Қоғам • 24 Шілде, 2022

Жері бардың малы жоқ, малы бардың жері жоқ...

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біреу жайылымдық жерге зар. Ал біреу иелігіндегі жерді игермей алаңсыз отыр. Мемлекеттің меншігі болғандықтан жайбарақаттыққа жол жоқ. Соңғы жылдары Павлодар облысында шаруа қожалықтарының иелігіндегі пайдаланылмай бос жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.

Жері бардың малы жоқ, малы бардың жері жоқ...

Статистикаға көз жүгіртсек, Павло­дар облысы аумағында 8,3 млн гектар жайылымдық жер тіркелген. Оның ­4,7 млн гектары ауыл шаруашылығы ­тауарларын өндірушілерге үлестіріл­ген. Әлі қаншама жер игерілмей жат­қа­нын есептей беріңіз. Шаруаларға бе­рілген жердің өзі банкке кепілдік­ке қойылғандықтан ондай жерлерді игеру жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бұл – республикаға ортақ проблема. Бүгінде елімізде 187 млн гектар жер мал жайылымы ретінде тіркелген. Өкінішке қарай, оның 80 млн гектары ғана игерілген, яғни 43 пайызы қолданыста. Салдарынан төрт түлікті түлетіп отырған ауылдағы аға­йынға жайылым жерлер жетпей отыр. Малдың көбі қыстақ пен жайлау­дан гөрі ауыл маңында жайылады. Осы­лайша, ауыл маңайындағы 15-20 шақы­рымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп келеді. Тіпті зоогигиеналық ахуал да шиеленісіп, мал арасында аурулардың көбеюіне әкеліп соқтыруда. Аталған факторлар толыққанды мал өнімдерін алу мүмкіндігін азайтып, саланың дамуына кері әсерін тигізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бұл проблема көтеріліп, жерді түгендеу жұмыстарын жеделдетуге тапсырма берілген еді.

Осы жылдың мамыр айына дейінгі деректерге сүйенсек, Павлодар облысында пайдаланылмай жатқан 904 мың гектар жайылым жер анықталыпты. Прокуратураның іске араласуы нәти­жесінде 135 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Шаруаларға жасалған ескертудің нәтижесінде 258 мың гектар жерде «екінші өмір» бас­талыпты.

Облыстық мәслихаттың аграр­­лық мәселелер жөніндегі тұрақты ко­мис­сиясының төрағасы Сайлау Ораз­баев­тың айтуынша, шалғай жерлерде жайылым алқаптарын қолданысқа ен­гізу маңызды.

 – «Жайылымдар туралы» заң жобасына сәйкес, әр ауылдық округтің табиғи-климаттық ерекшеліктерін, тарихи қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескере отырып, ауылдық округ және аудандық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірле­сіп, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар әзірленген. Жоспарда ауыл округі­нің мал жайылатын жайылымдары­ның көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жат­қан жердің иелерін анықтап, сол арқылы жайылымдық жерлерді, жайы­лым пайдаланушылары мен жер иелері арасындағы жағдайды рет­теп, нормативтік талаптарға сәйкес­тендіреді. Бір айта кетер жайт, малы бардың бағатын жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ. Осы теңсіздіктерді шешу үшін ауылдың маңайындағы жерлер ұсақ малдардан, жылқылардан босатылып, тек қана сауын малға «қалдыру» көзделген. Ауылдық округ­тердегі жерлердің көбін ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтар кәсіп­орындары жалға алғаны белгілі. Бұлардың көбінде мал жоқ, бірақ малы бар шаруаларды, жоғарыда айтып кеткендей, өз жеріне жібермейді. Өйткені жерді 49 жылға жалға алған. Алдағы уақытта заң аясында бұл қарама-қай­шы­лық шешімін табады деген сенім­демін, – дейді С.Оразбаев.

Елімізде жеке шаруашылықтар көптеп құрылып, мал саны артқан сайын жайылатын жер де тарылғаны жасырын емес. Бұрындары аталған проблема халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерге тән болса, соңғы жылдары солтүстіктегі ағайынның да ара-тұра жер дауымен басы қатып жүр.

Мәселен, Тереңкөл, Шарбақты және Павлодар аудандарындағы 36 ауылда мал жаятын жер жоқ. Басқа аудандарда да жайылымның аздығы байқалады. Успен ауданының тұрғыны Мұхтар Баймамыров мал басын арттыруды көздегенімен жер мәселесі алдан шығатынын жасырмайды.

– Аудандағы бос аумақтың барлы­ғына егін егіледі. Әрине, астық өсірген дұрыс. Оған еш қарсылық жоқ. Бірақ бұл мал шаруашылығын шетке ысырып қою қажет дегенді білдірмесе керек. Төрт түлік ұстап отырған біз сияқты қарапайым тұрғындарға да жағдай жасалса екен дейміз. Қазір аудан ор­та­­лығының маңында жайылымдық жер жоқтың қасы. Күнде таңертең қой мен жылқыны жолдың ар жағына шығарып, кешқұрым қайта қораға әкеліп қамаудан басқа амал болмай тұр. Шаруалар егін еккен соң жағдай тіпті қиындайды. Жыл сайын осы мәселені көтеріп, жайылымдық жер сұрағанымызбен, мәселе шешілмей келеді, – дейді М.Баймамыров.

Павлодар облыстық жер қатынас­тары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаевтың айтуынша, биыл қара­пайым халықтың қажеттілігі үшін 380 мың гектар жер пайдалануға берілмек.

– Жайылымдық жерлердің тап­шы­лығы өткір тұр. Мысалы, Шар­бақ­ты ауданында аумақтың басым бөлігін орман, ал Павлодар мен Терең­көл ­аудандары Ертіс өзенінің жаға­сында орна­ласқандықтан суармалы алқап алып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін жалпы аумағы шамамен 100 мың гектар болатын 200-ге жуық жер учаскесі мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ жа­йылымдар көлемі жер қорының есебі­нен ұлғайтылады. Осы­лайша, 380 мың гектар аумақ электронды сауда арқы­лы немесе жер комиссиясы шешімі­мен тұрғындар мен шаруаларға ұсыныла­ды, – дейді Р.Дәуітбаев.

Қорыта айтсақ, ауыл шаруашы­лы­ғы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүйелі жүргізілсе, жа­йылым мәселесі де оң шешімін таппақ. Шаруаларды қолдаймыз деп ауылда жеке аулада мал ұстаған ағайын да ұмыт қалмауға тиіс.

 

Павлодар облысы