Өнер • 26 Шілде, 2022

Қалыңдық қағидасы

448 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаламгер Александр Островскийдің атақты пьесасының кейіпкері Миша Бальзаминов: «үйлену – ұлы іс» дейтіні бар. Шығарманы оқып отырып, жазушы неге шаңырақ көтерген екі жастың қадамына сонша маңыз берді екен деп ойлайсыз?! Сөйтсек, отбасын құруға үлкен дайындықпен келмесеңіз, маздаған махаббатыңыз аздық етеді екен. Қазіргі қоғамдағы ахуалға қарап сіз де оған анықтама бере аласыз. Ежелгі славян халықтарының бұл үрдісте өзінің мәдени жоралғысы болған, дәл қазақ халқы секілді.

Қалыңдық қағидасы

«Он үште отау иесі» деп түйсінген бабатаным баласын ертеден атастырып, бесікте жатқанында-ақ құдандалы болып, ұлттың берекесін ұйыстырған. Мұндағы ізгілікті тарқатсақ, таңға дейін әңгіме айтуға болады. Бірақ бүгінгі біздің мақаламыздың ауаны басқа, өзге халықтардың отбасын құрудағы қағидасы қалай екенін бағдарлау. «До свадьбы заживет» яки, тікелей тәржімаласақ «үйлену тойына дейін жазылады» деп ойдым ой тастаған орыс халқының осы нақылында не бар екен?! Жайдан-жай айтылған тіркес болуы мүмкін емес, астарына үңіліп көрейікші...

Иә, бұл жорамалымыз бекер емес екен. Славяндар болашақ келінінің сырқатын байқаса, үйлену тойына дейін емделуін тілейді. Бұл түсінік бізге қораш көрінер, әйтсе де қалыңдықтың шамадан тыс жүдеулігі, денесіндегі болмашы тыртығы әрі бозарған өңі тұрмысқа шыққалы отырған қыздың бағын байлауы мүмкін. Себебі өмірге сәби әкелуден бөлек, ошақ басындағы ауыр жұмыстың бәрін әйел заты істегендіктен, ертең төсек тартып қалса күйеуінің ерлігіне кедергі болуы ықтимал. Дәрігерлер содан да болар, перзенті дертті болса «уайымдамаңыз, бастысы тойға дейін сауығып кетеді» деп ата-ананы жұбатқан.

Үйлену тойына дайындық үш кезеңнен өтеді. Алдымен сөз байласу, одан кейін көрісу, соңында қол алысу. Қалыңдық мінсіз пішінде болу үшін үйдегі ауыр жұмыстан бірнеше ай бұрын босатылады. Күйеужігіттің туыстары болашақ келіндерін көйлексіз тексеруді талап ете алады. Оны ұятқа қалдырмау үшін әдетте монша рәсімін сылтауратып, сараптама жүргізген. Бұл әдет-ғұрып шеңберінен шықпайтын қарекет. Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу әулет үшін ғана емес, ұлт үшін үлкен қуаныш.

Қарапайым шаруа отбасыларында қалыңдықтың пәктігі ешкімді алаңдатпады. Оның үстіне, әйелдің өз баласы болғаны артықшылық болып есептелді. Неге десеңіз, бұл жағдай оның келешекте бала көтере алатынына кепілдік. Қыздың ең үлкен кемшілігі – талдырмаш келгені. Себебі тұрмысы жақсы бола тұра бойжеткен тым арық көрінсе аурудың жанама белгісі бар деген жорамал жасалады. Әрине, бұл түсінік ескі заманның есебі ғана. Тыртықтар, көгерген жерлер немесе безеулер үшін құдалар кінә таққан.

Қалыңдықтың әлеуметтік деңгейіне де байланыс­ты жеке ұғымдар қалыптасты. Мәселен, күйеу­жі­гіт­тің отбасының мәртебесі неғұрлым жоға­ры болса, қыздың денсаулығына қойылатын талаптар да соғұрлым биік болды. Патшайымдардың нәрестелі болу қабілеті – басты міндеттерінің бірі. Себебі тақ мұрагерінің болмауы ел ішінде үлкен толқу туғызуы ғажап емес. Осы ретте тарихтан таған тартсақ.

Патша Михаил Федорович 20 жасқа толғанда, анасы Марфа қыз ұзату тойын ұйымдастырады. Патшайым алдын ала ұлына ауқатты Салтыковтар отбасынан қыз таңдап қойған. Алайда Михаил оған көнбейді, ол тұрмысы төмен болса да Мария Хлопованы жақсы көреді. Үйлену тойына аз уақыт қалғанда шаруа қызы ауырып қалады. Жіберілген дәрігерлерге сілтеме жасаған Салтыковтар патшаға сырқаттың жазылмайтынына сендіріп, тойды тоқ­та­туға шақырады. Сөйтіп, сүйгенін Тобылға жібе­ру­ге көндіреді.

Көп өтпей Михаил Федорович екінші әрекеті де сәтсіз аяқталады. Мария үйлену тойынан кейін қат­ты ауырып, бірнеше аптадан кейін қайтыс бо­лады. Шежірешілер бұл екі жағдайдың да Салтыковтар мен патша анасының тойды бұзу мақсатында ұйым­дас­тырған әрекеті екенін жазады. Ақыры, Михаил шағын шаруа иесінің қызы Евдокия Стреш­не­ваға үйленеді. Евдокия араға жыл салып патша мұрагері Алексейді дүниеге әкелді. Бұл – біз білетін, Ро­ма­нов­тар әулетінің екінші патшасы. Бірақ Алексей Михайлович өз тойы да қалыңдықтың денсаулығына бай­ланысты бұзылған.

18 жастағы тақ мұрагеріне 200 үміткердің іші­нен 6 қыз таңдалды. Алексейге бас киімі ерекше байланған Евфемия Всеволожская ұнады, бірақ патшаның алдына келгенде бойжеткен қобалжып, есінен танып қалады. Сол сәтте патшаның тәрбиешісі Борис Морозов қалыңдық эпилепсиямен ауырады деген қауесет таратып үлгереді. Нәтижесінде, Евфемия мен оның ата-анасы Түменге жер аударылады. Сол уақыттарда әрбір дәрігер той алдында ауырып қалған қызды «үйлену тойына дейін жазыласыз» деп жұбатқан. Бұл сөз тұрақты тіркеске, артынан тарихи мәні бар үлкен ұғымға ие болды.

Суретші Николай Петров осы тақырып аясында 1861 жылы «Қалыңдықпен көрісу» атты ғажайып картина жазды. Ежелгі салт-дәстүрді еске түсіретін шығарма бүгінде ұмытылып бара жатқан мәдени танымның бір белгісі. Бізді де қызықтырған – славян халқының осы рухани дүниетанымы. Кейде ойлайсыз, еншісін бөліп алған екі жастың тірлігі жараспай, екіге айырылып жатқаны ұлттың осындай ұлы дәстүрлерінен маһрұм қалғандығынан болар. Мұның ішінде қазақ халқының да қасіреті менмұндалайды.