Спорт • 21 Шілде, 2022

Желкенін жел керген Джеруто Қазақстанға әлем чемпионатындағы алғашқы алтынды сыйлады

291 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

АҚШ уақыты бойынша сәрсенбінің кешінде, Қазақстан уақытымен бейсенбінің таңында мұхиттың арғы бетінен сүйінші хабар жетті. АҚШ-тың Орегон штатындағы Юджин қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан XVIII әлем чемпионатының финалында қазақстандық спортшы Тануи Нора Джеруто мәреге бірінші жетіп, алтыннан алқа тақты.

Желкенін жел керген Джеруто Қазақстанға әлем чемпионатындағы алғашқы алтынды сыйлады

3000 метр қашықтыққа кедергілер арқылы жүгіруде алдына жан салмаған Нора Қазақстан жеңіл атлетикасы үшін алғашқы алтын медальды жеңіп алды. Нораға биылғы әлем чемпио­наты өтіп жатқан Юджиндегі ста­дион таңсық емес еді. Себебі ол бұған дейін осы қалада ұйымдастырылған «Гауһар лигасы» жарысының 2021 және 2022 жылғы кезеңдерінде 3000 метр қашықтықта жеңіске жеткен еді. Мәселен, Юджиндегі былтырғы жарыста Джеруто 8:53,65 минут нәтижемен алтыннан алқа таққан болса, биыл мамырдағы бәсекеде аталған қашықтықты 8:57,97 минутта жүгіріп өтіп, жарыс жеңімпазы атанған-ды. Сондықтан Нора Джеруто АҚШ-тағы әлем чемпионатына бірден-бір фаворит ретінде аттанған-тын.

16 шілде (Қазақстан уақыты бо­йынша 17 шілде) күні өткен әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне 42 атлет қатысты. Іріктеуде аталған қашықтықты 9:01.54 уақыт көрсеткішімен жүгіріп өткен Нора финалға бірінші орынмен жолдама алды. Жерлесіміздің негізгі қарсыластары саналған эфиопиялық Веркуха Гетачью (9:11.25) мен тунистік Марва Бузаяни (9:12.14) екінші және үшінші орындарға ие болды. Өкінішке қарай, осы қашықтықта іріктеуде бақ сынаған тағы бір қазақстандық спортшы – Дэйзи Джэпкимэй (9:23.07) финалға шыға алмады. 26 жастағы Джэпкимэй 2012 жылы Испанияның Барселона қаласында ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде топ жарған болса, 2013 жылы Украинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 2000 метр қашықтықта күміспен күптелген болатын.

...Сөйтіп финал уақыты да келіп жетті. Мұхиттың арғы бетіндегі жаһандық доданың алтыншы күнін қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл ғана Қазақстан атынан жарыстарға қатысуға рұқсат алған кениялық спортшы бас жүлде үшін өткен бәсекеде топ жарып, дәл біз күткендей жарқын жеңісіне қол жеткізді.

Финалдық сайыстағы негізгі бәсеке қазақстандық Нора Джеруто, 3000 шақырымға кедергілер арқылы жүгіруде Азия және Азия ойындарының жеңімпазы бахрейндік  Уинфред Яви, Африка ойындарының чемпионы эфиопиялық Веркуха Гетачью, 2000 метр­ге жүгіруде 2018 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы, 3000 метрге кедергілермен жүгіруде 2019 жылғы Африка ойындарының жеңімпазы Мекидес Абебе арасында өрбіді.

Сөреден шыққан бетте көшбасшылық тізгінді ұстаған Нораның алдын Уинфред Яви бір-екі рет орауға тырысқанымен,  Джеруто оған тез жетіп алып отырды. Дегенмен бар мәселе соңғы айналымдағы суы бар шұңқыр кедергіден кейін шешілді. Гетач пен Яви осы кедергінің алдында Джерутодан озып кетуді көздеген еді, алайда жерлесіміз бірінші болып кедергіден секіріп өтіп, әрі қарай желмен жарыса зулады да кетті. Кедергінің алдында кібіртіктеп қалған Яви қолда тұрған жүлдеден айырылып қалды. Ал кениялықтар – Гетачью мен Абебе мәреге екінші және үшінші болып жетті. Джеруто үш жыл бұрын Беатрис Чепкоечтің Дохада орнатқан әлем чемпионатының рекордын бұзып қана қоймай, өзінің де жеке рекордын жаңартты – 8.53,02! Айтпақшы, 3000 метрге әйелдер арасында кедергілер арқылы жүгіру тарихында алғаш рет үш жүлдегер мәреге тоғыз минутқа жетпей келіп үлгерді.

