«Рухани жаңғыру» бағдарламасы көптеген игі істің орындалуына жол ашты. Бастама кеткенімізді келтіріп, кем-кетігімізді жамауға септігін тигізгені жасырын емес. Ескерусіз қалған есіл ерлеріміз еленіп, тарихи орындар қорғауға алынуда. Осындай ауыз толтырып айтар тағы бір өнегелі істі «НАҚ-Бірлік» қоғамдық ұйымы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жүзеге асырған.
Олар 2018 жылы Мәскеудегі музейден Ақын Сараның құнды жәдігерлерін тауып әкелген. Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған жәдігер көзге оттай басылады. Музей директоры Рысжан Аязбаева құнды жәдігер халықтың ыстық ықыласына ие болғанын жеткізді.
«Халқымызда: «Сенгеніңнен сүйенерің мықты болсын», деген аталы сөз бар. Бүгінде артында қалған ұрпағы Сара Тастанбекқызының жоғын жоқтауда. Сүйенерінің мықты екені осыдан-ақ белгілі. Өткенді жандандыру арқылы болашаққа барарымыз белгілі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алған бұл жұмыстың болашақ үшін берері мол. Ендеше, сырт елден әкелінген құнды дүниеміз елдің болашағына қызмет етсін», дейді Р.Аязбаева.
Аталған жәдігерлерді мұражайға мүсінші Маргарита Ващенко өткізген. Ол кезінде Талдықорған облысының бас сәулетшісі болған. Сол жылдары Маргарита Ващенко Ақсу ауданының Көшкентал ауылына және Жансүгір елді мекеніне Сара Тастанбекқызының ескерткішін орнатады. Өзі өмірден өтерде қызы Гелия Тимофееваға ақын Сараның портретін, құжаттарын қазақ еліне жеткіз деп аманаттап кеткен екен.
Қазақ қыздарының теңдігін жырлаған ақынның жәдігерлерін әкелуге «НАҚ-Бірлік» қоғамдық қорының төрағасы Оралбек Жақиянов көп күш жұмсаған. Елшілікпен келісу, мұрағаттан құнды жәдігерлерді алу, аманатты жеткізуші Салтанат Меңлібаеваның барып-келуін қамтамасыз ету оңай шаруа емес еді.
«Маргарита Ващенко қазақ елін шексіз сүйген. Елге деген құрметін ақын Сараға ескерткіш орнатуы және Мәскеудегі жәдігерлерді елге жеткізу жайлы қызына айтып кеткен аманатынан аңғаруға болады. Осы ақын мұрасын елге жеткізуде үлкен еңбек сіңірген Салтанат Дәулетханқызына рахмет айтуымыз керек. Ол шетел мұрағатынан 12 құнды жәдігерді шашау шығармай елге жеткізіп, бүгін өлкетану музейіне табыстап отыр», дейді О.Жақиянов.
Уағында елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінінің өз қолдарынан сусып шығып бара жатқанын сезген бай-бағландар көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық берген еді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында басына азаттық алып қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңін тапқан. Бұл тасада жатқан портретте өз ордасын тапты деп ойлаймыз.
Жетісу облысы