өсу қарқыны 2017 жылы ғана тіркелген. 2015-2016 жылдардағы дағдарыстан кейін электр энергиясын өндіру бір жыл ішінде 9,6 пайызға өсті.
Өткен жылы тұтыну 6 пайызға өскендіктен өндіріс те ұлғайды. Ол нарыққа криптовалюта майнерлерінің келуімен байланысты. Сондай-ақ тұтыну көлемінің шамамен 40 пайызы электр желілеріне өнеркәсіптік кәсіпорындар немесе үй шаруашылықтары ретінде қосылған «сұр» майнерлердің үлесіне тиесілі болғанын да атап өту керек.
«Жасыл» технологияларды енгізу Қазақстан экономикасының энергия тиімділігінің 30-50 пайызға өсуіне, сондай-ақ су тұтынуды 48 пайызға қысқартуға әкеледі деп күтілуде. Бұдан басқа, «жасыл» модельге көшу ішкі жалпы өнімнің 3 пайызға өсуін қамтамасыз етуге, 500 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, өнеркәсіп пен көрсетілетін қызметтердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін өмір сүру сапасы стандарттарының өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Егер Қазақстан «жасыл» экономикаға көшуді жеделдетпесе, онда ресурстарды тиімсіз пайдалану экономикалық шығындарға ұшыратады. Ұзақ мерзімді перспективада елдің уысынан сусып түсер табыс 4-8 млрд долларды құрамақ. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 18 млрд долларға жетуі мүмкін.
Екіншіден, көміртексіздендіру процесін жеделдету маңызды. Әлем елдері көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, яғни парниктік газдар шығарындыларын қайта өңдеу және кәдеге жарату туралы жоспарларын жаппай жариялап жатыр. Мәселен, Еуропалық одақ елдері 2050 жылға қарай көміртегі шығарындыларынан арылуға ниетті. Ол үшін «трансшекаралық көміртекті түзету тетігін» енгізуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз импортқа салынатын экологиялық салық. Аталған норма Еуропаға өз өнімдерін жеткізетін Қазақстанға әсер етеді. Алғашқы үш жылда Еуроодаққа қара металлургия, цемент, электр энергиясы, тыңайтқыштар мен алюминий өнімдерін импорттау реттелуі мүмкін. Уақыт өте келе тауарлар тізбесі кеңейтілетін болады және Қазақстанның еуропалық бағыттағы негізгі экспорттық тауары – шикі мұнайды да қамтуы мүмкін.
Түрлі болжамдарға сүйенсек, Қазақстан көміртегі салығын енгізу кезінде және көмірқышқыл газы шығарындыларының бағасы тоннасына 44 долларды құраған жағдайда жылдық экспорттың 207 млн долларын жоғалтуы мүмкін. Ал баға 88 долларды құраса, бұл сома 352 млн долларға жетпек. Сондықтан экономикасы шикізат экспортына негізделген Қазақстанға қаржылық шығындарды азайту үшін қазірдің өзінде мұнай-газ және тау-кен металлургия салаларын көміртексіздендіру үшін технологиялар мен тәсілдерді пайдалануды жандандыру маңызды.
Үшіншіден, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту керек. «Жасыл» экономикаға көшуді көздеп отырған Қазақстан үшін өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және дамыту маңызды. Олай болмаған жағдайда, біздің ел жақын болашақта экологиялық проблемамен бетпе-бет келеді. Тиісінше, бәсекеге қабілеттілігінен айырылады.
«Қазақстанның энергияны көп қажет ететін елдер тізбесіне енуімен де жағдай күрделене түсуде. Республиканың ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің көрсеткішінен 3,2 есе, Канададан – 2 есе және Қытайдан 1,5 есе артық. Соған қарамастан, әзірге елде электр энергиясының тапшылығы айтарлықтай сезіліп отырған жоқ және қазақстандық өндірушілер энергия үнемдеуге қалдық қағидаты бойынша қарап келеді. Алайда энергия өндіруші компаниялардың шекті қуаттылықпен жұмыс істеуіне байланысты энергия жетіспеушілігі байқалуы әбден мүмкін. Сондықтан елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экономика секторларының энергия тиімділігін арттыруды ескере отырып, өндіруші кәсіпорындардың инфрақұрылымын жаңарту маңызды», дейді FinReview.info сарапшылары.
Төртіншіден, инвестицияны ұлғайту қажет. Төмен көміртекті күн тәртібіне көшу айтарлықтай инвестицияны қажет етеді. Қазақстанға шамамен 3-4 млрд доллар қажет. Бұл ретте біздің елге шетелдік инвесторлар практикалық көмек көрсете алады. Кәсіпорындарға қажетті инвестицияны Еуразиялық даму банкі, Қазақстанның даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, KazakhExport, Kazyna Capital Management секілді елде жұмыс істейтін қаржы институттары арқылы тартуға болады. Мысалы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы іске қосылған уақыттан бері 6 млрд доллар инвестиция тартты. Оның 4,3 млрд доллары – тікелей инвестиция, 1,7 млрд доллары – портфельдік инвестиция. Өз кезегінде инвестициялар кәсіпорындарға капиталды «жасыл» күн тәртібін іске асыруға бағыттап қана қоймай, инновациялық өнімдерді тартуға, экспорт географиясын кеңейтуге, бизнес-процестерді жақсартуға және шикізатты сатып алудың жаңа нарықтарын анықтауға мүмкіндік береді.