Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың айтуынша, инфекция жұқтырғандар негізінен ашық симптоммен анықталып жатыр. Осыған байланысты қаланың бас санитары 6 түрлі топтағы адамдарға ревакциналау міндетті жүргізілетінін мәлімдеді. Оған медицина, әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі, күштік құрылымдар өкілдері және педагогтер мен 50 жастан асқан азаматтар кіреді.
Шілденің соңына дейін қаладағы 27 мыңнан астам адамды Pfizer екпесімен ревакциналау жоспарланып отыр. Дерттің өршіп келе жатқанына қарамастан, Шымкент бұрынғыдай карантинге жабылмайды. Коронавирустың екі штаммы «Дельта» мен «Стелс-омикрон» таралуда, әсіресе екіншісін жұқтырып жатқан адам көп.
Әлеуметтік желілердегі белгісіз біреулердің қорғаныш костюмдерін киіп ауаға бөгде бір затты шашып жүргені бейнеленген түсірілім және сол арқылы індет таратылып жатқаны жөніндегі ақпарат мегаполис тұрғындарын үрейлендіріп отыр. Бас санитар мұның еш шындыққа жанаспайтынын, вирус ауамен таралмайтынын мәлімдеп, жұртты қауесетке сенбеуге шақыруда.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