Спорт • 26 Шілде, 2022

Алтын бұйырған әлем чемпионаты

221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Юджин қаласында ұйымдастырылған жеңіл атлетикадан XVIII әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. «Хейворд Филд» стадионында өткен жаһандық додада дүние жүзінің 192 мемлекетінен келген 2 мыңға жуық спортшы 10 күн бойы 49 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Алтын бұйырған әлем чемпионаты

1983 жылы тұсауы кесіл­ген жеңіл атлетикадан әлем чем­­пионатына Қазақстан құра­ма­сының спортшылары дербес мем­лекет ретінде 1993 жы­лы Германияның Штутгарт қала­сында жалауы желбіреген әлем біріншілігінен бастап қатысып келеді. Сол уақыттан бері жер­лестеріміз 14 жаһандық додада өнер көрсетіп, 3 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Атап айтар болсақ, ел қоржынына жүлделерді үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова (1 күміс, 2 қола), 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Ольга Шишигина (1 күміс, 1 қола), онсайыстан Дмитрий Карпов (2 қола) және сырықпен секіруден Григорий Егоров (күміс) салған еді.

Осы уақыт аралығында жер­­­лестерімізге әлем чемпио­на­тының күмісі мен қоласы бұйырса да, ­29 жыл бойы отан­дастарымыздың медаль жиын­тығын­да бір алтынның орны ойсырап тұрған еді. Міне, сол олқылықтың орнын Юджинде алғаш өткен әлем біріншілігінде 3 000 метр­ге кедергілер ар­қылы жүгіру са­йысында өнер көр­сеткен Нора Джеруто толық­тырды. Финал­дық бәсекеде бү­кіл елдің үмітін арқалап жарыс жолына шыққан Джеруто алдына жан салмай, АҚШ тө­рінде Әнұранымызды шыр­қатты. Бұл Қазақстан үшін же­­­ңіл атле­тикадан өткен әлем чем­­пио­­наттарындағы алғашқы алтын еді.

Жалпы, Орегондағы әлем чемпионатында Қазақстан құра­ма­сының 12 спортшысы 10 бағ­дарлама бойынша сынға түсті. Жерлестеріміз арасында ең үз­дік нәтижеге Нора Джеруто ие болса да, бірқатар атлетіміз АҚШ-та өздерінің жеке көрсет­кіштерін жақсарта алды. Мәселен, 400 метрге жүгіру сынында Михаил Литвиннің әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алған алғашқы қазақстандық атлет екенін атап өтуге болады. Ал 35 шақырымға спорттық жүрістен жарыс жолына шыққан Галина Якушева әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарына ілінбесе де, аталған қашықтықты 2 сағат 54 минут 50 секундта жүріп өтіп, Қазақстан рекордын орнатты.

Биіктікке секіру бойынша финалда өнер көрсеткен На­дежда Дубовицкая медальға қол жеткізе алмағанымен, 196 сантиметрге секіріп, 8-сатыдан көрінді. Жалпы, Надежда Ду­бо­вицкая – биікке секіруден әлем чемпионатының финалына шыққан үшінші қазақстандық атлет. Бұған дейін Светлана Залевская (1999 ж) мен Марина Аитова (2007 ж) осындай дең­гейге көтерілген еді.

Осылайша, АҚШ-тағы әлем чемпионатында алғашқы алтынын олжалаған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрінді. Бұл – егемендік алған жылдардан бергі әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік көрсеткіш. Сондай-ақ бір алтын жүлде иеленген Багам аралдары, Франция, Португалия, Марокко, Қатар, Словения мен Венесуэла Қазақстанмен қатар жайғасты.

Жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары қатары­нан екі әлем чемпионатында топ жарды. АҚШ спортшылары 13 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль еншіледі. Екінші орынға Эфиопия құрамасы табан тіреді – 4 алтын, 4 күміс, 2 қола. Бұл – Эфиопияның әлем чемпионаттарында көрсеткен ең үздік нәтижесі. Бұған дейін олар 5-6-орыннан жоғары кө­терілмеген еді. Ал үздік үштікті Ямайка түйіндеді – 2 алтын, 7 күміс, 1 қола. Желаяқтар отаны саналатын аталған ел көбіне бес­тіктен төмен сырғыған емес. Ал 2015 жылы Қытайда ұйым­дастырылған жаһандық додада олар Кениядан кейін 2-орынға жайғасқан еді.

Кения жеңіл атлеттері АҚШ-та 2005 жылдан бергі әлем чем­пионаттарындағы ең нашар орыннан көрінді. Олар 2 алтын, 5 күміс, 3 қоламен жал­пы­командалық есепте төртінші орынға түсіп қалды. Кейінгі 7 әлем чемпионатында Кения атлеттері үнемі үздік үштіктің қатарынан табылатын.

Бұл жарыста барлығы 22 мем­лекеттің Әнұраны шыр­қалды. Одан бөлек 45 елдің туы көк­те желбіреді. Сондай-ақ АҚШ-тағы әлем чемпионатында екі әлем рекорды, тоғыз әлем чемпионатының рекорды, төрт құрлықтық және сегіз ұлттық рекорд жаңарды.

Келесі әлем чемпионаты 2023 жылдың 19-27 тамызы аралығында Мажарстанның бас шаһары – Будапештте ұйымдастырылады.