Аймақтар • 22 Шілде, 2022

Қорғаста жұмыс жүйеленеді

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орта­лы­ғы­ның жұмысы әлі күнге жүйеленбей келеді. Жос­пар­лан­ған 12 жобаның осы уақытқа дейін тек 3-і ғана жүзеге асқан. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Панфилов ауданына жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Қорғаста жұмыс жүйеленеді

Орталық пандемияға байла­ныс­ты 2020 жылдан бері сауда-саттықты тоқтатқан. Ал жыл ба­сынан бері көлік арқы­лы­ тек 1 мың тонна ғана жүк өткен. Жалпы, «Қорғас» ШЫХО жұмы­сын жандандыру бағытында ин­вес­­тициялық жобаларды қолға алу көзделіп отыр. Оған қоса, «Қазпошта» АҚ аумағы 3 мың шаршы метрлік халықаралық пош­та алмасу орнын салмақшы. Онда коммерциялық жүкті қабылдау, сұрыптау, сақтау, тиісті орынға дейін жеткізіп беру мәселесі то­лық­тай қарастырылған.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында бірегей құрғақ порт пен логистика және өңдеу өнеркәсібі жұмыс істеуде. Негізінен, құрғақ порттың жылдық қуаттылығы жоғары. Контейнер айналымын 540 мың ДФЭ-ге дейін жеткізуге қауқарлы. Мәселен, өткен 6 айдың ішінде 4,2 млрд теңгеден аса табыс тапқан.

Қазір арнайы экономикалық аймаққа инвестиция салуға ниет білдіргендер көп. Жобалардың жалпы құны 500 млрд теңге болатын 28 қатысушы тіркеліп, 18 жер учаскесін алды. Арасында кәсібін ілгерілетіп жатқандар да бар. Соның бірі – Elite baby production компаниясы.

Жуырда ғана іске қосылған кәсіп­орын балаларға арналған жөр­­гектер мен гигиеналық өнім­дер шығара бастады. Ал «SSA Feed Mills» ЖШС жылына 60 мың тон­на­ға дейін құрамажем дайын­дау­да. Жобаға 4,7 млрд теңге қар­жы жұмсаған. Бұдан бөлек, ар­­найы экономикалық аймақта жүзе­ге асатын тың жобалар да та­ныс­тырылды.

Басшылықтың айтуынша, бола­шақта халықаралық өндіріс­тік қала салу жоспарда бар. Онда 5 мың адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар 17 млрд теңгеге атлантикалық ақсерке өсіретін зауыт ашу көзделіп отыр. Нақтырақ айтқанда, аймақтың эконо­микалық әлеуеті зор. Тіпті жүк және жолаушы тасы­ма­лына арналған әуежай да қарас­ты­рыл­ған. Бұл ретте, әкімдік жер мәсе­ле­сін шешіп беруге ықпал етпек.

Темір жол арқылы жүк тасымалын «Алтынкөл» стансасы да қамтамасыз етуде. Жыл басынан бері Қытайдан 1 200-ге жуық жүк және жолаушылар пойызы келіп, көрші елге осынша көлемде пойыз өткен. Тәулігіне орташа есеппен мұнда 900-дей контейнер қабылданады. Стансадағы жүктер Қытайдан Еуропаға, Пар­сы шығанағы елдеріне және Ор­та­лық Азияға жөнелтілуде.

«Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінде Президент тапсыр­ма­сына сәйкес, көліктерді элек­тронды кезекке қою жүйе­сі қолға алынған. Соның нәтижесінде күніне бекет арқылы өтетін автокөлік саны 90-ға дейін өсті. Ең бастысы, осы әдіс арқылы саладағы барлық алыпсатарлық схема толығымен жойылды.

 

Жетісу облысы