Торғай – Алаш арыстары шыққан, патша өкіметінің қитұрқы саясатына қарсы көптеген көтеріліс ұйымдастырылған ерекше аудан. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен біртуар азамат Міржақып Дулатовтың да отаны. Танымал халық батырлары, ақын-жазушылар, оқымыстылар, халық әртістері, әнші-күйшілер, спортшылар, ауыл шаруашылығы саласы бойынша Социалистік Еңбек Ерлері де көптеп саналады. Аудан орталығындағы бес музей, Ардагерлер үйі, Amanat партиясының кеңсесі үзбей жұмыс істейді.
Сол атақты да талантты жерлестерімізді көріп есейген, кезінде түрлі қызмет атқарған көзі ашық, көкірегі ояу кешегі жастар – бүгінгі ардагерлер жиналып, Президенттің Жолдауларын, басқа да бастамаларын, Үкімет отырыстарында көтерілген өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасамыз, мәдени іс-шаралар мен спорт жарыстарын тамашалаймыз.
Спорт демекші, қазір олардың түрі көбейді. Жастарымыз да солармен жан-жақты айналыса бастады. Қазақ жастары, әсіресе әуесқой боксты толық меңгеріп, Олимпиада, әлем, Азия чемпионаттарында топ жарып жүр. Біразы кәсіпқой боксқа ауысып үлгерсе, ол жақта да табыссыз емес сияқты. Ұландарымыздың қайратты, қарулы екендерін мақтанышпен айтамыз. Жылт еткен жағымды жаңалық естісек, бір-бірімізге қуана хабарлап жатамыз.
Сөзімнің соңында айтпағым мынау еді. Құрметті «Егемен Қазақстан» газетінің спорт тақырыбында жазатын журналистері! Біз, торғайлық ардагерлер, қазіргі кезде Қазақстанның неше боксшысы кәсіпқой бокста жүр және олардың әрқайсысы неше мәрте шаршы алаңға шықты, жеңгені, жеңілгені, тең түскені нешеу, қайсысы қашан бокстасады, қарсыластары кімдер деген сияқты қызықты мәліметтерді ұдайы біліп отырсақ дейміз. Өтініштеріміз аяқсыз қалмайды деп сенеміз.
Жақан қажы ИБРАЕВ,
Жақсылық АХМЕТОВ,
Тойғанбол НҰРХАНОВ,
Жұмахан СӘДУАҚАСОВ
Қостанай облысы