Оқиға • 21 Шілде, 2022

Дәрігерлер тамақтан уланған жұмысшылардың жағдайы туралы айтты

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында тамақтан уланған 11 адам ауруханада жатыр. Жұмысшылар тамақтан уланған асханаға тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дәрігерлер тамақтан уланған жұмысшылардың жағдайы туралы айтты

Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Теңіз кен орнында тамақтан уланған 30-дан астам жұмысшы медициналық көмекке жүгінген.

«Жұмысшылардың барлығы «КазПромСтрой Инжиниринг» ЖШС-ға тиесілі асханада түскі ас ішкен. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жұмысшылардың көпшілігі амбулаториялық емделуге жіберілді. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы орталық ауруханаға он бір адам жеткізілді. Науқастарда құсу, диарея, безгек, бас ауруы, жалпы әлсіздік байқалған. Алдын ала диагноз – тағамдық токсикоинфекциясы», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тамақтан уланып, ауруханаға түскен науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жұмысшылар тамақтан уланған асханадан сынама алып, Ұлттық сараптама орталығына жіберді.

Зертханалық зерттеулердің нәтижелері үш күн ішінде алынады. Департамент мамандары жұмысшылар түскі ас ішкен асхананың жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Атырау облысындағы Теңіз кен орнында 30-дан астам жұмысшы тамақтан уланып қалғаны туралы жазған болатынбыз.