Дүниені тәніңмен сезініп, ғаламат қыр түнін, туған жер, қара орманыңды түсіңде көргеннен артық не бар?! Әлемді құшағына қысып тұрып, қиялдағы ойларыңа қол созғыңыз келеді. Мұны белгілі суретші Тілеужан Батановтан сұрау қажет. Атаусыз картинаға тақырыпты өзіңіз қоясыз. Себебі мұнда сіздің де түсіңіз бар.
Шығарманы үлкен теңіз деп алып қараңызшы. Теңіз бетінде қалқыған адамдардың басы. Уақыт толқынымен тербелген бастардың бет-жүзі балбал тастарға ұқсайды. Бір қарағанда ойыңызға келген алғашқы сөзді, картина сыйлаған сезімді жеткізу үшін қағаз жеткіліксіз секілді. Бір қарағанда үнсіздік қана жаныңызға жәрдемші болардай. Бұлт арасынан сығалаған көздерді еске түсіреді.
Біз ұсынған картинасының сюжеті анықталмаған, өйткені ол жоқ. Сызықтар, жиектер, пішіндер қоспасы – қанық түстер мен реңктермен ойнап, тыныш көлдің бетіне көтерілген толқындар сияқты. Мүмкін сізге басқаша көрінер. Тақырып қоярдай, тұңғиықтан атып шыққан бастардан ақыл іздеңіз. Әйтпесе кеңістікке жер де, ай да бөтен.
Шығарма авторының идеясына үңіліңіз, кім біледі, мүмкін сіз бұрын көрмеген мүлде басқа нәрсені көре аларсыз. Бұл – құпия ғаламшар, жұмбақ дүние. Сіз бұл кенепке неғұрлым көп үңілген сайын, соғұрлым бұрын-соңды кешпеген эмоциялар құйынына түсесіз. Өйткені автор үшін, шын мәнінде, оның жұмысы туралы басқалардың пікірі аса маңызды емес. Оқырман туындыдан өзін тапса болды.