Әлем чемпионы атанғаннан кейін Нора Джеруто Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат беріп, жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті. «Финалдың алдында эфиопиялық қарсыластарымнан аздап қауіптеніп тұрдым. Өйткені олардың қарым-қабілетін, әлеуетін жақсы білетінмін. Олар да мен сияқты Африка чемпиондары. Сондықтан тек соларға есе жібермеу керектігін ойладым. Мен әр жарысымда бірінші болып жүгіргенді ұнатамын. Өйткені сол арқылы қарсыластарымның аяқ алысын бақылап отырамын. Осы жеңісіме үлкен үлес қосқан ата-анама, туған-туыстарыма, жарыстарға дайындаған жеке бапкеріме, қарсыластарыма рахметімді айтамын», деді су жаңа әлем чемпионы.

Бұл – Қазақстан жеңіл атлетикасы үшін тарихи жеңіс! Олай деуге негіз, осы спорт түрін серік еткен бірде-бір жерлесіміз бүгінге дейін әлем чемпионаттарында Әнұранымызды шырқата алмаған еді. Тек күміс және қола жүлделермен шектелген болатын. Атап айтар болсақ, 1993 жылы Германияның Штутгарт қаласында жалауы желбіреген жарысқа Қазақстан құрамасы тұңғыш рет қатысып, күміс медаль жеңіп алды. Сырықпен секіру сайысында 5 метр 90 сантиметрлік көрсеткішке қол жеткізген Григорий Егоров әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Араға екі жыл салып 1995 жылы Швецияның Гетеборг қаласында өткен жарыста 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Ольга Шишигина да күміспен күптелсе, 2001 жылы Канаданың Эдмонтон қаласындағы байрақты бәсекеде қоланы қанағат тұтты. Ал 2003 жылы Францияның Сен-Дениіндегі әлем чемпионатында онса­йысшы Дмитрий Карповтың асығы алшысынан түсіп, әлем біріншілігінің қола медаліне ие болды. Ол бұл жетістігін 2007 жылы Жапониядағы дүниежүзілік додада қайталады. Кейіннен үш қарғып секіруде Ольга Рыпакова ел қоржынына күміс және қола жүлде салды. 2011 жылы Тэгудегі жарыста отандасымыз екінші орынды еншілесе, 2015 жылы Бейжіңдегі додада үшінші орыннан көрінді. Жанкүйерлер қазақстандық жеңіл атлеттердің кейінгі жеңісін 7 жыл, алғашқы алтынын 30 жыл күтті. АҚШ-та Нора Джеруто Қазақстанның жеңіл атлетика спортын жаңа деңгейге көтерді.

Оқырмандар арасында «Нора Джеруто деген кім?», «Ол Қазақстанға қашан келді?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Осы орайда Нораны аз-кем таныстыра өтейік. Нора 1995 жылдың 14 қазанында Кенияда дүниеге келген. Жастайынан жүгірумен айналысқан болашақ әлем чемпионы ең алғашқы ірі жарысына 2011 жылы қатысты. Жасөспірімдер арасындағы Африка чемпионатында өнер көрсеткен ол кросс бойынша жекелей жарыста алтыншы орынға ие болса, командалық жарыста үздік шықты. Дәл сол жылы ол жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысып, 2000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде қола жүлде жеңіп алды. Уақыт көрсеткіші – 6:16.41. Ал 2016 жылы ересектер арасында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Африкада теңдессіз деп танылды.

2018 жылы Нора Джерутодан бөлек тағы үш атлет  – Дэйзи Джэпкимэй, Каролин Кипкируи мен Шэдрак Кимутаи Кения құрамасының сапына ене алмаған соң бапкерлері Кен Ротичпен бірге Қазақстанға қоныс аударып, біздің елдің азаматтығын алды. Дегенмен, әлемдік жеңіл атлетика ұйымының (World Athletics) ережесіне сай, азаматтығын ауыстырған атлеттер кемінде үш жыл «карантинде» болып, содан кейін ғана жаңа ел атынан жарысқа қатысуға рұқсат алды. Сөйтіп биыл жыл басында кениялық спортшыларға Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысуға рұқсат берілді.